вверх
Официальный
интернет-ресурс
Караганды 6°C
Закон РК «О доступе к информации» наиболее важные разделы сайта
Виртуальная приёмная

Отчет акима Актогайского района перед населением

Назад

Ақтоғай ауданының әкімі Н.И.Омархановтың тұрғындармен есепті кездесудегі баяндамасы

Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп

Құрметті аудан тұрғындары!
Міне, тағы бір жылды шығарып салып, жаңа жылға қадам бастық. Өткен 2015 жыл ел өміріндегі маңызды оқиғаларға толы, өңір үшін барлық салалардағы ілгерілеу, оның ішінде өнеркәсіп саласының серпіні бар жыл ретінде тарих қойнауына кетті. Еліміздегі даму процесстеріне жалпы облысымыз, оның ішінде ауданымыздың да қосқан өзіндік үлесі бар.
Қалыптасқан игі дәстүр бойынша өздеріңізге 2015 жылгы аудан бойынша аткарылган жұмыстардын қорытынды есебiн ұсынып отырмын. Біздің жұмысымыздың басты өлшемі – халықтың берер бағасы. Барлық деңгейдегі әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін атқарушы билік пен халық арасындағы ашық диалог ретінде бағалауға болады. Аудан әкімдерінің кездесулері екі жақ үшін де тиімді. Тұрғындар өз сұрақтарына жауап алса, ал билік одан әрі жұмыс жасауы үшін қажетті ақпаратты жинайды. Бірлесіп атқарған жұмыстың оң нәтижелерге алып келетінін уақыт көрсетуде. Аудан басшысы ретiнде мен Сіздерді өткен жылғы ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындыларымен және ағымдағы жылдағы ауданның атқарушы билігінің алдында тұрған жоспар- міндеттерi туралы есебiмдi назарларыңызға ұсынамын. Ауданның проблемалық мәселелері, кешенді мемлекеттік бағдарламаларды орындау шараларын жүзеге асыру үшін өздеріңізге белгілі 2013 жылы 9 блоктан тұратын 2014-2016 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс кешенді бағдарламасы жасалынып, даму бағытымызды айқындап алғандықтан, атқарылған жұмыстар осы бағдарлама аясында өрбіді.
Өткен жыл Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауымен айшықты болды. Бұл Жолдауда да Елбасы жаһандағы жағдайды жіпке тізіп, келесі онжылдықтың мақсат-мүддесін айқындап, егемендік жылдарында қол жеткен табыстарымызды одан әрі еселей түсу тетіктерін анықтап, халқымызды толғандырып отырған барлық мәселелерге жан-жақты жауап берді.
Елбасы өз Жолдауында айтқанындай: "Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар". Бізде заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды реттеп отырамыз. Оған дәлел, өткен жылы жоспарлы жұмыстарымыздан бөлек, көктемгі апатты су тасқыны, жаз-күз мезгіліндегі дала өрттері, қыс маусымындағы боранды, аязды күндер салдарынан ауданымызда төтенше жағдайлар орын алып қосымша жұмыстар жүктелді. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді дана халқымыз. Республиканың қолдауымен, облыстың, ауданымыздың ат үстiндегi басшы азаматтарының қажырлы енбегінің арқасында үйсіз-күйсіз қалған ағайынға жан-жақтан көмек қолы созылып, Қарабұлақ ауылдық округінің Қарасу елді мекенінде, қыстақтарында жалпы заманауи үлгідегі 26 тұрғын үй салынып, суық түспей пайдалануға берілді, бүлінген 17 үйлерді жөндеуге қаржы бөлініп, басқада материалдық көмектер көрсетілді. Су тасқыны зардаптарын жоюға демеушілік көмектерде жасалынды.
Қолда барды ұқсату, қазақша айтқанда «көрпеге қарай көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың теріс ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі. Жолдауда да дағдарыс жағдайында әр теңгенің маңызды екенін ескертіліп, барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізу тапсырылды, яғни бюджет шығындарын оңтайландыру кезек күттірмес мәселе екені айрықша міндеттелінді.

Құрметті қауым!
Ауданның даму қарқыны бірінші кезекте мемлекеттік бюджетке тікелей байланысты екені белгілі.
2015 жылы аудан бюджетіне түскен түсімдер 3 млрд 184 млн 541,0 мың теңге немесе жоспардың 104,8% құрады. Аудан бюджетінің шығыстар жоспары 3 млрд 131 млн 991,9 мың теңге болса, орындалысы 3 млрд 111 млн 021,8 мың теңге, 99,3% -ке орындалды. Бұл жақсы көрсеткіш болып табылады. Маңызды мәселе, аудан бойынша былтырғы жылға еңбекақы, зейнетақы, басқа да төлемдерден қарызымыз жоқ.
Ағымдағы және келесі жылдары аудандық бюджеттен әкімшілік және күрделі шығыстар мейлінше қысқартылып, инвестициялық жобалар дағдарыс қарқыны әлсірегенше тоқтатыла тұрады. Бүгінгі міндет - әлемдік дағдарыстың кері әсеріне бой бермей, аудан халқына бюджеттен төленетін барлық зейнетақы, еңбекақы, әлеуметтік төлемдерді уақытында, тоқтаусыз төленуін қамтамасыз ету. Бұл Президент тапсырмасы!
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 5 институционалдық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 98 ші қадамын іске асыру аясында «Ауылдық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілетін болады.», - деп атап көрсетілген.
Биылғы жылы аталған тапсырмаға сәйкес, өзін-өзі басқару органдарының бюджеті мен меншігін қалыптастыру, ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқаруда ауыл әкімдерінің қаржылық және экономикалық дербестігін арттыру, әлеуетін кеңейту, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешудегі жергілікті қауымдастықтың белсенділігін арттыру, ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейту болып отыр.
Бүгінгі күнде аудан бойынша жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетінің алғы шарттары болып табылатын барлық кент, ауыл, ауылдық округтерде «Жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттары» ауданның қазынашылық бөлімшесінде ашылып, осы шоттарға демеушілердің ерікті алымдары есебінен откен жылы 1044,4 мың теңге қаржы түсіп, 336,0 мың теңгесі жұмсалды, қалған 708,4 мың теңгесі 1.01.2016 ж. есеп шоттарында қалды.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы №195 бұйрығымен бекітілген «Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына трансферттер беру қағидаларының» 2 тармағында 4 түсім түрлеріне түскен түсімдер есебінен трансферт беру көрсетілген.
Атап айтқанда:
- аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аумағында тіркелген жеке тұлғалардың төлем көзінен салық салынбайтын табыстарынан ұсталынатын жеке табыс салығы;
- жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салығы;
- жеке тұлғалардан алынатын, елді мекендер жерлеріне салынатын жер салығы;
- жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық.
Осы аталған 4 түсім түрлерінен түскен қаржылар есебінен 2015 жылдың соңында 20901,0 мың теңге кент, ауыл, ауылдық округтердің «Жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына» (КСН) түсірілді.
Берілген трансферттер есебінен Сарышаған кенті 2002,0 мың теңге, Ақтоғай ауылы 165,0 мың теңге, Шабанбай би ауылдық округі 50,0 мың теңге қаржыны ауылдың қоғамдастық жиынының хаттамалық шешімімен жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге және ауылды көркейту, сәулеттендіру, абаттандыру жұмыстарына жұмсады..
Сонымен қатар, 2016 жылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарына трансферттер беруге 31911,0 мың теңге жоспарланды. Үстіміздегі жылы жергілікті өзін-өзі басқаруға берілетін салық түрлері қосымша 2 салық түрімен, яғни заңды тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық және жер салығымен толықтырылды. Бұл жұмыстар түптеп келгенде 2018 жылдан бастап жергілікті өзін- өзі басқаруға толық көшудің, ауылдық округтер, кент әкімдерінің толық қаржылық экономикалық дербес жұмыс жасауына дайындықтың алғы шарттары болып табылады.
ҚР Бюджет кодексінің тиісті бабына сәйкес әкімдердің жергілікті өзін-өзі басқарудың функцияларын іске асыруға бағытталған кірістер мен шығыстар жоспары жергілікті қоғамдастықтың жиналысымен келісілгеннен кейін 2016 жылғы 1 ақпанға дейін бекітілуі қажет.
Әкімдердің жергілікті өзін-өзі басқару функцияларын іске асыруға бағытталған, бекітілген кірістер мен шығыстар жоспары «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес жүргізіледі.
Экономикалық өсім қарқынына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – ауданға инвестиция тарту. Барлық деңгейдегі басшылар, әкімдер өз кезегінде аймағымыздың инвестициялық әлеуетін арттыру үшін мүмкіндігімізді барынша пайдаланулары керек.


Былтырғы жылы Индустриаландыру картасы аясында ашылған құны 21,5 млрд теңге «Алтыналмас АҚ» алтын өндіру кәсіпорыны ауданға зор көмегін тигізді. Аталған кәсіпорын 2015 жылдың 11 айында 2119 кг алтын, күміс шығарып, 16567,9 млн. теңгенің өнімін өндірді немесе жалпы аудан өнеркәсіп өндірісінің 88,5% құрады. Жалпы откен жылы кәсіпорын бюджетке 544 млн тенге аударса, оның
343 млн теңгесі аудан бюджетіне түсіп, көптеген проблемаларымызды шешуге мүмкіндік берді. Қәзіргі уақытта кәсіпорында 450 адам жұмыс істеуде, оның ішіндегі 29 жасқа дейінгі жастар саны 110. Ауданнан 40 адам жұмыс істеуде.

2014 жылы да индустрияландыру картасына «AZURIT-TC» кәсіпорыны «Борлы» кен орнындағы мысты өңдеу» жобасы Үдемелі Индустриялық-инновациялық дамудың облыстық Үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, мақұлданды. Бүгінгі күні Республикалық Үйлестіру кеңесінде қаралуда. Жобаның жалпы құны 28,2 млрд. тенге. (2015 ж. 1$188теңге) Жоба 2014-2037 жылдар аралығында іске асырылып, қуаттылығына 2019 жылы шыққан соң, жылына 3000 тонна мысты катод, 125 мың тонна молибденды-мыс концентратын өндіру жобалануда. Бұл жобада да 500 жаңа жұмыс орны қосымша ашылады деп күтілуде.
«Борлы» кен-орнында 2015 жылдың кыркүйек айынан бастап Ирандық инвесторлар келіп жұмыстарды бастады.
- Трассадан кен орнына дейін 8 км көтерме жол салу жұмыстары жүргізіліп, 69,0 млн теңге (250 мың доллар) ақша қаражатын салды.
- Карьерден үйіндіге дейін 2 км көтерме жол салынды.
- 8000 м3 көлемді дренажды тоған жасалды.
- Карьерді аршу және тау-кен жұмыстары жүргізілуде. 22 мың м3 кен өндірді және үйіндіге 20 мың м3-тан астам қалдық шығарылды.
Сонымен бірге алдағы болашақта «Ақтоғай мыс» Долинная кен орны, «Ұлытау-К» Тесіктас кен орыны, «Балқаш-Сарышаған», Керегетас, Қасқырқазқан кен орындарын зерттеу сияқты ірі жобалар тұр. Бұл жобалар да "Алтын Алмастан" кем болмайды деген болжам бар.
Жоғарыда айтып өткенімдей, өнеркәсіп саласында 2015 жылдың 11 айында өнім өндіру көлемі 18,5 млрд теңгеге жетіп, өсім 2014 жылдан 10 есеге артты (1006,7 %), бұл, жалпы өнеркәсіп өнімінің аудан бойынша 88,5%, облыстық көрсеткіштің 2 пайызы.
Аудан бойынша 2015 жылдың 11 айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 5890,5 млн. теңгені құрап, 2014 жылмен (18228,6 млн. теңге) салыстырғанда 32,3%-ды құрады. 2014 жылғы жоғары болуы «Алтын Алмас» АҚ есебінен болған. Алайда есепті жылға бекітілген жоспар 5100,0 млн. теңге, немесе 115,5 % орындалып, жоспардан тыс 790,5 млн. теңгенің инвестициясы тартылды.
Аудан экономикасы негізінен ауыл шаруашылығы саласына бағытталғандықтан, бұл салаға кеңірек талдау жасаған дұрыс деп ойлаймын. Жалпы сала бойынша даму динамикасы бар, шартты мал басы 74 079 мыңды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 105 %-ға өсіп отыр. Оның ішінде ірі қара - 45461 бас (102,3 %), қой-ешкі -121536 бас (90,5 %), жылқы - 19986 бас (109,7 %), түйе 531 бас (100 %), құс 18442 бас (102,2 %) болып есептелді. Ал, 2015 жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы саласында өндірілген өнім 9405,9 млн теңгеге жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда (8975,3 млн теңге) 104,7 % өсті.
Аудан бойынша мал шаруашылығы саласы бойынша оның өнімділігін және сапасын арттыру мақсатында 2015 жылы асыл тұқымды малдармен жұмыс бірыңғай ақпараттық базасына тіркелген 132 шаруа қожалығы асыл тұқымды 204 аталық ірі қара малын сатып әкелді. 172,9 млн теңге ірі қара малымен селекциялық жұмыстар жүргізуге, 40,3 млн теңге асыл тұқымды ірі қара малын, 1,8 млн теңге асыл тұқымды қой малын, 1,8 млн теңге асыл тұқымды жылқы малын сатып алуға, 11,9 млн тенге қой селекциясына, 15,1 млн теңге қой етіне, 1,4 млн тенге жылқы етіне субсидия алынды. Мал тұқымын асылдандыруда Қараменде би ауылдық округінде орналасқан «Нұршат» шаруа қожалығы - 166 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырының 80 басын, Шабанбай би ауылдық округінде орналасқан «Кәрім» шаруа қожалығы - 234 бастың 82 басын Мемлекеттік Палатаға тіркетіп «Асыл тұқымды» мәртебесін алды.
2016 жылы «Нұршат» ш/қ - 20 бас, «Кәрім» ш/қ - 20 бас қазақтың ақбас тұқымды бұқашықтарын бағалаудан өткізіп, тіркетіп, сұранымға сәйкес сататын болады. Қарабұлақ а/о орналасқан «Сәрсенбек» ш/қ-342 бас, «Думан» ш/қ- 365 бас, Тораңғалық а/о «Алтын МирасАгро» -103 бас ірі қара малдарын бағалаудан (бонитировка) өткізіп, қазақтың ақбас тұқымды сиырларын Мемлекеттік Палатаға тіркетіп, «Асыл тұқымды» мәртебесін алуға құжаттарын дайындауда.
Сонымен бірге, өткен 2015 жылы мал тұқымын асылдандыру жұмыстары аудан көлемінде:
- Жидебай ауылдық округі «Қызылтас» ш/қ - 4 бас аталық бұқа, 142 бас құнажын қырдың қызыл тұқымын Ресей мемлекетінен;
- Нүркен ауылдық округі «Атажолы» ш/қ - 2 бас аталық бұқа, 58 бас құнажын қазақтың ақбас тұқымын Солтүстік Қазақстан облысынан;
- Тораңғалық ауылдық округі - «АлтынМирасАгро» ЖШС 7 бас аталық бұқа, 48 бас құнажын қазақтың ақбас тұқымын Шет ауданынан;
- Ортадересін ауылдық округі «Бектау» ш/қ - 30 бас қазақтың ақбас тұқымды;
- Шабанбай би ауылдық округі «Нұрсәт» ш/қ - 20 бас жабы тұқымды жылқы әкелініп, құжаттары рәсімделіп, дерекқорға енгізілді.
“Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру” бағдарламасына сәйкес аудан бойынша 154 бас ірі қара сойыс салмақта 23,4 тонна көлемінде ет өткізіліп, жоспар 34%-ға орындалды. Бұл төмен көрсеткіш! Абай ауылдық округінен: «Жапекен» шаруа қожалығы 1,6 тонна, «Нұрлан» шаруа қожалығы 1,4 тонна, Шабанбай би ауылдық округі: «Ержан» шаруа қожалығы 2,6 тонна, «Жіңішке» шаруа қожалығы 4,2 тонна, «Атамекен» шаруа қожалығы 2,4 тонна. Сарытерек ауылдық округінен: «Әлібек» шаруа қожалығы 3,8 тонна, «Төлеутай» шаруа қожалығы 0,540 тонна. Жидебай ауылдық округінен «Сұржал» шаруа қожалығы 5,4 тонна ет өткізді. Қалған ауылдық округтер бірде-бір бас мал өткізген жоқ, яғни тиісті ауыл әкімдері тиімді жұмыс атқара алмады! 2016 жылы сыннан қорытынды шығару керек.
Өткен екі жылдағы малды қолдан ұрықтандыру жұмыстары мардымсыз болды. (2014 ж- 286 бас, 2015 ж - 360 бас).


Ақтоғай - 40 бас, Сарытерек а/о - 40 бас, Шабанбай би а/о - 40 бас, Қусақ а/о -41 бас, Нүркен а/о - 37 бас, Сарышаған - 40 бас, Қараменде би а/о - 42 бас, Шашубай - 8 бас, Жидебай а/о - 40 бас, Қарабұлақ а/о - 32 бас Барлығы 360 бас.

Сондықтан биылғы жылы Нүркен, Шабанбай би ауылдық округтерінде тұрғындардың ынтасын қолдай отырып, жеке шара жасап, қоғамдық ірі қара табындарына асыл тұқымды бұқалар қосып халықтың малын асылдандыру жұмыстары жоспарлануда. Осы арқылы басқа ауыл тұрғындарына үлгі көрсету мақсаты тұр. Жалпы 2016 жылы ірі қара малын қолдан ұрықтандыруға жан-жақты жұмыс жүргізілу керек. Ауылдың әкімдерімен және мамандарына шаруа қожалықтар жетекшілері мен жеке қосалқы шаруашылықтардың мал иелерімен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әрқайсынан өтініш алып, сол арқылы жоспарлар жасап, жұмыс жасауға тапсырмалар берілді. Алдағы жылға аудан бойынша барлығы 2000 бас ірі қара малдарын әрбір ауыл орталықтарында қолдан ұрықтандыру жұмыстарын жүргізу қажет!


- Нүркен а/о «Рахмет» ш/қ -120 бас, «Аян» ш/қ-170 бас, «Нұрасыл» ш/қ - 60 бас;
- Қусақ а/о - «Рахат» ш/қ - 50 бас;
- Тораңғалық а/о - «АлтынМирас Агро» ЖШС - 40 бас;
- Шабанбай би а/о - «Жіңішке» ш/қ -150 бас, «Нұрсәт» ш/қ - 220 бас, «Нұр» ш/қ - 240 бас;
- Қарабұлақ а/о «Сәрсенбек» ш/қ - 50 бас, «Думан» ш/қ - 50 бас Жеке аулалар - 650 бас.

Ол үшін облыстағы малды қолмен ұрықтандыруды жүргізетін «Скобарь» дистрибютерлік орталығымен келісіп ұрықтандырушы-осеменатор 10 адамды аудан орталығында оқытуды тиісті бөлімдер ұйымдастыруға міндетті.
Бүгінгі күнге 5 шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 28 млн 400 мың теңге, «Құлан» бағдарламасы арқылы 1 шаруа қожалығы 14 млн теңге, «Ақтоғай» несие серіктестігінің бағдарламасы бойынша 4 шаруа қожалығы 16 млн теңге несие алды. «Алтын асық» бағдарламасы 235 %, «Құлан» бағдарламасы 175%, «Сыбаға» бағдарламасы 94%-ға орындалып отыр.
2015 жылы ауданның ауылшаруашылығын қолдауға мал шаруашылығы саласы бойынша, оның өнімділігін және сапасын арттыру мақсатында 136 шаруа қожалығына 262 млн теңгеге субсидия төленді. Бұл да жаман көрсеткіш емес, бірақ субсидияға қолжетімділік мүмкіндігі бар шаруа қожалықтарының небәрі 12 % болуы алаңдайтын жағдай, яғни бұл салада тиісті аудан әкімі орынбасары мен ауыл әкімдерінен сауатты да жауапты жұмыс жасау талап етіледі.
Өз кезегінде, Үкіметтен субсидия алып отырған шаруа қожалықтары да әр тиынның сұрауы болатынын сезініп, жауапкершілікті күшейту үшін аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мен ауылдық округ әкімдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау қажет.
Өткен жылы аудан көлемінде жұқпалы ауруларға қарсы ауыл шаруашылық жануарларын егуге вакциналар облыс, аудан көлемінде Ветеринария бөлімінің құрылуына байланысты кешігіп келсе де, егу іс-шаралары мамыр айынан бастап жүргізіліп, жоспарланған жұмыстар жыл көлемінде толық атқарылып, аяқталды. Бруцеллез ауруына серологиялық зерттеудің жылдық жоспардың орындалғаны ІҚМ - 49 777 бас 100%, қой–ешкі -162 446 бас 1 қарашаға дейін жылдық жоспар толық 100 пайызға орындалды. Қалған мал түліктері бойынша да жоспар толық орындалған.
Бруцеллез 12 елді мекенде 239 ірі қара басқа, 7 елді мекенде 177 бас қой-ешкі оң нәтиже берген. Бруцеллез ауруына мал басының көп анықталған ауылдық округтер:
- ірі қара мал бойынша Ақтоғай ауылында 65 бас , Сарытерек а/о 49 бас, Қызыларай а/о 43 бас, Нүркен а/о 18 бас, Шабанбай би а/о 16 бас, Қараменде би а/о 15 бас;
- ұсақ мал бойынша Айыртас а/о - 121 бас, Абай а/о - 24 бас, Сарытерек а/о -12 бас. Жалпы аудан бойынша жұқпалы аурулар біршама төмендегенімен, ветеринария саласында атқаратын жұмыстар ауқымы үлкен!
Залалсыздандыру жұмыстары ауру шыққан ошақтарға толығымен жүргізілді. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрінің бұйрығына сәйкес 106 бас ірі қара, 148 бас ұсақ бруцеллез малдар Теміртау қаласының жеке кәсіпкер «Малярова» кәсіпорыны мен Ақтоғай ауданында орналасқан «Жібек жолы» мал сою алаңының жетекшісі Д.Тусупбаевпен келісім-шартқа отырып, ауру малдарға 8 561 465 теңге өтемақы төленді. Қалған 133 бас ірі қара, 29 бас ұсақ мал Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының талаптарына сәйкес шексіз пайдалануға жіберілді.
Аудан көлемінде жоспардан тыс аусыл структурасына зерттеу жүргізуге - Қазақ ғылыми зерттеу ветеринария институты және Қарағанды ғылыми зерттеу ветеринариялық станциясы лабораториясының мамандарының қатысумен 1 апта көлемінде Ақтоғай, Абай, Қызыларай, Қараменде би, Сарытерек, Тасарал, Жидебай ауылдық округтері мен Сарышаған кентінде 539 бас ірі қара, 200 бас ұсақ мал, барлығы 739 бас малдан қан алынып, жұмыстар жүргізілді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары аудан бойынша 17021 бас ірі қараға немесе 104 %, 75363 бас қой –ешкіге немесе 100 %, 39 бас түйеге немесе 100%, 36 бас шошқаға немесе 100%, 6364 бас жылқыға немесе 102% орындалды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрінің бұйрығына сәйкес, ауыл шаруашылық малдарын бірдейлендіру үшін мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оны ауданның ветеринариялық станциясының ветеринар дәрігерлері жүргізеді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сай барлық бірдейленген мал түліктері вебпорталға енгізілді.
Ірі қара және қой-ешкі малының сырғаларының болмауына байланысты, жыл ішінде татуировка салатын аппараттың 14 данасы (чипцы) алынып, малдарды бірдейлендіру жұмыстарына ауылдық округтер бойынша таратылып, беріліп, жұмыстар жүргізілді. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге бөлінген мемлекеттік бюджет есебінен ірі қара малының ветпаспорт құны 408 504 теңге, ұсақ мүйізді малға - 15360 теңге, түйе малына 936 теңге, шошқа малына - 24 теңге, жылқы малына - 152 736 теңге, жылқы малына микрочип құны - 1 518 196 теңге толығымен 100 пайыз бюджетке қайтарылып орындалды. Дей тұрғанмен, атқарылған жұмыстар үлкен қиындықтармен жүргізілді. Бұл жерде көптеген шаруа қожалық басшыларының жауапсыздығы, Заң бұзушылыққа жол берулері бөгет болса, оларға Заңға сәйкес талап қоя алмаған, әкімшілік шара қолдана алмаған, ағайындық пен жершілдікке жол берген ветеринария саласы басшы мамандары, олардан тиісті жауапкершілік сұрамаған сала басшылары кінәлі.! Алдағы уақытта ветеринария туралы Заң талаптарын қатаң сақтау әркімге де міндет болуы керек, себебі бұл жауапсыздықты көтере алмайтын өте қауіпті сала.
«Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ережесіне сәйкес аудан әкімінің өкімімен ауыл шаруашылығы жануарларының нақты саны мен ауыл шаруашылығы кітабы бойынша базадағы мал бастарын сәйкестендіру жұмысын 2015 жылдың 27 қарашасынан бастап, 31 желтоқсан аралығында ірі қара малының 14313 бас, ұсақ қой-ешкі малының 99914 бас, түйе малының 29 бас малдар есептен шығарылды. Бұл мал бастары 2009 жылдарда дерекқор базасына енгізіліп, биылғы жылға дейін дерекқор базасынан шығарылмаған.
Ауданға республикалық бюджет есебінен 2013 жылы алынған биологиялық және органикалық қалдықтарды, кішігірім мал өлекселерін жоюға арналған құны - 2 016 000 теңге тұратын инсинератордың (крематор пеші) барлық құжаттары рәсімделіп, аудандық ветеринариялық станцияның теңгеріміне берілді. Ақтоғай ауылындағы мал қорымының жанынан осы, инсинератор пешті іске қосып, толық пайдалануға орналастырылды. Маңайы заң талаптарына сай қоршалып, ішіне маман отыратын арнайы дүңгіршек (будка) қойылды, бүгінгі күні жұмыс жасап тұр.
Сібір жарасы көмілген нақты орындарды айқындау мақсатында, аудан әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобы аудан бойынша 7 (жеті) сібір жарасы көмінділері (Ақтоғай аулы - 1, Жидебай а/о - 2, Сарытерек а/о - 2, Қусақ а/о - 1, Қарабұлақ а/о - 1, Балқаш қаласында - 1) орналасқан жерлерін анықтады. Табылған сібір жарасы көміндерілерінің топырақтарынан сынамалар алынып, «Қарағанды облыстық ұлттық сараптама орталығына» тапсырылған, зерттеу қорытындысы теріс нәтиже көрсетті, бірақ биылғы жылы орындары қоршалып, арнайы ескерту белгілері қойылу керек.
Ветеринариялық пунктерді интернет байланысымен қамту мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-ның Балқаш аймақтық филиалымен келісім-шартқа отырылып, 11 ауылдық округке интернет байланыс орнатылды. Кежек, Қызыларай, Шабанбай би, Қусақ, Қарабұлақ, Тасарал ауылдық округтерге Қарағанды қаласындағы «АSTEL» фирмасына жергілікті бюджеттен 1 млн 500 мың теңге қаржы қарастырылып, спутниктік байланыс тарелкасы орнатылып, бүгінгі күні барлық ауылдық округтер интернет байланысымен толығымен қамтылды.
Ауданның 17 ауылдық округінің 8-де мал қорымдары бар. Оның екеуі қарапайым түрде Сарытерек, Шабанбай би ауылдық округтерінде салынған. Нүркен, Қусақ, Қызыларай, Ақтоғай, Жидебай, Қарабұлақ ауылдық округтерінде типтік негізде салынған. Мал қорымдарының алтауы ауданның ветеринариялық станция мекемесінің балансына берілген. Алдағы жылдары Сарытерек, Шабанбай би ауылдық округтерінде типтік негізде мал қорымын салу жоспарлануда, биыл жобалау құжаттарына қаржы болінді.
Қазіргі уақытта 9 ауылдық округте (Нүркен, Ақтоғай, Ортадересін, Шабанбай би, Қараменде Би, Қызыларай, Сарытерек, Қарабұлақ, Тасарал) 11 мал сою алаңы бар. Оның жетеуі бүгінгі күні жұмыс жасап тұр, бірақ жұмыстары әлі де тиімді емес. Ауылдық округте орналасқан мал сою алаңына ветеринар дәрігерлер бекітілген. Аудан тұрғындарына ескертеміз:- 2016 жылдан бастап арнайы мал сою орындарында сойылмаған малдарға ветеринарлық құжаттар берілмейтін болады, бұл Заң талабы. Сондықтан арнайы мал сою орындары әрбір ауылдық округте болуы міндетті. Орындалысына жергілікті әкімдер мен ветеринария мамандары дербес жауапты болады.
Ауданда мал басы өсімі байқалғандықтан, 2014 жылдан қалған 60 мың тонна қалдық шөпті қосқанда 2015 жылы барлығы 270 мың тонна табиғи шөп дайындалды. Қыс мезгілінде ауылшаруашылық малдарын құнарлы азықпен қамтамасыз ету үшін 2500 тонна жем қоры жинақталды.
Бірақ біздің ауданда, әсіресе тұрғындарды шөппен қамтамасыз етуде көптеген қиыншылықтар әлі кездесуде - қолдарында техника жоқ, шөп шығымы төмен, кеш дайындалған азық сапасы нашар т.б. Бұл мәселені де жан-жақты ойланып шешу жолдарын табу керек, оның бipден - бip жолы ауданда бос жатқан шаруа қожалықтары иелiктерiндегi 52 мың гектар көпжылдық шөп алқаптарын біртіндеп жаңғырту болып табылады. Аудан көлеміндегі 11 мың гектар егістік, 64 мың түбірінен жақсартылған жайылымдық жерлердің 5218 гектар егістігі, 58 мың гектар түбірінен жақсартылған жайылымдық жерлер шаруа қожалықтарының иелігінде.
Сондықтан, әрбір ауылдық округте 2020 жылға шаруа қожалықтары кесімінде жерді ұтымды пайдаланудың арнайы іс шаралар жоспарын жасап, жұмыс жүргізу керек.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бес институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарындағы 35 және 36 қадамында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану мақсатында нарықтық айналымға енгізу, ауылшаруашылығы жерлерін пайдалануына тұрақты мониторингі жүргізу қажет және барлық пайдаланбай отырған алқаптарды болашақта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға өткізу талаптары қойылған.
2015 жылы ауылшаруашылығы жерлерін айналымға енгізу жоспары 72 000 га болса, орындалысы – 120 000 га (166%).
Айналымға енгізу, түгендеу жұмыстары 2016-2018 жылдары белгіленген жоспар бойынша жалғасады. Пайданылмай жатқан ауылшаруашылығы жерлерін кері қайтарып ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне беру мақсатында, аудан бойынша жерлерін өз мақсатында пайдаланбай отырған 12 нысан анықталып, құжаттары облыстық «жердің қорғалуы мен пайдаланылуын бақылау» инспекциясына тексеру үшін жіберілді. Нәтижесінде аудан бойынша 10 шаруа қожалығы басшыларына ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 338 бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, ірі көлемде 80-88 мың теңге көлемінде айыппұлдар салынды.
ҚР Жер кодексінің 92-94 баптарына сәйкес өз мақсатында пайданылмаған жер телімдері құзырлы органдардың ұсынысымен сот арқылы кері қайтарылатын болады. Жер заңнамасын бұзған пайдаланушылар алдағы уақытта жергілікті баспасөз беттерінде жүйелі түрде жарияланатын болады.

Аудан бойынша 2016-2018 жылдарға арналып егістікке жарамды және суармалы жерлерді игеру жоспары жасалып, облыстық жер қатынастары басқармасына ұсынылды. Игерілмей жаткан ескі аңыздарға мал азығының берік қорын жасау мақсатында көпжылдық житняк (еркек шөп) шөп тұқымын егу жоспарланған. 2016-2017 жылдарға 25 шаруа қожалығынан 3150 га жерге көп жылдық шөп тұқымдарын (житняк аралас) егуге сұраныс берген.
Күзгі егін орағында 900 гектар дәнді – дақылдан орташа есеппен 7,0 центнерден 630 тонна астық жиналды. Жаз айларында ылғал жетіспеуінен Қызыларай ауылдық округі «Арай» шаруа қожалығын 200 гектар дәнді – дақыл егістігі есептен шығарылды. Қарқаралыдағы сақтандыру қоры арқылы тиісті төлемақысы төленді. Сонымен қатар шаруа қожалықтарының еккен 67 гектар картоп алқабынан әр гектарынан 200 центнерден 1340 тонна, көкөністен әр гектарынан 225 центнерден 1244 тонна өнім алынды.
2016 жылы шаруа қожалықтары бойынша егіс көлемі 10%-ға көбейтіліп 1210 гектар жерге дәнді-дақыл, оның ішінде 670 гектар жерге бидай, 540 гектар жерге арпа себіледі және 73 гектарға картоп, 60 гектарға көкөніс, 2000 гектар жерге көпжылдық шөп егу жоспарланды, негізі шаруалар бидай алқабын мейлінше азайтып, жемдік дақылдарға (арпа, сұлы) ауысқандары тиімді болмақ. Нүркен ауылдық округінде «Ата жолы» шаруа қожалығы 200 гектар жерді жаңбырлатып суару технологиясын қолдануға жұмыс жасауда. Жердің балл бонитетінің (құнарлығы) төмендігінен (5-8 балл) өсімдік шаруашылығымен айналысуға ниет білдірушілер аз. Соған қарамастан сырттан отбасылы маман адамдарды келісім шартпен шақырып 1 шаруа қожалығына бекіту арқылы көкөніс, бау бақша жұмыстарын дамыту жөнінде тапсырма берілді. Биылғы жоспар пайдаланылмай жатқан 2000 га егістік жерлерге көпжылдық шөп қоспаларын егу сияқты жұмыстарды атқару міндеті тұр.
2015 жылы 25 шаруа қожалығы 31 тонна тұқымға сұраныс берді. Бүгінге күнге Қараменде би ауылдық округіндегі 2 шаруа қожалығы 3 тонна, Нүркен ауылдық округіндегі 1 шаруа қожалығы 2 тонна, барлығы 5 тонна тұқым алынды. Қалған ауылдық округтерге КНИИРС-те сақтаулы тұрған 16 тонна көпжылдық шөптің тұқымын тездетіп алу жөнінде ескертіледі.
Ауданда өсімдік шаруашылығында «КНИИРС» ғылыми зерттеу институтымен Кежек ауылдық округіне қарасты «Ақтоғай Мал Өнімдері» серіктестігі 400 га жерге өңдеу жұмыстарын жүргізуге келісім-шартқа отырып жоғары сапалы жаңа техникаларды (Джон Дир) қуатты тракторын, дискатор тіркемесін пайдаланып өңдеу жұмыстарын жүргізді. Биылғы жылы бұл жерден гектарына 12 центнерден 500 тоннаға жуық құнарлы сапалы шөп алынды.
Сапалы жем-шөп базасын нығайту мақсатында «Ақтоғай Мал Өнімдері» серіктестігі «КНИИРС»-пен бірігіп инвест жобалар дайындап ұсынуды қолға алуда.
Аудан бойынша барлығы 584-трактор, 507-трактор тіркемесі, 35-астық жинайтын комбайн, 36-жол құрылыс және 2-қарда тазалағыш техникасы ЕАСУ (единая аналитическая система управления) - бағдарламасына тіркелген. Осы жоғарыда көрсетілген ауыл шаруашылығы техникаларының 92%-ы тозығы жеткен. Жылдық ауылшаруашылық техникаларды техникалық байқаудан өткізу кезінде 30%-ы ауылшаруашылық техникалары әрі қарай пайдалануға жарамсыз екендігі анықталды. Сондықтан шаруа қожалықтары үкімет тарапынан беріліп отырған қолдауды мейлінше тиімді пайдаланып машина- трактор паркін жаңартып алуға жұмыс жасаулары керек .
Дала жұмыстарына қажетті ауылшаруашылығы техникаларын жаңартуға инвест жоба ретінде «ҚазАгроҚаржы» қоғамы арқылы 2014-2015 жылдары 35 доңғалақты трактор, 3 рулонды пресс, 1 трактор тіркемесі 144 млн 759 мың теңгеге сатып алынды. Бұның ішінде өз қаржысы есебінен 11 трактор, 1 рулонды пресс алынды. Жыл басынан тіркеу, қайта тіркеу бойынша 27 трактор тіркеуге алынып, заңды құжаттары беріліп, 7 трактор жүргізушілігі куәлігі айырбасталынып бюджетке 100 мың 600 теңге ақша түсірілді.
2014 – 2015 жылдары аудан бойынша барлығы жаңадан алынған 35 доңғалақты трактордың 8-і Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес 50 пайыздық жеңілдіктермен алынды. Бұл әрине өте аз! Ағымдағы жылы 9 шаруа қожалығы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы арқылы лизингке 9 трактор алуға құжаттарын дайындады, алайда бұл алынған техникалар пайызбен шаққанда өте төмен, нақты қажетті техниканың 6,5%-ы ғана құрайды. Бұрынғы жылдарға қарағанда техникалардың көптеп алынуына 50% құнын өтеу жеңілдік субсидиясы жақсы әсер етті.
Аудандық өсімдік шаруашылығын дамытудағы тағы бір шара ол, жайылымдарды суландыру жұмыстары. Бүгінгі күнге ауданның шаруа қожалықтарында 451 құдық бар осы құдықтардың бәрі тозған, күрделі жөндеуді талап етеді. 2015 жылы 4 құдық (ұнғыма) «Гидрогеология» мекемесі арқылы қазылып, бұрғыланып пайдалануға берілді. Олар Нүркен ауылдық округіндегі «Ата жолы» шаруа қожалығы – 1 құдық 1 млн теңгеге, Жидебай ауылдық округіндегі «Толыбай» шаруа қожалығы – 1 құдық 650 мың теңгеге, Жидебай ауылдық округіндегі «Тәуекел» шаруа қожалығы – 1 құдық 650 мың теңгеге, Шабанбай би ауылдық округіндегі «Ержан» шаруа қожалығы – 1 құдық 870 мың теңгеге қаздырды. Келесі жылға 12 құдық қаздыруға 4 ауылдық округтен сұраныс түсіп отыр. Бұл жұмыстар жалғасын табатын болады. Бұл шаруаны шешуге де мемлекет беріп отырған 80 % жеңілдікті пайдаланып қалу керек.
Ауданда қыстақтарды күн сәулесінен энергия алатын қондырғылармен, 50%- дық жеңілдікпен ауыл шаруашылық тауар өңдірушілерді қамтамасыз ету әлі де жеткіліксіз. Бүгінгі күні осындай қондырғы «KZ Solar» кәсіпорны арқылы Шабанбай би ауылдық округіндегі 3 шаруа қожалығы, Абай ауылдық округіндегі 2 шаруа қожалығы, Ортадересін ауылдық округіндегі 1 шаруа қожалығына орнатылған. Аудан бойынша 283 қыстақтың 86-на ғана электр жүйесі тартылған. Қалған шалғайдағы 197 қыстақ жарықсыз отыр. Сондықтан әрбір әкім аймағындағы шаруа қожалықтармен жұмыстар жүргізіп, мемлекет тарапынан беріліп отырған жеңілдіктерді толық пайдалануы қажет. Бұл жұмыстарға да үкіметтің 50 % жеңілдігі қарастырылған. Биылғы жылға да бюджеттен тағы екі қондырғыларға қаржы бөлініп отыр, тағыда сұраныс беріңіздер, мүмкіндікті пайдаланыңыздар.
Өзеріңіз байқап отырғандай мемлекет шалғайда жатқан шаруа адамдарына қыруар қаржылай қолдауын жасап отыр. Ал біздің шаруа қожалықтары осындай қамқорлыққа сай, әлеуметтік жауапкершіліктерін сезініп, өз мәнінде "Алаған қолым береген" дегендей қайтарым жасап отырма деген сұрақ та туындайды. Бұл мәселеде кемшіліктер бар! Көп шаруалар әліде болса жаңашылыққа бет бұра алмай, нарыққа бейімделе алмай, не мойындағысы келмей, әліде болса кеңес үкіметі кезіндей "өкімет өлтірмейді" деген ескі сарынмен жүр. Мысалға өздеріне ұзақ мерзімге бекітілген меншік жерлерін күтпейді, баптамайды, аяусыз пайдаланады, бір жыл бүлінген жердің ондаған жыл қалпына келмейтінін ойламайды! Сол жер арқылы бала шағасын асырап отырғанын тағы ойламайды! Алты ай жаз жерлері өртенеді, шара қолданбайды, әкімдер келіп өшірсін деп шағымданып жүреді! Өртенген жерді өшіруге ең болмаса қарапайым құралдары да болмайды, трактор, басқа техникаларын айтпағанда. Жаз шығып күн жылынғаннан кейін ешкімді танымайды, ал боран болып, жол болмаса, ескерткенге қарамастан жолға шығып адасса да, су тасыса, жем шөп таусылса, тіпті телефоны істемей қалсада бізді ешкім керек қылмайды, көмек керек деп шыға келеді! Ал билік тарапынан жаңа технологияға көш, бейнетіңді азайт, үкімет қамқорлығын пайдалан, инвест жобаға жұмыс жаса, бірігіп жұмыс жасаңдар, етке мал өткіз, жеңілдікпен техникаңды жаңала, жеріңді суландыр, құдық қаздырып ал, малыңнын тұқымын жақсарт, қыстағынды жарықтандыр, қарамағындағы жұмыскерге жағдай жаса, енбегін жеме, малыңды емдет, сырға салдыр, дұрыс есебін жүргіз деген мәселелерге мойын ұсынғылары келмейді, яғни ең бірінші тәртіп жоқ, екіншіден жауапкершілік төмен! Жаңалыққа қызығушылық танытып, алға ұмтылу керек . Бір жыл болды әкімдердің есеп шотына бірде бір шаруашылық бір тиын демеушілік көмек көрсеткен жоқ, қатерлі су тасқынынан да сырт қалды. Мысалға осы таяу арада болған қатты боранда бір де бір шаруа иесі, ең болмаса әкіміне келіп не көмек керек деп селт етпеген жағдайды көріп қынжылдық, Осының бәріне астында мінетін көлігіде жоқ жалғыз ауыл әкімі, 4-5 маман не істейді? Сондықтан ауыл азаматтарының атқарар шаруасы шаш етектен, жүйелі түрде, нарыққа ыңғайлана отырып, қатаң өндірістік тәртіп сақтай отырып, әлеуметтік жауапкершілікті сезініп бірлесе жұмыс жасайтын уақыт келді деп есептеймін! Өйткені заман бұлай тұра бермейді, талап күшейеді, судың да бір сұрауы болады!.
Аудан экономикасы келешекте тек өнеркәсіп кәсіпорындары мен ауылшаруашылығына ғана тәуелді болмас үшін біз шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай туғызып, қолдау көрсетуіміз қажет. 2015 жылдың қорытындысы бойынша аудан көлемінде 1034 бизнес субъектілері жұмыс жасап, 4231,2 млн. теңге көлемінде өз өнімдерін өндірді. 2014 жылмен (4088,5) салыстырғанда 103,5% құрап отыр.
Ауданымызда 2015 жылы 15 әлеуметтік нысан ашылып, жұмсалған қаражат 94,600 млн. теңгені құрады, оның ішінде: 1 тойхана, 1 авто кешен, 1 монша-сауықтыру қызметі, 2 дүкен, 1 аудан орталығында заманауи қонақ үй, 1 тұрмыстық кешен (ағаш өңдеу цехы, азық-түлік сататын бөлімше) Шашубай кентінен, 1 шағын наубайхана Жидебай, 1 шағын кірпіш құю цехы, 1 көліктер мен ауылшаруашылық техникаларын жөндеу қызметтерін одан әрі дамыту Қарабұлақ, 1 шағын наубайхана Абай, 1 аяқ киім жөндеу шеберханасы, 1 көлік жөндеу орталығы, 1 шаштараз, 1 жылыжай Сарытерек ауылдық округтерінен ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Осы әлеуметтік нысандар бойынша 28 жаңа жұмыс орыны ашылды.
Ауыл жастары арасында кәсіпкерлікті дамытуға және қолдауға арналған аудан әкімінің грантына аудандық бюджеттен 7,0 млн.теңге қаржы бөлініп, 1 ауыл, 7 ауылдық округ бойынша 14 кәсіпкер әр түрлі саладан жеңімпаз болып табылып, аудандық кірістер басқармасында салық төлеуші ретінде тіркелген, әр түрлі кәсіппен айналысуда.
«Ақтоғай» несие серіктестігі» серіктестігінен 86 млн. 110 мың теңге несие 17 шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлерге берілді. Осы берілген несие ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға, мал басын көбейтуге, ауылдағы жұмыссыздықты жоюға мүмкіндіктер туғызды.


Нүркен-1 ш/қ -11млн. 600 мың. теңге,
Ақтоғай-3 жк – 8 млн.860 мың теңге,
Жидебай - 3 ш/қ – 12 млн. 100 мың теңге,
Қараменде – 3 ш/қ- 5 млн. 250 мың теңге,
Қызыларай – 3 ш/қ – 21 млн. 600 мың теңге,
Сарытерек – 2 ш/қ – 8 млн. 100 мың теңге,
Шабанбай би – 1ш/қ – 7 млн. теңге,
Қарабұлақ 1 ш/қ - 11 млн. 600 мың тенге.

7 елді мекенде 8 жылы жай ашылып, 13 адам жұмыспен қамтылып отыр. Шашубай кентінде 2015 жылы ЖК «Турутин» 30 млн теңгеге өз қаражаты есебінен 0,12 мың га жерге жылыжай ашып, 6 адамды жұмыспен қамтыды. 15 тонна өз өнімін Балқаш қаласында, Шашубай кентінде және Ақтоғай селосында өткен жәрмеңкелерде сатты. Сонымен қатар Кежек, Шабанбай би, Сарытерек, Қусақ ауылдық округтері шағын жылыжайлар ашып, жалпы 10 тонна көлемінде өнім өндіріп саудаға шығарды.


Аудан бойынша жылыжайлар саны-8.
Шабанбай би ( ЖК Г. Төлеубекова,90кв.м.),
Қызыларай ( ЖТ М. Жақсыбеков,21 кв.м. ),
Қусақ ( ЖТ М. Смаханов, 18 кв.м.),
Кежек (ЖК М.Н.Оспанов, 18 кв.м.),
Тасарал (ЖК Р. Бейсекеева, 60 кв.м.),
Сарытерек ( ЖТ Қ. Досмақов,72кв.м., ЖК А. Оралтайұлы, 60 кв.м.)
Шашубай кентінде ( ЖК С.В. Турутин, 1250 кв.м.).

2015 жылы аудан бойынша кент, ауыл, ауылдық округтерді қамти отырып кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2016-2018 жылдарға арналған Ақтоғай ауданындағы Кәсіпкерлікті дамыту картасы жасалды, барлық ауылдар қамтылды, алдағы атқарылар жұмыстарының бағыт бағдары айқындалды.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен жұмыстардың бағаларын қадағалау, бағаның құрылымына жан-жақты зерттеулер жүргізіп, бағаны тұрақтандыру бағытында әкімдер мен тиісті бөлімдер арқылы дүкендердегі бағаларға күнделікті талдау жүргізілуде, арнайы сенім телефондарыда жұмыс жасайды.
Аудан кәсіпкерлері азық-түлік тауарларын Қарағанды қаласынан тасымалдайтындықтан көп жағдайда облыс орталығындағы бағаға тәуелді болып отыр. Яғни, арадағы баға алшақтығын кәсіпкерлер жол айырмасының шығыны ретінде көрсетіп келеді. Осыны ескере отырып аудан орталығынан көтерме -бөлшек 2 сауда орыны ашылды (Досмаков З, Бакиров Қ ), алыс ауыл тұрғындары осы мүмкіндікті тиімді пайдалана білу керек. Орын алып отырған дағдарыс кезінде, теңгенің құнсыздану жағдайында біздің бірінші міндет- халықты қымбатшылыққа ұрындырмауға жұмыс жүргізу. Бұл мәселеде сауда саттықпен айналысатын кәсіпкерлерімізде үлкен әлеуметтік жауапкершілік танытып, баға саясатына мұқият болып, әсіресе халықтың әлжуаз тобын қымбатшылыққа ұрындырмауда қамқорлыққа алулары қажет.
Ауданның басым саласы ауылшаруашылығы бағытында болғандықтан аудан халқы сүт, май, ет тағамдарымен өзімізде өндірілген өнімдермен қамтамасыз етілуде. Аудан басшылығы өз тарапынан баға саясатын тұрақты ұстауда шаралар қолдануда және қолдана береді де.
2015 жылы бағаны тұрақтандыру мақсатында халық тұтынатын көлемде төмендегі кестеге сәйкес облыстық тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарлары алынып, халыққа сатылды.


№ р/с

Азық-түлік атауы

Берілген сұраныс көлемі (тонна)

Алынған азық-түлік көлемі (тонна)

%

1.

Картоп

30

24,85

82,8

2.

Қызылша

0

1,4

0

3.

Қырыққабат

0,5

0

0

4.

Сәбіз

0,5

2,0

400

5.

Пияз

1

2,1

210

6.

Қант

15

2,0

13,3

7.

Күріш

0,5

15,35

3070

8.

Қарақұмық

0,5

0,625

125

9.

Сұйық май

2

0,5

25

Барлығы:

50

48,83

97,66


2014 жылдың сәуір айында Қарағанды қаласындағы «Айсара ұны» диірмен кешенімен, Продкоорпорация, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы және аудан әкімі 4 жақты меморандумға отыруға қол жеткізу нәтижесінде 2015 жылы аудан бойынша наубайханаларға қажетті 1 сортты 522,0 тонна ұнға сұраныс беріліп, 237,9 тонна ұн әкелінді. Өздеріңіз естіп отырғандарыңыздай 1 қаңтардан бастап нан бағасы еркін саудаға кетті. Сондықтан ауылда нан бағасын ұстаудың бірден бір тиімді жолы- ол нанды қолдан пісіруге көшу! Сонда отбасылық бюджетке де салмақ азаяды, онсызда бүгінде ауданымызда барлық тұтынатын нанның 56.5% үйде пісіріледі. Бізде ауданға арзандатылған ұн әкелуге жұмыс жасай береміз.
2015 жылы аудан халқын азық-түлік тауарларымен, ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында нарықтық бағадан 15-20 % төмендетілген бағада аудан басында 18 жәрмеңке өткізіліп, 21 млн. 828 мың теңгенің азық-түлік және шаруашылық тауарлары, ауылшаруашылық өнімдері сатылды.
Жәрмеңкелерде барлығы: 70,0 тонна картоп, 15,0 тонна қырыққабат, 10,0 тонна сәбіз, 7,0 тонна қызылша, 25 тонна пияз, 80 мың дана жұмыртқа, 5,0 тонна шемішке майы, 15 тонна макарон өнімдері, 10 тонна қант, 15,5 тонна күріш, 1,0 тонна шай (250гр), 10,0 тонна ұн, қарақұмық 1,0 тонна, 7 тонна балық өнімдері және ет, сүт, нан өнімдері және ауылшаруашылық тауарлары сатылды.
Жармеңкеге жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалық жетекшілері, Қарағанды қаласынан «Қарағанды-Нан» ЖШС және жеке кәсіпкерлер «Татьяна», «Рязанцев», «Баракат», «Таубас Инвест», Г.Самбаева, Байборин, Кульбаев, Шет ауданынан «Дарн и Н» шаруа қожалығы ат салысты.
Маусымдық жаздық жайма сауданы дамытуда, ауылшаруашылық және басқадай азық-түліктерді автокөлікпен сауда-саттық жүргізетін субьектілерге кедергісіз сауда жасауларына жеткілікті сауда орындары белгіленген.
Мемлекеттің бизнеске бейжай қарамайтынын, оның дамуына қолайлы жағдай жасау күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі болғандықтан, әрбір әкім оған мүдделі болуы тиіс.
2015 жылы аудан орталығы Ақтоғай ауылынан жаңа қонақ үй құрылысы Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан 50 пайыздық кепілдік алып, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына енгізіліп, «DeIta bank» АҚ-ы арқылы 10 млн. теңге несие алды. 14% жылдық, оның ішінде 10%-ын мемлекет, 4%-ын жеке кәсіпкер төлейді. Қонақ үй қызметі өткен жылы 14 тамыз күні арнайы ашылып, халыққа қызмет көрсетуде.
Сонымен бірге, осы бағдарлама аясында аудан бойынша 4 үміткердің (Ақтоғай ауылынан-2, Қарабұлақ ауылдық округі, Қарасу ауылынан-1, Тасарал ауылдық округінен-1 ) конкурстық өтінімдері мен толық құжаттама пакеттері өткен жылдың 18 тамыз күні Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасына тапсырылды.
Осы жобалардың ішінен Ақтоғай ауылынан ұсынылған құны 3 млн. тенге «Кеңпішімді басып шығару» жобасы мемлекеттік грантқа үміткер шағын кәсіпкерлік субъектілердің өтінімдерін іріктеу бойынша Комиссия отырысында қолдау тауып, индустриялық-инновациялық дамытудың облыстық Үйлестіру кеңес отырысында мақұлданды.
Ауданның шағын және орта бизнес субъектілерімен, орта және ірі кәсіпорындарының басшылығымен семинарлар, кездесулер өткізу, үгіт – насихат жұмыстары ұйымдастырылып келеді.
Сонымен қатар, өткен жылдың 17 ақпанында ауданның кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің қатысуымен Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының Ақтоғай ауданы бойынша филиалы мен жұмыспен қамту орталығының өкілдері Шашубай кентінде шағын және орта бизнес субъектілерімен кездесу өткізді. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме, үгіт - насихат жұмыстары жүргізілді.
Мамыр- Қыркүйек айларында Жидебай, Шабанбай би ауылдық округтерінде, Шашубай, Сарышаған кенттерінде Қарағанды облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен кәсіпкерлер мен өз бизнесін бастаушыларға кәсіпкерлікті қолдау мобильдік орталығы тегін ақыл- кеңес семинарын өткізді. Кездесуде шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың құралдарын, сонымен қатар «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша кейінгі өзгертулер жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
«Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша қысқа мерзімді екі күндік оқыту курсы 24-25 маусым айында Ақтоғай ауылында өткізілді. Кәсіпкерлік негізінде білімдерін жетілдіріп, 40 жеке тұлға сертификат алды. Кәсіпкерлікті кеңінен қолдау мақсатында жаңадан ашылған Ұлттық кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының бір жылдық жұмыс қорытындысы, бұл құрылымның алдында әліде болса атқаратын көп жұмыс тұрғанын көрсетті және аудандағы жаңалықтардың жаршысы болып, тиянақты, білімді, кең көлемді жұмыс атқаруларына өздеріне талапты күшейтулері заман талабы екенін тусінулері керек.
Ұлт көшбасшысы өзінің Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын атап көрсетті.
Негізгі маңызды бағыттардың бірі - жаңа әлеуметтік саясат. Елбасы халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына әрқашанда ерекше назар аударып отырады. Президент атап айтқандай «Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс».
2015 жылы жалпы аудан бойынша даму бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқандар саны 397 адам.
Өз ісін ашып өзін-өзі жұмыспен қамтуға ниет білдірген 40 жұмыссызға 74080 теңгеден 3171,2 мың теңге материалдық көмек көрсетілді.
Аудан бойынша 2 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді.
Қоғамдық жұмыстарға 178 жұмыссыз, 17 кент, ауылдық округ әкімдері аппаратына жолданды.
Нысаналы топтағы 7 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орнына қатыстырылып, тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Жастар тәжірибесіне 17 түлек, кент, ауылдық округтерге мекемелерге жолданып, бүгінгі күнге 13-і тұрақты жұмыспен қамтылды.
Аз қамтылған 17 отбасының 58 адамына 2 млн 296 мың теңге төленді. Кедейшілік деңгейі 0,3% құрап отыр. (Облыстық кедейшілік деңгейі 0,3%). 2014 жылмен салыстырғанда 10 отбасы 41 адам, кедейшілік деңгейі 0,2 пайызға төмендеді.
Недегенмен ауданда кедейшілік деңгейі жоғары кент, ауылдық округтер де бар екенін айту керек.
Атап айтсақ, Жидебай ауылдық округінің кедейшілік деңгейі 0,8% аз қамтылған адам саны 11, Қараменде би ауылдық округінің кедейшілік деңгейі 1,5% аз қамтылған адам саны 8, Сарышаған кентінің кедейшілік деңгейі 0,8% аз қамтылған адам саны 31. Бұл тиісті әкімдерді қатты ойланту керек, былтырда осы әкімдер сынға ұшыраған болатын. Негізі, өткен жылдар тәжрибесі көрсеткендей, кейбір жұмыссыз ағайын жұмсаған жерге әр түрлі сылтаумен бармайды. Барлығына КУЗЕТШІЛІК ПЕН ПОЛЖУУШЫЛЫҚТЫ қайдан тауып береміз? Сондықтан алдағы уакыттарда жұмсаған жерге бармайтын жұмыссыздарды базадан шығарып, алып жүрген жәрдем ақыларын тоқтатуды әкімдер мен тиісті бөлімге тапсырамын.

Барлығы 227 отбасы 3 млн 990 мың теңге көлемінде тұрғын үй көмегін алды.
18 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға төленетін мемлекеттік жәрдемақы 188 отбасының 572 баласына барлығы 9 млн 951 мың теңге төленді.
Бөлімде есепте 642 мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Оның ішінде: І топтағы – 64, ІІ топтағы – 323, ІІІ топтағы – 213 мүгедек, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар саны – 42. Оның ішінде бөлімде жұмыссыз ретінде тіркелген 19 мүгедектің 1-не өз ісін ашуға материалдық көмек көрсетілсе, 18-і жұмысқа орналастырылды. Қоғамдық жұмыспен қамтылғаны 8 мүгедек.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан 2 мүгедекке кресло-арба берілді.
Қозғалуға қиындығы бар, жеке көмекшінің қызметіне мұқтаж І, ІІ топтағы 9 мүгедекке жеке көмекшілер тағайындалып, 1 млн 720 мың теңге жұмсалды.
Протездік-ортопедиялық құралдарға мұқтаж 11 мүгедекке атап айтқанда: 1 қол протезі, 9 ортопедиялық аяқ киім әперілсе, 1 корсетке тегін жолдамамен қамтылды.
23 мүгедекке жергілікті бюджеттен 1млн 148 мың теңгенің (480 штук) республикалық бюджеттен 524 мың теңгенің (250 штук) гигиеналық құралдары таратылды.
Щучинск қаласындағы «Discovery - Borovoe» шипажайында 2015 жылы 5 мүгедек, Теміртау қаласындағы «Санаторий Березняки» сауықтыру орталығында 1 мүгедек бала тегін демалып қайтты.
Приозерск қаласында орналасқан «Балхаш» емдеу-сауықтыру кешенінің демеушілігі бойынша 4 ардагер қарттар аталмыш орында тегін демалды.
«Қазақстан Республикасында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар» негізінде біршама жұмыстар жүргізілуде. 2014 жылы жұмыс тобының шешімімен 13 мекемеге паспорттау жұмысы жүргізілсе, 4 ғимаратқа бейімдеу (адаптация) жасалды. 2015 жылы 2 ғимарат бейімдеуден (адаптация) өткізілді.
Жергілікті өкілді органның шешімі бойынша 681 мұқтаж азаматқа 2 млн 875 мың теңге әлеуметтік көмек төленді.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай республикалық бюджеттен 154 адамға 3 млн 943 мың теңге, аудандық бюджеттен 3 млн 100 мың теңге біржолғы материалдық көмек көрсетілді.
2015 жылы 4 мүгедек балаға 80 мың теңге материалдық көмек төленді.
Басқа тараптан көмек қажет ететін жалғызілікті І, ІІ топтағы 9 мүгедекке 202,2 мың теңге материалдық көмек төленді.
Бүгінгі күнде бөлімшеде 37 жалғызілікті қария, 17 мүгедек балаға 11 әлеуметтік қызметкер, 1 консультант-кеңесші қызмет көрсетуде. (Ақтоғай ауылы, Шашубай, Сарышаған кенттері, Жидебай, Шабанбай ауылдық округтері)
1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күні мүмкіндігі шектеулі 39 балаға 3,0 мың теңгеден материалдық көмек көрсетіліп, демеушілер арқылы сыйлықтар мен тәттілер тарату ұйымдастырылды.
Қарағанды қаласының қарттар мен мүгедектерінің №2 медициналық-әлеуметтік мекемесінде 37 ардагер зейнеткер тегін демалып қайтты.
Алайда, Айыртас, Тораңғалық, Қусақ, Кежек, Абай ауылдық округтер бойынша ардагерлердің тегін демалуын ұйымдастыруда ауылдық әкімдер тарапынан ұсыныс түскен жоқ. Алдағы уақытта аталған ауылдық округ әкімдері осы бағытта тиянақты жұмыстар жүргізуге міндетті.
Ауданымызда «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 2015 жылға 192 млн 635 мың теңге қаржы жұмсалып, 124 адам қамтылды. Оның ішінде 104 жұмыссыз, 20 өзін өзі жұмыспен қамтушы, 9 мүгедек, 16 мен 29 жас аралығында жастар 75 адам, 51 адам әйелдер қауымы.
Бірінші бағыт: Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуда, жөндеу жұмыстары есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде барлығы 145 млн 845 мың теңге қаржы қаралып, 2 кент, ауылдан 3 нысанға 149 адам, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 65 бағдарлама шеңберіндегі қатысушылар мерзімді жұмыс орнымен қамтылды. Атап айтқанда, Аграрлық-техникалық колледж ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 23 адам, Сарышаған кентіндегі отбасылық дәрігерлік амбулаториясының құрылысына 17 адам, "Білім үйі" ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 25 адам жіберілді.
Сарышаған және Сәуле елді мекендеріндегі отбасылық дәрігерлік амбулаториясының, аудан басындағы " Білім үйінің" құрылыс жұмыстары 2016 жылы жалғастырылады.
Екінші бағыт: ­Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құруда мемлекеттік қолдау шараларын ұйымдастыруға 13 адамға 39 млн 571 мың теңге қаралды. 2015 жылы 20 адамға 48 млн теңгеге несие берілсе, оның ішінде қайтарылған қаржы есебінен 4 адамға 9 млн теңге берілді. Ақтоғай ауылынан 11 қатысушы 28 млн 500 мың теңге (мал шаруашылығы 7 адам, сән салонын ашу 1, наубайхана ашу 1, тойхана ашу 1, көлік жуу, желімдеу орны 1), Жидебай ауылдық округі 2 қатысушы 2 млн 500 мың теңге (мал шаруашылығы 1, трактормен қызмет көрсету 1), Сарытерек ауылдық округі 6 қатысушы 14 млн 500 мың теңге (мал шаруашылығы 5, көлік жуу, желімдеу орны 1), Шашубай кентінен 1 қатысушы 2 млн 500 мың теңге (шошқа қоймасының құрылысы 1).
Кәсіпкерлік негіздері курсын оқуға 13 адам қатысып, 517 мың теңге игерілді.
Үшінші бағыт: Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бағытына 7 млн 219 мың теңге қаржы жұмсалып, 34 адам қатысты. Оның ішінде:

  1. Әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыруға 2 млн 400 мың теңге бөлініп, 15 әлеуметтік жұмыс орнына бір жылға кәсіпкерлерге орналастырылды.
  2. Жастар тәжірибесіне 1 млн 284 мың теңге қаржы қаралып, мемлекеттік мекемелер мен ауылдық округтарға 8 түлек жұмыспен қамтылды.
  3. Үш айлық тегін қайта даярлау курсына 2 млн 463 мың теңге қаралып 10 адам қыркүйек айынан бастап жіберіліп, оқуларын аяқтады. Оның ішінде 8 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.
  4. Кәсіптік даярлау курсын жалғастырушы 3 адам «электрик» мамандығы бойынша оқуларын аяқтап, жұмысқа орналастырылды. Жұмсалған қаржы 1 млн 72 мың теңге.

Алдағы уақыттарда аудан әкімінің салалық орынбасарына, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдеріне дұрыс қалыптасқан тәжірибені жалғастырып. жұмыссыздық деңгейін өсірмеу, өз ісін ашатындарға белсенді көмек көрсетуді және алдын-ала соған дайындық ретінде жобалар әзірлеу тапсырылады. Себебі Елбасы үкіметке наурыз айында жаңа "Жұмыспен қамту жол картасын" әзірлеуді тапсырғаны бәрімізге мәлім, біз оған дайын болуымыз керек.
Әлеуметтік саланың басты бағыттарының бірі - білім беру жүйесі болып табылады. Барлық қыйындықтарға қарамастан, елімізде мемлекеттің білім беру саласын қаржыландыруды жыл сайын ұлғайтып жатқаны белгілі.
Өткен жылы осы салаға аудандық бюджеттен 1 млрд. 725,0 млн. теңге бағытталған. Бұл жалпы аудандық бюджеттің 55 пайызы. Оқушылар саны 2873, мектепке дейінгі жастағы балалар саны 915. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші 80,2 пайыз.
Аудандық білім бөліміне қарасты 13 орта, 10 негізгі және 2 бастауыш мектепті өткен оқу жылын оқушылар 55,3 пайыз білім сапасымен аяқтады. Оқушылар саны 2014 жылмен салыстырғанда 22 оқушыға азайған.
Оқушының білімін ескере отырып, ұлттық бірыңғай тестілеу ҰБТ арқылы бағалау – бүгінгі заманның талабы. Өйткені ҰБТ – мемлекеттің қадағалау саласын айқын көрсетіп, оқушылар мен мұғалімдердің бірлесе жасаған еңбегін, білім сапасын бағалайтын нақты көрсеткіш. Сондықтан жыл сайынғы тестілеуге дайындық және оның қорытындысына талдау жұмыстары ерекше назарда болуда. Көптеген жыл шешімін таппай жүрген тест орталығы 2015 жылы аудан орталығындағы К.Байсейтова атындағы орта мектебі базасында ашылып талапқа сай жабдықталды. Тест орталығын ашуға жергілікті бюджеттен 7 млн теңге қаржы бөлінді. Ашылуына қолдау көрсеткен облыс басшылығы мен Ғылым және білім Министрлігіне ризашылығымыз мол.
Аудан бойынша 2014 – 2015 оқу жылында 13 орта мектепті 129 оқушы бітірді. 93 түлек (72 пайыз) ҰБТ тапсырса, 36 түлек бітіру емтихандарын тапсырды.
Биылғы ҰБТ қорытындысы аудан бойынша орташа 72,4 балды құрады, бұл өткен 2014 жылдың қорытындысынан 6,3 балл жоғары, ҰБТ – дан аудандар рейтингісі бойынша біздің аудан бесінші орынға тұрақтады. Бірақ бұл көрсеткіш бізді қанағаттандырмауға тиіс.
Аудан көлемінде ҰБТ қорытындысы бойынша ауданды алға шығаруға үлкен үлес қосқан Шашубай кентіндегі «Мектеп – балабақша кешені» - 88,4 балл жинап мектеп басшысы Тукбаева Айман Бекболатқызы облыстық білім басқармасының алғыс хатымен, Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ә.Бөкейхан атындағы орта мектебі 75,1 балл, Сарышаған орта мектебі 73,3 балл жинады.
Қошқар мектебі (51,5), Ж.Ақбай мектебі (52) , Қызыларай мектебі (56,4) төмен балл жинап ауданды артқа тартты. Ал барлық жағдайлары бола тұра Сарытерек, Нүркен мектептері тестілеуге түлектерін қатыстыра да алмады. Бір мектеп директоры атқарып отырған лауызымынан босатылды. Жалпы мектептердегі жағдайлар әр түрлі, біраз мектептерде білім сапасының төмендігіне байланысты оқушылар саны да тым азайып бара жатқандығы қатты алаңдатуда. Өткен оқу жылы қорытындысымен және апаттық жағдайына байланысты Қарасу орталау мектебі мен Сона бастауыш мектебі жабылды. Биылғы жыл қорытындысымен Калинин орталау мектебі мен Қарақой бастауыш мектебі жабылу қауіпі тұр. Айыртас ауылындағы орталау мектеп басшылығының шалағай жұмысының әсерінен былтырғы жылы қыс басталмай жатып жылу жүйесі істен шығып, үлкен қиыншылықпен іске қосылып, арты сотқа ұласты, биыл да өткен жылда сабақ алмай, электроэнергиясы өшу сылтауымен бірнеше рет жылу жүйесі суы ағызылды, бұл жерде мәселе мектепті жылу науқанына өз мәнінде дайындамау себеп болып отыр. Әрине осындай келеңсіз жағдайлар білім сапасына да әсер ететіні сөзсіз және оқушылар санының азайуына да әкелуде. Бүгінде Айыртас мектебінде небәрі 35 оқушы қалған, яғни мектеп жабылу алдында. Оқу жылының қорытындысымен толық талдау жасап, педагогикалық және шаруашылық ұйымдастыру жұмыстарын жолға қоя алмаған мектеп басшыларымен келісім шартты тоқтату білім бөлімінің жаңа басшысына атап тапсырылады. Егер мектеп жабылса, онда ауылдық округ те жабылып қалуы әбден мүмкін. Осындай оқушы санының азаюы Нарманбет, Кежек ауылдарында орын алып отыр. Бұл мектептер білім саласы басшылары мен тиісті әкімдердің ерекше назарында болуы міндетті.
Аудан бойынша «Алтын белгіге» үміткер Сарышаған орта мектебінен Күлмағанбетова Айгерім өз білімін дәлелдеп «Алтын белгі» иегері атанса, Үздік аттестатқа үміткер (Сарышаған ОМ) 2 оқушы 3 пәннен қажетті мәресіне жете алмады.

Шашубай кентіндегі «Мектеп – балабақша кешені» базасында облыс бойынша бірінші болып Ақтоғай ауданының үш Ресурстық орталығының 11 сыныптарын ҰБТ-ға дайындау бойынша біріккен көшпелі оқу сессиясы өтті. Бұл сессияда облыстың дарынды балаларға арналған мектептерінің тәжірибелі мұғалімдері дәріс берді. Сонымен қатар К.Байсейтова және Ә.Бөкейхан атындағы жалпы орта мектептері ресурстық орталықтың оқу сессияларын жоспарлы түрде өткізді.
Ұстаздардың қоғамдағы орнын бағалау, еңбектерін құрметтеу мақсатында бірінші рет ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған оқушылардың мұғалімдеріне әрқайсысына жергілікті бюджеттен 100 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Бұл оң үрдіс биыл да жалғасу керек деп есептеймін.
Әрине ауданда тест тапсыру орталығының ашылғанын халық та қуана қабылдады. Алайда сапалы білім алуға түлектерімізге бар жағдай жасалғанымен, өзіміз күткен межеден көріне алмағаны ұстаздар қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Аудан білім беру ұйымдарының оқу-материалдық базасын толықтыру, мектеп, бала бақшаларды жөндеуден өткізу жұмыстарына жылма-жыл қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде. 2015 жылы жергілікті бюджеттен 8 млн 400 мыңға Қызыларай, Ә.Бөкейхан орта мектептеріне жаңа үлгідегі физика, химия кабинеттерінің жабдықтары алынды. К.Байсейітова мектебіне 3 млн 700 мыңға Робототехника сатып алынады. Ә.Бөкейхан орта мектебі жанындағы 100 балалық интернаттың жөндеу жұмыстарына 16 млн, «Аққыз» бала бақшасының сыртын қаптау жұмыстарына 14 млн, Айгөлек балабақашысының ішкі жондеуіне 5 млн., Қошқар орта мектебінің алдын абаттандыруға 6 млн 800 мың, М.Ержанов орта мектебіне жылу қазандығын орнатуға 12 млн, "Білім үйін" жөндеу жұмыстарына 67 млн теңге, 4 мектептегі (Қызыларай, Үшарал, Нүркен, Қошқар) шағын орталықтарды толық күнге көшіруге жабдықтауға 12 млн. қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары аяқталды. Білім бөліміне, К.Байсейтова, Ә.Бөкейхан атындағы орта мектептеріне 1 млн 400 мың теңгеге «Білімал» жүйесі орнатылды. Сонымен қатар Ә.Ермеков, Қошқар, Абай, Н.Әбдіров, Ж.Ақбай мектептерінің жанынан және Білім үйінің алдына 6 спорт алаңдарын салуға 28 млн теңге қаржы қаралып, игерілді. . Биылғы жыл қорытындысымен қалған Айыртас, Ортадересін, Торанғалық ауылдарына және қосымша Сарышаған және Шашубай кенттеріне типтік спорт алаңдары салынып, аудан бойынша қамтылуы 100 % болады деп жоспарлап отырмыз.
Ауданның компьютер паркі 675 компьютерді құрайды, 1 компьютерге 3,8 оқушыдан келеді. Биылғы жылы жергілікті бюджеттен 44 компьютер алынды.
Электронды оқытудың техникалық құралдары интерактивті тақталар және мультимедиялық проекторлар, мультимедиялық лингофондық кабинеттер және интерактивтік пән кабинеттері болып табылады. Бүгінде аудандағы мектептерде жаңа үлгідегі модификациялық 8 физика, 6 химия, 5 биология, 15 мультимедиялық кабинеттер жұмыс жасайды.
2015-2016 жаңа оқу жылына баспалардан оқулықтар қайта өңделіп шығуына байланысты оқулықтарды сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 10 млн теңге қаржы қаралып, 3 сыныпқа ағылшын тілі оқулығы, 7 сыныпқа информатика оқулығы және 4,5,6,11 сыныптарға барлық пәндер бойынша оқушылар 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен бірге «Атамұра» баспасынан шыққан жерлесіміз Туғанбай Аман ағамыздың «Әдебиет» оқулықтарының мәтіндері бойынша 5-7 сыныптарға арналған анықтамалар сатылып алынып жаңа оқу жылында мектептерге таратылды.
Білім саласы 2015 жылды жақсы бастады, яғни 9-10 қаңтарда өткен жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың Облыстық кезеңі бойынша оқушыларымыз «Ең үздік олимпиадалық команда 2015» атанып, 1 орынды иеленді, яғни 18 оқушының 13-і жүлделі орындарға ие болып, 2 оқушы республикалық кезеңге жолдама алды, әрине бұл қуантарлық жағдай. 2016 жылда жақсы басталды, облыстық олимпиада қорытындысы бойынша облыс аудандарының арасында 2 орынға табан тіредік. Осы жақсы үрдіс алдағы жылдары да жалғасын тауып, биылғы міндет білім саласындағы оң өзгерістерді әрі қарай жақсартып, нығайта беру.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ұйымдастыруымен еліміздегі үздік ресурстық орталықтарды анықтаған конкурс өтіп, Шашубай кентіндегі "Мектеп-балабақша кешені" базасындағы тірек мектебі бас жүлде - Гран-приді иеленіп, зор табыспен оралды.
Республикалық ғылыми-әдістемелік «Оқыту – тәрбиелеу технологиясы» журналының толық 4 номеріне Н.Әбдіров орта мектебінің іс-тәжиребелері таратылды.
Мектеп оқушыларының бос жүріске салынбай әрбір уақытын, әрбір күндерін тиімді пайдалануда «Өнер», Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің, олардың филиалдарының жұмыстарын айтуға болады. Баланың жеке тұлға ретінде дамуы мен тәрбиесінде қосымша білім беру жүйесі маңызды орын алады.
Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана – сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Аудан білім беру ұйымдарында оқушылардың жазғы сауықтандыру шараларына көп балалы және аз қамтамасыз етілген жанұя балалары мектеп жанындағы, қалааралық лагерлерде сауықтандырылды. 1-10 сынып аралығындағы 2746 оқушының 2336-і, яғни 85% түрлі сауықтандыру шараларына қамтылды. Аудан бюджетінен жазғы мектеп жанындағы сауықтыру лагерлеріне 5 млн 527 мың теңге қаралып, 1335 бала мектепішілік лагерлерде сауықтандырылды. Сонымен қатар, қалааралық лагерлерде өткен жылы аз қамтылған отбасылардан шыққан және жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 50 оқушы Көкшетаудағы «Чайка» лагеріне, 20 оқушы Теміртау қаласындағы «Жалын» спорт лагеріне және 20 оқушы Қарқаралы қаласындағы «ЭКО» лагерінде демалып қайтты. Жалпы оқушыларды қалааралық лагерлерде сауықтыруға жергілікті бюджеттен 3 млн 500 мың теңге қаржы қаралды. Бұл жұмысты алдымыздағы жылдарда ұйымдастырып жалғастыратын боламыз.
Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі - денсаулық сақтау.
Аудан тұрғындарына медициналық көмекті 29 төсек-орындық аудандық орталық аурухана, 180-сырқатты 1 сменада қарауға арналған аудандық клиникалық- диагностикалық емхана, 6 - отбасылық емхана, 2- фельдшерлік- акушерлік пункт, 22- медициналық пункт, барлығы 13 төсек орынға арналған күндізгі аурухана қызмет көрсетеді.
Аудан көлемінде 17 жоғары білімді дәрігер маманы, 94 орта буындағы медицина мамандары қызмет атқарады. 10 мың тұрғынға есептегенде дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші - 13,7% облыстық көрсеткіш 35,0%; орта буындағы медицина қызметкерлерімен қамту - 76,0% құрайды, облыстық көрсеткіш 74,4%
01.12.2015 жылы аудан бойынша есепте тұратын халық саны - 12366 адам, (Саршаған кенті тұрғындары Приозерск қаласы ауруханасына бекітілген) оның ішінде; бала - 3085, жасөспірімдер - 650, әйелдер – 4362, бала туу жасындағы әйелдер - 2579.
Жүктілікпен 192 әйел есепке алынды, 12 апталық мерзімде - 147 әйел, 2015 жылы аудан бойынша 208 бала туды (2014 жылы - 295 ), баланың туу көрсеткіші 2015 жылы 1 000 туған балаға шаққанда – 16,8 болды ( 2014 жылы – 16,2 ). 2015 жылы туа біткен кемістік аурулары салдарынан Ақтоғай ауылынан 1 бала өлімі тіркелді, (2014 жылы – 3 бала шығыны болған ). 2015 жылы 1 000 халыққа шаққанда жалпы 88 адам өлген – 7,1% (2014 жылы 132 адам өлген – 7,2% )
Әлеуметтік маңызы бар науқас түрлеріне туберкулез және қатерлі ісік ауруы жатады. 2015 жылдың қортындысы бойынша көрсеткіштер:
- туберкулез ауруына жалпы науқастыққа шалдыққандар 21 адам, 100000 халыққа шаққанда -170 % (2014 жылы -38 ауру 209,9 %). 2014-2015ж.ж. туберкулез ауруының асқынғаны, өлгені болған жоқ.
- қатерлі ісік ауруына жалпы науқастыққа шалдыққандар 104 ауру, 100000 халыққа шаққанда – 841 2014 жылы – 113 ауру 624,2. ( 2014 жылы Сарышаған е.м. есептен шығарылмаған). Қатерлі ісіктен өлгендер 2015 жылы 8 адам - 7,6% (2014 жылы 18 адам - 15,9%).
Скринингтік тексеріс қорытындысы бойынша 7 ауру түрлерін анықтау жоспары барлық түрлерінен 100 пайызға орындалды.
Денсаулық саласындағы өзекті мәселенің бірі - кадр тапшылығы. Ауданымыз кейінгі 5 жылдықта 8 медициналық персоналмен толықты. Әрине олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту күн тәртібінен түспек емес. Бүгінгі күнге жетіспейтін дәрігер мамандары: рентгенолог, 2 жалпы тәжірибедегі дәрігер, окулист, балалар дәрігері, фтизиатр. 2015 жылы ауданға барлығы 6 медицина қызметкері оның ішінде 2 жоғары білімді дәрігер жұмысқа алынды. Олардың 4-і үймен қамтамасыз етіліп, тиісті жәрдемақыларын алды.
Аудан әкімінің салалық орынбасарына, аудандық орталықтандырылған аурухана жетекшісіне халықтың денсаулығын жақсарту жұмыстарын жүйелі түрде одан әрі жалғастыруды тапсырамын.
Халықтың денсаулығын қорғау, салауатты өмір салтын іске асыру дене шынықтыруды және спортты дамытумен тығыз байланысты. Денсаулыққа қамқорлық ете отырып, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына көбірек көңіл бөлінеді.
2015 жыл басында салтанатты түрде аудан орталығында құны 260 млн.теңге болатын денешынықтыру сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жақсы жабдықталған аудандық стадион бар. Сонымен қатар, Шабанбай би, Қусақ, Абай, Нүркен және Ақтоғай ауылындағы "Білім үйі" ғимаратының алдына спорттық ойын алаңдары орнатылып, аудан бойынша бұқара халықтың спортпен шұғылдану көрсеткіші 23 пайыздан 29 пайызға дейін көтерілді. Жоғарыда атап өткендей, осы жылы аудандағы елді мекендерді спорттық ойын алаңдарымен толық қамтамасыз ету үшін, Шашубай, Сарышаған, Тораңғалық, Айыртас, Ортадересін елді мекендеріне аудандық бюджеттен 22,5 млн.теңге қаржы бөлініп отыр.
2015 жылы дене шынықтыру мен спортты дамыту мақсатында ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастырылуымен бұқаралық спорттық іс-шаралар жоспарына сәйкес аудандық деңгейде әр түрлі спорт түрлері бойынша 35 аудандық жарыстар өткізілді, сонымен қатар аудан құрамасының спортшылары облыстық, республикалық жарыстарға қатысып жүлделі орындарға ие болды. Күрделі жарыстарды атап айтатын болсақ:
- облысымыздың 9 ауданы арасында өтетін «Қарлы қыс - 2015» спартакиадасында шаңғы эстафетасынан 3 орынды Кежек ауылдық округінің спортшылары иеленді;
- шілде айында өткен «Сары арқа – 2015» спартакиадасыда біздің аудан спортшылары жалпы командалық есепте 5 орынға табан тіреді;
- республикалық деңгейде қазақ күресінен өтетін «Жас барыс» атты турнирі ауданымыздың барлық ауылының спортшыларының қатысуымен 1-2 кезең өткізіліп, облыстық кезеңде 1 спортшымыз жеңімпаз атанып, Орал қаласында өткен республикалық турнирде өз салмағынан 2 орынды жеңіп алды;
- қазіргі уақытта тоғызқұмалақ ойынынан аудан құрамасы облыс деңгейінде көш бастап тұр. 2015 жылдың көлемінде облыстық жасөспірімдер чемпионатынан 3 оқушы жүлделі 1 орынды иеленіп, республикалық жарыстарда облыс намысын қорғап үнемі жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді.
Дене шынықтыру және спорт бөліміне қойылатын міндеттер:
- Пайдалануға берілген спорт кешені мен спорт алаңдарын тиімді және мақсатты пайдалану;
- спорттық-бұқаралық іс-шараларды жүйелі өткізу;
- Дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысатын адамдар санын арттыру жөніндегі ұйымдастыру жұмыстарын жақсарту;
- Халықтың дене шынықтырумен және спортпен айналысуы үшін бар спорт залдарына қол жеткізуін қамтамасыз ету;
- Жұмыстағы басымдықты ұлттық және қысқы спорт түрлерін дамытуға бағыттау;
- салаға тиісті мамандықтары және көрсеткіштері бар спорт мамандарын әкелу.
Мәдениет саласына тоқталсақ, халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарымен, этнографиялық тарихи танымдықтарға деген адамдардың сұраныстарын қанағаттандыруда аудандық мәдениет бөлімі өткен жылы тұшымды жұмыстар атқарды. Бір ауыз сөзбен айтқанда аудан бойынша былтырғы жылы 300 ден аса мәдени- көпшілік, тарихи- танымдық шаралар атап өтілді. Нүркен ауылындағы типті клуб үйіне жергілікті бюджеттен 20 млн. теңге қаржы бөлініп, толығымен жөндеуден өтсе, Айыртас бейімделген клуб үйіне 4 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Кеңес одағының батыры Н.Әбдіровке туған ауылына ескерткіш мүсіні қойылды. Клубтардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 7 млн теңге қаралып, игерілді. Ауданымыздың кітапханаларына кітап қорын толықтыруға 11 мың данадан астам кітап алынды. Шашубай кентіндегі "Жеңіс" паркінің жөндеу жұмыстарына 5,3 млн.теңге қаржы қаралды.
Өткен жылы еліміз бойынша көптеген мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып өткізілді. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы кең ауқымда біздің ауданда да жанды жұмыстармен жалғасын тапты.
«Тоқырауын толқындары» ән-би ансамблінің халықтық атағын алғанына 40 жыл толды. Мерейтой аясында осы ансамбльдің кезіндегі белсенді мүшелерінің қатысуымен ауданда салтанатты жиын өтті, соңы мерекелік концертке ұласып, Қарағанды қаласының Кеншілер мәдениет сарайында облыс жұртшылығына есептік концертін өткізді. Сондай-ақ Қазақстан-Қарағанды телеарнасындағы «Ойталқы» ток шоуының «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің 40 жылдық мерейтойына арналған бағдарламасына қатысып қайтты.
Мәдениет үйінде жерлесіміз, қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Сүйіндік Жанысбайдың «Ақтоғай – арыстар мекені» атты кітабінің тұсаукесері өткізілді.
Орталықтандырылған кітапхана жүйесі бойынша 2015 жылы көптеген іс-шаралар өткізілді. Жыл соңында балалар кітапханасымен бірге бұрынғы орналасқан орнынан 2 есе кең ғимаратқа орналасты, бұл жұмыстарын жан жақты дамытуына, творчестволық қызметтерінің аясын мейлінше кеңейтуге оң ықпалын тигізеді деп есептейміз.
Аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Конституцияның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына және Тәттімбет Қазанғапұлының 200 жылдығына арналған «Қазақ хандығы халық даналығы» және «Ұлы жеңіс – ұрпаққа аманат» атты сонымен бірге, «Ата Заң – Азат елдің айбыны» тақырыбында кітап көрмелерінің тұсаукесері өткізілді.
2016 жыл біздің аудан үшін ерекше тарихи датамен ерекшеленейін деп отыр, себебі Алаш көсемі жерлесіміз Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланатын болды. Бұл туралы ЮНЕСКО-ның 18 қарашада Парижде өткен Бас конференциясының 38-ші сессиясында мәлім болып, сүйінші хабарды барша Алаш елі қуанып қарсы алып, бөріктерін аспанға атып жатыр. Бұл біздің аудан үшін жағымды жаңалықпен қатар, өте жауапты іс шара. Жыл бойғы жұмыстарымыз осы шара аясында өтуі тиіс.
2016 жылы Алаштың Үш Арысы – Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл, Әлімхан Ермековтың туғанына 125 жыл, Жақып Ақбаевтың туғанына 140 жыл және Манарбек Ержановтың туғанына 115 жыл толуына орай мерейтойларды атап өту мақсатында шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта мәдени мекемелер алдында ақылы қызмет көрсету жұмыстарын жандандыру, бөлімге жас мамандарды іріктеу, орналастыру, балаларға арналған музыкалық шағын орталық құру, халықтық ұжымдардың гастрольдік сапарының аясын кеңейту, әр ауылдық клуб үйінің жұмыстарын жандандыру, тұрақты жұмыс жасайтын өнер ұжымдарын құру, кітапханаларға келушілердің санын арттыру, кітапханаларда жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана отырып тұрғындарға сапалы қызмет көрсету міндеттері тұр.
Жергілікті билік органдары жұмысының негізгі бағытының бірі тіршілікті қамтамасыз ету инфрақұрылымдарының тұрақты жұмыс істеуі болып табылады. Олар: автокөлік жолдарын қалыпты ұстау, дамыту, халықты сапалы жылумен, ауыз сумен, электр энергиясымен қамтамасыз ету.
Ағымдағы 2015-2016 жылдарға арналған жылу науқанына дайындық жұмыстары сапалы өткеніне байланысты барлық нысандарды жылытуыды уақытында бастауға мүмкіндік берді.
Қажетті мерзімде барлық конкурстық шаралар өткізіліп, мемлекеттік объектілерге 8 мың тонна бюджеттік көмір сатып алынды. Былтырғы жылдың жағымды жаңалығы жеке кәсіпкер өз қаражатына аудан орталығынан жүк өлшегіш (автовесы) орнатып, тұрғындарды әлеуметтік қорғауға алып, халықтың ризашылығына бөленуде. Сонымен қатар, алдағы уақыттарда бірте-бірте көмірмен жылытылатын қазандықтарды баламалы жылу қондырғыларымен (дизельді немесе электро қазандықтар) ауыстыру аудан жағдайына байланысты өзекті мәселе болып тұр. 2015 жылы экспериментті түрде "Білім үйіне" және аудан әкімдігінің ғимаратына дизельдік қазандықтар орнатылды. Бүгінде жұмыс жасау үрдісі кадағалануда және қалыпты деңгейде, әзірге проблемалық жағдайлар орын алған жоқ. Қондырғылар бізге бюджет қаражатын үнемдеуге, оның ішінде тасымалдау мерзімінде жолға және экологияға тигізетін залалынан арылуға септігін тигізеді, экологиялық рұқсаттама құжаттарын алу үшін жұмсалатын қаржыны үнемдеуге зор үлесін тигізеді. Бұл шара ағымдағы жылы да өз жалғасын табады, жоспар бойынша аудан аумағындағы бюджеттік мекемелерге де кезең-кезеңімен орнату жоспарымызда тұр.
Ал автомобиль жолдарына келетін болсақ аудан төңірегіндегі жалпы жолдардың ұзындығы 1052,0 км құрайды, оның 179 км республикалық маңыздағы автомобиль жолдары, 389 км облыстық маңыздағы автожолдар, 457 км аудандық маңыздағы автожолдар және ауыл, кент ішіндегі көше жолдары.
2015 жылы аталған бағытта жұмыс жүргізу мақсатында бюджет есебінен 1040,537 млн.теңге қаражат қарастырылған, төмендегідей жөндеу жұмыстары жүргізілді:
- облыстық маңыздағы «Ақтоғай - Балхаш» автомобиль жолының 16 шақырымына күрделі жөндеу жүргізу үшін - 844,537 млн.теңге;
- Ақсу Аюлы- Ақтоғай аралығындағы 22 шақырымға орташа жөндеу жүргізу үшін - 164 млн.теңге;
- Ақтоғай селосы Шорин көшесіне орташа жөндеу жұмыстарына - 14,0 млн.теңге;
- аудандық маңыздағы жолдарды күтіп ұстау және ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 18,0 млн.теңге қаражат қарастырылып қардан тазалау, жол жиектерінің шөбін шабу, тегістеу жұмыстары жүргізілді және Ақтоғай-Шабанбай би - Ақжарық тасжолына және Тасарал, Торанғалық ауылдарына кірме жолға ағымдық жөндеу жүргізілді.
2015 жылы көктемгі су тасқыны салдарынан аудандық, облыстық маңыздағы автомобиль жолдарына, оның ішінде "Жаңаорталық-Айыртас", "Ақтоғай - Шабанбай би - Ақжарық", "Ақтоғай -Ақтас", Ақтоғай Нүркен бағытындағы көтерме тас жолдарына 185,0 млн.тенге көлемінде залал келтіріліп, аталған жолдарға облыстық арнайы ұйымдардың күші жұмылдырылып жөндеу және қайта қалыпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
2016 жылға аудандық маңыздағы жолдарды күтіп ұстау үшін 15,0 млн.тенге, Ж.Ақбай көшесін асфальттауға 34,0 млн.тенге, Абай және Ержанов көшелерін орташа жөндеуге 15 млн.теңге қаржы қарастыруға қол жеткіздік. Сонымен бірге облыстық маңыздағы Ақтоғай- Балхаш, Ақтогай- Ақсу- Аюлы жолдарын күрделі және орташа жөндеулерді жалғастыруға облыстық және республикалық бюджеттен қаржы бөлінуге жұмыс жасалынуда.
Ауданның 36 елді мекенінің бүгінгі күні 12 елді мекенінде 78 шақырым орталықтандырылған су жүйелері бар. Осы су жүйелерінің 2,5 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізуге және арнайы қондырғылыр алу үшін аудандық бюджеттен 32,0 млн теңге қаржы қаралып, толығымен игерілді. Бүгінгі таңда аталған сала бойынша ауыртпалық тудырып отырған мәселелердің бірі - ол тұтынушылардың тарапынан ауыз су төлемдерін төлемеуі, бұл өз кезегінде аудан төңірегінде жаңадан құрылған екі мекеменің, яғни "Ақтоғай Су" және "Тоқырауын Су Жылу" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің "Жезказганэнергосбыт" мекемесі алдындағы берешегінің өсуіне және су сорғы мұнараларының жұмысының үзіліспен жұмыс жасауына әкеліп отыр. Бұл мәселе бойынша серіктестіктерге жеке тапсырма берілген, барлық берешек бойынша енді борышкерлерден тек сот арқылы берешекті өндіруге міндеттелінді. Әрине үлкен қиыншылықпен құрылған осы екі кәсіпорын басшылары да жұмыстарын нарық жағдайына икемделе отырып қызметтерін сауатты да, жауапты атқаруға міндетті болулары қажет! Аудан әкімінің салаға жауапты орынбасары мен мүдделі бөлім басшылары аталған кәсіпорындар жұмыстарын, қаржылық- шаруашылық жағдайын, тарифтік саясатын, дебиторлық кредиторлық қарыздарын, олардың иелігіндегі нысандарды заңдастырып, әділет басқармасына тіркетуді күнделікті қадағалауды басшылыққа алу керек. Қаржылық жағдайларына тәуелсіз аудиторлық тексеріс жүргізу қажет. Әйтпесе бұл кәсіпорындар да бұрынғы «Аққайың» коммуналдық мекемесіндей банкротқа ұшырауы әбден мүмкін! Сонымен бірге сала бойынша орын алып отырған проблемалық мәселелер де күн тәртібінде өткір тұр.
Олар:
- Ақтоғай ауылын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету мақсатында және Қоза су беру стансасының аппатық жағдайына байланысты Жосалы ауылы маңынан су қорын анықтаудың геологиялық барлау жұмыстарын жасату;
- Ақтоғай ауылындағы ауыз су жүйесі құрылысының 4-ші кезегін Ақбұлақ бағдарламасы аясында іске асырудың жобалау сметалық құжаттарын жасату;
- Ақтоғай ауылының кәріз жүйесін құрылысын салудың инвестициялық ұсынысын даярлап облыстық басқармаға тапсыру;
- Шашубай кенті тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін кент су жүйесін Балхаш Су кәсіпорыны теңгеріміне берумен жүйелі шұғылдану;
- Кенттегі кәріз суын сору бекетін меншік иесі- Балхаш Балық кәсіпорынымен коммуналдық меншікке алу туралы келіссөздер жүргізуді жалғастыру;
- Ақбұлақ бағдарламасы аясында Тасарал және Торанғалық ауылдарының ауыз су жүйесін тарту жобасын облыстық бюджет арқылы қаржыландырумен шұғылдану;
- Сарышаған кенті тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, Приозерск қаласында тұрған 3 су тұщыту қондырғыларын әкеліп, орнату.
2016 жылға бюджет есебінен 15,0 млн.теңге жоғарыда аталған жұмыстарды жалғастыру және коммуналдық меншіктегі су жүйелерін күтіп ұстау мақсатында бөлініп отыр.
Аудан төңірегінен жалпы ұзындығы 1598,0 шақырым электр желілері өтеді, энергияны тасымалдаушы және таратушы жеке меншіктегі "Энергия", "Электросеть ЛТД" серіктестіктері және "ЖезРЭК" мекемесі қызмет етуде. Алайда бүгінгі күні олардың иеліктеріндегі электр желілері заңды органдарға тіркелмеген, құқық орнатушы құжаттары жоқ, яғни бұл мекемелер заңсыз қызмет көрсетуде. Аталған мекемелердің ішінен Нарманбет, Айыртас, Қусақ, Ортадересін ауылдарына қызмет көрсететін Электросеть ЛТД" мекемесі мүлкінен және қызмет көрсетуден 2015 жылдың 10 қазанынан бастап бас тартып отыр. Аталған желілер өзара келісім бойынша коммуналдық меншікке алынуда.
Аталған мәселені ескере отырып жарғылық капиталы 100 пайыз мемлекеттің иелігінде болатын "Ақтоғай - Энерго" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылуда, мұндағы негізгі мақсат иесіз желілерді аудандық коммуналдық меншікке қабылдап, мамандандырылған сенімді меншік иелеріне шұғыл басқаруға беріп, жылдық жөндеу жұмыстарын қалыпты жүргізу және тұрғындарды қалыпты, үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету. Ақтоғай ауданының Қызыларай, Сарытерек, Нүркен, Қараменде би, Жидебай, Кежек ауылдарының электр желілерін иесіз деп тану мақсатында "Мемлекеттік мүлік туралы" және басқа да қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес коммуналдық меншікке алуымыз керек. Бүгінгі таңда Ақтоғай ауылының электр желілеріне Заңды сот шешімі шығып, күшіне енген. Бұл жұмыс жоғарыда аталған елді мекендер бойынша да жүргізіледі. Бұл көп жылғы қордаланған проблеманы шешуге арналған, ұзақ мерзімді бағдарлама, сондықтан бұл мәселеде тиісті басшылар өте жауапты және білімді жұмыс жүргізулері керек !
2015 жылы тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында 4 дана 250 кВа киоскілік типтегі КТП қондырғылары 7,5 млн.теңге қаржыға сатып алынды, себебі аудан төңірегіндегі барлық КТП қондырғылары 80-90 пайызға тозған және апаттық жағдайлар үздіксіз орын алуда. Сатып алынған мүлік апаттық жағдайлар орын алған кезде орнатылатын болады. Байқап отырғандарыңыздай, қәзіргі жұмыстарымыз тек апаттық жағдайларды жоюға ғана бағытталған. Өздеріңіз де куә болып жүргендей сәл ауа райы бұзылса, аудан жарықсыз қалуда.
Құрылыс және тұрғын үй саласында ауыз толтырып айтуға тұрарлық жаңалықтармен бөліссек. Ең алдымен көктем мезгілінде атмосфералық ауаның күрт жылынуынан орын алған су тасқынына байланысты аудан әкімінің өкімімен аудан көлемінде 10 елді мекендерінде (Жидебай, Қараменде би, Қызыларай, Шабанбай би, Сарытерек, Қарабұлақ, Абай, Қусақ, Нүркен, Актоғай) өзен бойына орналасқан үйлерді, қыстақтарды және шаруашылық құрылыстарын тасқын су басып кету қауіптері туындауына орай төтенше жағдай жарияланды.
Ауданның елді-мекендерде қатерлі су тасқынында жалпы саны 86 тұрғын үйлер және шаруашылық нысандарды су басу қауыпы төнді, оның ішінде: Ақтоғай селосында 14-үй, Сарытеректе 32-үй, Қызыларайда 2-үй, Абайда - 8 үй, Қарасуда 12 –үй, Қошқарда – 6 үй, Сәуледе – 12 үй.
Аудан аумағында орын алған төтенше жағдай кезінде жалпы зардап шеккен тұрғын үйлер саны - 43, оның ішінде авариялық деп танылғаны - 26 үй. Ең қатты зардап шеккен елді мекен Қарасу ауылы.
"Астана Инвестгрупп" бағалау ұйымының есебіне сәйкес, облыс әкімінің төтенше жағдайлар жөніндегі резервінен 10 зардап шеккен үйлерге, мүліктеріне өтемақы ретінде 5 млн 980 мың теңге бөлініп, Қазпоштаның Балқаш қалалық бөлімшесі арқылы тұрғындардың есеп шотына аударылды.
Сонымен қатар, су тасқынынан зардап шеккен 33 тұрғын үй құрылысын салу үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлеу мақсатында облыс әкімінің төтенше жағдайлар жөніндегі резервінен 35 млн 567 мың теңге қаражат бөлінді.
Ал авариялық деп танылған 26 үйдің құрылысына ҚР Үкіметінің резервінен 208 млн. астам теңге көлемінде қаражат бөлініп, толығымен игерілді.
Облыс әкімінің қолдауымен құжаттары жоқ үй иелеріне облыстық арнайы қордан 2 млн. теңгеге 10 адамға демеушілік қаржылай материалдық көмектер көрсетілді.
Барлық, құрылысты анықтау, жобалау, салу жұмыстары, меншік құқығы реттелмеген, күйзелістік ахуалда (стрессовая ситуация), анықталмаған қаржылық жағдайында жүргізілді. Осындай күрделі жағдайға қарамастан, ең бастысы салынған үйлер сапалы, уақытында аяқталып, пайдалануға берілді. Ауданның тиісті басшы мамандарының және мердігерлердің білімді, тиянақты және қажырлы енбегіне ризашылығымды білдіремін. Үйлері бүлінген және құлаған азаматтардың да құрылыс жұмыстарына белсене ат салысқанын атап өту керек.
Ақтоғай ауданы бойынша мемлекеттік қордан тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімдерінде жалпы саны 371 адам тіркелген, оның ішінде «мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері және таңдамалы қызметтегі азаматтардың тізімінде» - 141 адам, ал 230 адам әлеуметтік қорғалатын жандардың тізімінде кезекте тұр. Аудан орталығында 35 тұрғын үй авариялық жағдайда тұр.
2015 жылы бюджет есебінен жекелеген санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 6,0 млн.теңге қаражат бөлініп 7 пәтер сатып алынып, тұрғын үйді қажет ететін азаматтар баспанамен қамтамасыз етілсе, сонымен қатар "Білім үйінің" 4-5 қабаттарынан 24 пәтерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп түрлі мамандық иелері қызметтік пәтерлермен қамтамасыз етілді, оның ішінде дәрігер, мұғалім, құқық қорғау қызметкерлері, бас имам, мемлекеттік қызметкерлер және журналистер де бар.
Жалпы санитарлық тазалық пен абаттандыруға байланысты аудан бюджетінен бөлінген қаржыларға 17 ауылдық округтер толығымен қамтылды.
"Өңірлерді дамыту" бағдарламасы шеңберінде 2015 жылы 16,881 млн.теңге қаражат қаралып 235 дана жарық шамдары орнатылды, бүгінгі күні аталған жарық шамдарын коммуналдық меншікке қабылдап кент және село әкімдерінің теңгеріміне бекіту жұмыстары ұйымдастырылуда.
Осыған қосымша Ақтоғай, Айыртас, Сарытерек ауылына, Ақтұмсық, Жетімшоқы елді-мекендеріне 104 дана жарық шамы демеушілікпен алынып, бүгінгі таңда толығымен іске қосылған. 2015 жылдың қорытындысымен аудан бойынша ауылдық округ орталықтары мен жекелеген елді мекендердің көшелерін жарықтандырудың аудандық бағдарламасы аяқталды. Ендігі міндет осы орнатылған көше жарықтарын дұрыс, ел игілігіне пайдалануды ұйымдастыру ауыл, кент әкімдерінің міндеті болып табылады.
Жалпы ауданның елді мекендеріне абаттандыру жұмыстарына 24,0 млн.тенге қаржы қарастырылып, 3,0 шақырымнан астам декоративті қоршаулар орнату (Ақтоғай, Шабанбай би, Жидебай с/о ) , ойын алаңдарын жөндеу және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, бюджет есебінен бөлінген 3,0 млн.тенге қаржыға аудан орталығындағы зираттарды қоршау жұмыстары жүргізілді, жалпы орнатылған қоршау ұзындығы 411 метрді құрап отыр.
Аудан орталығындағы зираттарды қоршау жұмыстары аяқталды.
Биылғы жылы "Өңірлерді дамыту" бағдарламасының аясында бөлінген қаржыға Ақтоғай ауылындағы Сана би көшесін және "Қуғын сүргін құрбандарын еске алу" алаңын абаттандыру және басқа 16 елді мекеннің күл қоқыс орындарын тазарту мақсатында жұмсау жоспарлануда. Ал ауылдық округтерде абаттандыру, санитарлық тазалық, когалдандыру жұмыстарына жергілікті әкімдердің есеп шотындағы КСН қаржылар жұмсалатын болады. Ал Ақтоғай ауылындағы санитарлық тазалық жұмыстарын Жеке кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға берген дурыс болады деп есептеймін.
Ақтоғай ауданы бойынша 01.01.2016 жылға мемлекеттік коммуналдық меншікті басқару тізілімінде барлығы 61 мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар тіркелген. Барлығы – 11912 нысан, баланстық құны – 1 907 480 500 теңгені құрайды.
Квазимемлекеттік сектордағы мекемелердің 2015 жылы ақылы қызметтен түскен түсімдері – 64 745 800 теңге.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы №413-ІУ Заңына сәйкес коммуналдық меншікті басқару аясында Ақтоғай ауданы бойынша жыл басынан бері сот арқылы иесіз деп танылған Шашубай кентіндегі 32 пәтер, Сарышаған кентіндегі 5 пәтер, Кежек, Нарманбет, Сарытерек ауылдарына салынған балалар ойын алаңдары, кент, ауыл, ауылдық округтерге қойылған көше шамдары (444 дана), Сарытерек, Айыртас ауылдық округтерінде салынған су жүйелері, Жидебай, Қарабұлақ ауылдарына салынған мал қорымдары ауданның коммуналдық меншігіне алынып, заңды тұлғалардың иелігіне бекітіліп берілді. Сонымен қатар, көп жылдардан бері шешімін таппай жүрген аудан орталығындағы автобекет ғимараты, «Ардагерлер үйі» ғимараттары ауданның коммуналдық меншігіне алынды. Бүгінгі күнге автобекет ғимаратын жеке кәсіпкер мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау шартымен жалға алып, жұмыс жасап отыр. «Ардагерлер үйі» ғимаратына көп жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілмеген, бүгінгі күнге жағдайы сын көтермегендіктен, қайырымдылық шартымен ауданның коммуналдық меншігіне алынып, «Ақтоғай мәдени-бос уақыт өткізу орталығы» мекемесі иелігіне аудандық «Ардагерлер» ансамбілінің жұмыстарын үйлестіру үшін бекітіліп берілді. Ендігі кезекте ғимаратқа сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізуді ойластырамыз.
Аудан балаларының жазғы демалыс уақытын мәнді, мағыналы өткізу үшін, «Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» кәсіпорыны арасында жасалған 2012 жылғы 26 желтоқсандағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес «Факел» соматикалық тұрпаттағы маусымдық балалар санаторийі 2014 жылғы қыркүйекте Ақтоғай ауданының коммуналдық меншігіне алынып, «Ақтоғай ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің иелігіне берілді. Сондай-ақ, Шабанбай би ауылдық округіндегі «Арай» лагерін де ауданның коммуналдық меншігіне алу жұмыстары биыл аяқталады. Ендігі міндет осы екі нысанға инвесторлар табу.
Сонымен қатар, кезінде бюджеттік бағдарлама әкімгерлерінің кемшіліктерінен аудан көлемінде салынған біраз құрылыстар мен нысандардың құқық белгілейтін құжаттары, техникалық төлқұжаттары, тұрақты жер пайдалану құқығын беретін актілері уақытылы толығымен жасалмағандықтан, иелікке беру жұмыстарына кедергілер келтіруде. 2014 жылы Айыртас, Сарытерек ауылдық округтеріне тартылған су жүйелерінің құқық белгілейтін құжаттары толығымен жасалып, әділет басқармасына тіркетілді.
Жалпы 48 коммуналдық меншік объектілерін (тұрғын емес жайларды) акционерлік қоғамдарға, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге, жеке кәсіпкерлерге жалға беруден жергілікті бюджетке 1 721,0 мың теңге түсті.
Ауданның коммуналдық меншіктерін басқарудағы атқарылған жұмыстар туралы аудандық «Тоқырауын тынысы» газетіне 2015 жылдың 14 тамызында «Жұмыс нәтижесіз емес», 30 желтоқсанда мүлікті жария ету бойынша «Мүлікті жария етудің мерзімі ұзартылды» атты мақалалар жарияланды.
Қазақстан Республикасындағы мүлікті жария етуге байланысты аудан әкімінің өкімімен арнайы комиссия құрылып тиісті жұмыстар жүргізуде. Алайда бұл жұмыстар тиісті деңгейден баяу жүруде. 2014 жылы комиссия 26-ы өтінішті қарап, құжаттар тиісті талаптарға сай келмеуіне байланысты кері қайтарылған. 2015 жылы Ақтоғай ауданының мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы жыл көлемінде комиссияға 32 өтініш түсіп, оның 6-уы құны 56222,8 мың теңгенің мүлкі заңдастырылды, 26 өтінішті (құны 12281,7 мың теңге) қарап, өтініштер Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 30 маусымдағы №213-V ҚР Заңының 7 бабы, 5 тармағы, 3) тармақшасының талаптарына сай келмеуіне байланысты кері қайтарылды.
Мүлікті заңдастыру 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Бұл өз кезегінде жергілікті жерлерде мүлікті жария ету бойынша халыққа насихат жұмыстары әлі де жеткіліксіз екендігін көрсетеді. Тұрғындарға түсіндіре отырып, бұл науқаннан қалмау керектігін жеткізуді, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді барлық кент, ауылдық округ әкімдері орындауға міндетті болып табылады.
Осы жұмыстың бәрі халық үшін, оның игілігі үшін жасалуда. Осы жерде менің аудан әкімі ретінде үлкен бір міндетім, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету болып табылады. Бұл салада аудандық ішкі істер бөлімінің тарапынан біраз жұмыстар атқарылуда.
Бірақ, заман талабы, күнделікті тіршілік қауіпсіздік мәселесіне жіті қадағалауды, талапты күшейтуді қажет ететініне көзіміз жетіп отыр. 2015 жылдың басынан аудан көлемінде 114 қылмыс оқиғасы тіркелді. 2014 жылдың 12 айында 107 қылмыс, яғни 6,5 пайызға қылмыс саны өскен. Бұның бәрі тек қана құқық қорғау орындарының ғана құзырындағы мәселе емес, қоғам болып, отбасы болып бақылауда ұстап, қадағалап отыратын мәселе. Алайда, атқарған жұмыстар мен ұйымдастырған шараларға қарамастан ауыр дәрежедегі қылмыстарға тоқтайтын болсақ, қылмыс түрі 33,3 пайызға, яғни 6-дан 8-ге өсіп отыр. Олардың ашылуы былтырғы жылмен салыстырғанда біршама көтерілген , яғни 2014 жылдың 12 айында 66,7 % құраса, 2015 жылдың көрсеткіші 71,4 %, алайда жасөспірімдер тарапынан жасалған қылмыстар 1-ден 2-ге, мастық күйде жасалған қылмыстардың 7-ден 10-ға, бұзақылық 0-ден 4-ке, денсаулыққа ауыр дене жарақатын келтіру 3-тен 4-ке, көшедегі қылмыстар 3-тен 10-ға, қоғамдық орындағы қылмыс 10-нан 20-ға дейін өсуіне жол берілген. Бұл аталған қылмыстардың басым көбшілігі жоғарыда аталғандай полиция қызметкерлерінің өздерімен әшкерленіп анықталған және де кейбір жағдайларда профилактикалық жұмыстардың өз деңгейінде өткізілмегендігінен орын алған.
Аудан көлемінде жыл басынан бері есірткі тұтынушыларды анықтау, оларды түзеу жолдарына түсіру және қоғамдағы есірткі заттарын пайдалануынан келіп жатқан зардаптарды жою бойынша жүргізілген «Допинг», «Барьер», «Есірткісіз көше» және «Көкнәр» атаулармен жедел алдын алу профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.
Жасөспірімдердің арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша аудан көлемінде мектептерде оқушылар арасында нашақорлықтың денсаулыққа және қоғамға әкелетін ауыр зардаптарын түсіндіру бойынша оқушылармен кездесулер өткізіліп, есірткіге қарсы үнпарақтар таратылды.
Сонымен қатар емдеу-алдын алу мекемелері мен барлық түрлі меншік нысанындарындағы дәріханалар мен өнеркәсіптік кәсіпорындарда есірткі құралдар, психотроптық заттар мен прекурсорларды сақтау, тасымалдау, іске асыру барысында ұрлау фактілерін анықтау, олардың жолын кесу, жүйкеге әсер ететін есірткі құралдарды, психотроптық заттарды сақтайтын, әзірлейтін, тарататын адамдарды анықтау жұмыстары жүргізу жалғастырылып келеді. Ақтоғай ауданының ІІБ-нің қызметкерлерімен есірткі құралдарын заңсыз сату, сатып алу, сақтау фактілерін анықтау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. 2015 жылдың 12 айында аудан көлемі бойынша есірткіні заңсыз сақтаған 5 дерек анықталып (2014 жылы осындай 8 дерек анықталған), олар бойынша қылмыстық іс қозғалып сотқа жолданып, сот шешімімен айыппұл салынды.
Кәмелетке толмағандар тарапынан қылмыстылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2015 жылы кәмелетке толмағандар істер жөніндегі учаскелік полиция инспекторларымен басқа да қызмет салаларымен бірлесе отырып жоспарлы түрде «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Жазғы демалыс» «Кальян» атты жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілді. Жүргізілген жедел профилактикалық іс-шаралары барысында 67 құқық бұзушылық фактісі анықталды,
Жыл басынан барлығы 9 «жайсыз отбасы» және «міндетті білім алудан жалтарушы» 7 жасөспірім аудандық ІІБ есебіне қойылды. Есептегілер тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеріліп, олармен профилактикалық әңгімелер жүргізілді.
Өткен жылдың мамыр айының 06 күнгі ҚР Президентінің «100 нақты қадам» атты халыққа жолдауының 30 қадамының негізінде, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Жергілікті полиция қызметі жұмыс жасайтын болады.
Жергілікті полиция қызметінің атқаратын жұмыстарына тоқталатын болсам, олардың негізгі тапсырмалары мен тікелей міндеттері - құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамдық орындарда "нольдік тозімсіздік" бойынша қоғамдық тәртіпті қадағалау, жол жүру ережелерін қамтамасыз ету, қадағалау, қылмыстық құқықбұзушылықты ескерту және алдын алу, болған жағдайда әшкерлеу, әкімшілік құқықбұзушылық туралы өндірістегі құжаттарды орындау және қылмыстық теріс қылықтар туралы хаттамаларды жүргізу болып табылады және тағы басқа Қазақстан Республикасының Заңдарымен, ҚР Президенті, Үкіметі актілерін орындауға құқылы екендігі көрсетілген.
Облыс әкімі тиісті мәслихаттардың келісімімен, жергілікті полиция қызметінің басшысын /Республикалық деңгейдегі қалаларда, басқалада, облыста, қалаларда, аудандарда/ лауазымына тағайындайды және лауазымнан босата алады. Ал аудандардағы жергілікті полиция қызметі басшысының лауазымына үміткерді облыстық жергілікті полиция басшысы ұсынады. Жергілікті полиция қызметі басшысының лауазымына ҚР ІІМ-нің бекіткен біліктілік талаптарына сәйкес, ішкі істер органдарында ІІО кадр резервінде тұрған полиция қызметкерлері қатарынан тағайындалады. Ол үшін, жергілікті полиция қызметінің басшысына қойылатын талаптарға сәйкес ІІО 12 жыл қызмет жасаған, 3 жыл басшы лауазымын атқарған, 5 жыл әкімшілік полиция бағытында жұмыс істеген полиция қызметкерлері ұсынылады.
Табиғи әлеуметтік және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар орын алғанда жергілікті полиция қызметінің басшысы жергілікті ІІО басшысына бағынады.
Әкім, тиесілі әкімшілік аумағында жергілікті полиция қызметінің жұмысын ұйымдастыру мақсатында, ҚР заңдарына сәйкес өз құзыреті шегінде;
1. Жергілікті полиция қызметін қаржыландырады, соның ішінде материалды техникамен жабдықтандырады.
2. Тиісті аумақта қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ұйымдастырады және оған жауап береді.
3. Жылына 2 реттен кем емес маслихатпен бірге жергілікті полиция қызметінің басшысының есебін тыңдайды және оның жұмысына баға береді.
4. Азаматтарды қоғамдық тәртіпті күзетуге шақыру үшін шара қолданады.
5. Субьектілердің құқықбұзушылық профилактикасы іс-шаралар жасауға ықпал жасайды.
6. Тиісті аумақтың даму бағдарламаларының орындалуын қамтамасыз етеді және орындалуын бақылайды.
7. Жергілікті полиция қызметіне әкімшілік аумақта қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын тапсырады, белгілейді және орындалуын қадағалайды және бақылау жасайды.
ҚР ІІО 23.04.2014 жылғы заңына сай және осы ережеде қарастырылмаған жұмыстарды орындатуға және жергілікті полиция қызметінің процессуалдық шешіміне араласуға құқығы жоқ.
Жергілікті полиция қызметінің басшысы өзінің есебін жылына екі рет атқарушы органдардың, бір рет халықтың алдында беретін болады. Ал, учаскелік полиция инпекторлары өзінің тұрып жатқан әкімшілік аумағында халықтың алдында кварталына бір рет есебін беретін болады. Таяу арада ауданның жергілікті полиция басшысы тағайындалады, жұмыстары басталады.
Ал өткен жылғы жағдайды сараласақ, біздің аудандағы учаскелік инспекторлардың жұмыстарына төмен баға береміз ! Әрине жұмыстарын Заңға сәйкес, адал атқаратын азаматтар баршылық. Бірақ кейбірін жұмыс орындарынан ешқашан көрмейміз, қызметі бекітілген жергілікті жердің әкіміне бағынғылары келмейді, қухық бұзу фактілеріне жүрдім бардым қарайды, қызмет бабында жершілдік пен ағайыншылыққа бейім тұрады, көшедегі тәртіпті қадағаламайды, тіпті өздері тәртіп бұзады. Сондықтан біраз ауылдық округтарда учаскелік полиция алдағы жұмыстарын, ротация ауыстыру жасау арқылы тыңнан бастауға тура келеді. Қызметтік үйлер мен машиналармен қамтамасыз етуде жүргізіледі. Енді аудан әкімі және тұрғындар алдында әрқайсысы тоқсан сайын есеп береді, жұмыстарына тиісті баға беріліп отырылатын болады.
Жоғарыда айтылған ауқымды жұмыстар мен Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерді халыққа жеткізіп, оны насихаттауды дұрыс ұйымдастыра білу, ауданда жұмыс жасайтын ақпараттық насихат топтарының тұрғындармен тиімді пәрменді және жүйелі түрде қарым-қатынас орнатуы бүгінгі күн талабы. Бұл ішкі саясат бөлімінің басты міндеті. Елбасы жолдауын аудан бойынша түсіндіру, насихаттау жұмыстары бойынша 232 кездесу өткізіліп, оған барлығы 12352 адам қатысты. Елімізде болып жатқан жаңалықтармен өзгерістер туралы халықты хабардар етуде баспасөздің де басым орын алатыны анық.
Жалпы баспасөзге жазылу науқаны аудан бойынша орындалғанымен, келешекте саныда, сапалық жағынанда жоғары ұйымшылдықпен өткізу үрдісін ауданымызда қалыптастыруымыз қажет, әрине ең бірінші аудандық "Тоқырауын тынысы" газеті өз жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, заман талабына сәйкес облыстық, республикалық БАҚ-пен тығыз байланыста болып, көш соңында қалмауы керек. Журналистер алдында тұрған міндеттер ауқымы үлкен.


Баспасөзге жазылу ұйымдастырылуы республикалық
«Егемен Қазақстан» газеті (101 пайыз), Орталық Қазақстан (103 пайыз), Индустриальная Караганда (136 пайыз), Казахстанская правда (129 пайыз), басқада басылымдар 100 пайызға орындалды.

Әлемдік дағдарыс жағдайында Президентіміздің әрқашанда сенімді тірегі «НұрОтан» партиясы екенін бәріміз жақсы білеміз. «НұрОтан» партиясы шын мәнінде халықтың сеніміне ие болған саяси ұйым. "НұрОтан" партиясының аудандық филиалы аталған барлық жұмыстарға белсене ат салысып, партиялық жіті бақылау орнатып, билік пен халықтың арасындағы дәнекер болып, елдің ынтымақ бірлігін сақтауда көп жұмыс атқаруы керек.
Қоғамдағы қауіпсіздік шаралары діни ахуалға да тікелей байланысты. Дін Жаратушыны танитын құрал, оған апаратын жол. Сондықтан да Жаратушы жалғыз, оған баратын жолдар әртүрлі. Бір дінге сенетіндердің ішінде де бірімен-бірі таласып, тіпті қырылысып жататындарының басты себебі де осында жатыр, әркім өз жолын ғана дұрыс деп есептейді, басқа дін ағымындағыларға осыны дәлелдемекші болады. Мысалы: өзіңіз киіз үйді көз алдыңызға елестетіңізші, шаңырақ біреу-ақ, ал қаншама уық осы шаңыраққа ғана барып кигізіледі. Осының бір мысалы: Басқа діндерді айтпағанда, бір ғана ислам дінінің өз ішінде 73 ағым бар! Сондықтан жастарымыз яғни біздің болашақ ұрпағымыз адаспай, тура жолда жүруі үшін,өңірдегі діни ахуалдың тұрақты болуы үшін және өзіміздің дәстүрлі дініміздің дұрыс насихатталуы үшін қоғамдағы әртүрлі діни ағымдармен күресу жолында үйде ата-ана, мектепте ұстаз, сыртта жалпы қоғам болып бірігу қажет. Мухаммед с.ғ.с. пайғамбарымыз айтқандай "Дін жас баланың қолындағы ұстара секілді, байқамаса өзін де, өзгені де жазым қылуы мүмкін"
Діни экстремизмді болдырмау және алдын алу бойынша облыс, аудан имамдарының, теолог ғалымдардың, аудан ақсақалдары мен ел арасында беделді адамдардың қатыстырылуымен 56 семинар, кездесулер өткізілді, оған барлығы 2743 адам қамтылды.
Қоғамдық және Діни тұрақтылықтың сақталуында қоғамдық ұйымдардың оның ішінде Ардагерлер ұйымының өзіндік орыны және ықпалы барын айту керек. Өмір көрсетіп жүргендей салиқалы, сабырлы, көргені мол, айтар ақылы көп ардагер қариялар жүрген жер инабаттылықтың, имандылықтың қалыптасуына жақсы ықпал етері сөзсіз. Өткен жылы барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының есеп беру сайлау жиындары өтті. Ұйымның құрамына кезінде ел басқарған, қызмет атқарған, ұстаздық еткен, ел ырысын көбейтіп, тер төгіп еңбек еткен майталман ағаларымыз бен апаларымыз сайланды. Бұл кісілерден біз елдің ынтымақ бірлігін сақтауда жанды көмек, жанашырлық ақыл-кеңес күтеміз, көріп те жүрміз. Кейінгі ұрпақ, алдыңғы қатар ағаларымыз бен апаларымыздың кезіндегі ел ырысын еселеудегі еңбектерін бағалайды, өмір жолдарын құрметтейді және ардақтап мақтан етеді. Аудандағы моральді психологиялық хал ахуал өткен жыл қорытындысымен оң бағалауға тұрады. Аудан бойынша әлеуметтік –саяси ахуалға зерттеу және талдау жүргізу мақсатында тұрғындардан сауалнама алынып отырылды. Сауалнамаға 3000 адам қатысты. Қорытындысы бойынша еліміздің дамуына сенім білдіретіндігін және мемелекет тарапынан қолдауды уақытылы көретіндігін сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 92 пайызы көрсетті. Бұл жақсы көрсеткіш.
Еліміздің болашағын ойлағанда ең алдымен есімізге жастар мәселесі, олармен әлеуметтік жұмыс жүргізу жайы еске түседі. Олай болатыны, жастар жай ғана қоғамдағы адамдар санатының белгілі бір тобы ғана емес, олар – жас қуаттың, еңбек көзінің, идеялар мен тың ұсыныстардың бастамашысы, қоғамдағы қозғаушы күш, халықтың ең белсенді тобы. Сондықтан да жастар мәселесін айтқанда – елдің болашағы туралы ойланамыз.
Президенттің өзі Жолдауда жас азаматтарға үндеу жариялап, білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға шақырды. Қазіргі жасап жатқан реформалар мен атқарылып жатқан қыруар істердің бәрі болашақ үшін, яғни жастар үшін екенін нық қадап айтты.
Ақтоғай ауданы бойынша 14-29 жас аралығындағы жастар саны 4163 адам. Оның ішінде Мемлекеттік қызметтегі жастар саны-75, әскер қатарындағы жастар саны-45, жұмыс істейтіндер саны-726 қоғамдық жұмыстағы жастар саны-39, жұмыссыз жастар саны-177, оқушылар-1210, студенттер-1054, мүгедек жастар саны-54, шаруа қожалықтарында жұмыс жасайтындар-191, кәсіпкерлер саны-216, бала күтіміндегілер саны—185, мұғалімдер саны-131, дәрігерлер саны-27.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында өткен жылы 15 маманға 41207,5 мың теңге тұрғын үй несиесі берілді. Оның ішінде: білім беру саласында - 11; денсаулық сақтау саласында - 2; спорт саласынан - 1 маманға және ветеринария саласынан 1 маман.
Сонымен қатар, 24 маманға әрқайсына 138740 теңгеден 3329,7 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді.
2016 жылға тұрғын-үй несиесінің шекті мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (2121) 1500 еселенген мөлшері 3 181 500 теңгеден есептеліп, 19 маманға 60449,0 мың теңге, көтерме жәрдемақы көлемі айлық есептік көрсеткіштің 70 еселенген мөлшері 148470 теңгеден есептеліп, 6 маманға 891,0 мың теңге қаралды.
Жастардың қатысуымен 467 спорттық, мәдени, дін тақырыбында іс шаралары өтті. Аудан жастары өміріндегі 2015 жылғы айшықты шара, ол аудан орталығында Қарағанды облысы ауыл жастарының ХІІ патриоттық форумының өтуі болды. Бұл форумға облысымыздың барлық аудандарынан, облыстық жастар бастамашыл ұйымдарынан, белсенді топ мүшелерінен 130 жастар қатысты, аудан өмірімен танысты, тарихи мәдени орындарына шеру жасады, коңілді спорт мәдени шаралар ұйымдастырып аудан жақсылықтары мен жаңалықтарына сүйсініп қайтты.
Төтенше жағдайлардың алдын алу күн тәртібінен түспейтін мәселе. Апат айтып келмейді. Оқиғалардың басым бөлігі, көктемгі су тасқынын қоспағанда, жылда қайталанатын дала өрттері, өткен 2015 жылдың өрт қауіпті маусымында орын алған дала өрттерінің саны 2014 жылымен салыстырғанда 39-дан 22-ге дейін, яғни – 43,6 пайызға азайып, жалпы 2551 гектар дала алқаптары өртенген.
Бір қатар ауылдық округтерде, дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қатаң сақтауларына қадағалау жүргізу нәтижесінде (әр бір тракторда міндетті түрде қажетті өрт сөндіру құралдары; -ұрғыш 2 дана, тік күрек 1 дана, киіз 1 ш.м., огнетушитель 1 дана), сондай-ақ ерікті өртке қарсы құралымдарына, шаруа қожалықтарда өрт сөндіруге арналған қарапайым қолда бар өрт сөндіру құралдары дайындалып (транспортерлік лентадан,камерадан жасалған ұрғыштар, соқалы тракторлар, су тасығыштар), нәтижесінде 9 ауылдық округтерде дала өрттері азайды, атап айтқанда:
- Нүркен ауылдық округінде өрт болған жоқ (2014 жылы - 8 дала өрті);
- Ортадересін ауылдық округінде өрт болған жоқ (2014 жылы- 11 дала өрті);
- Жидебай ауылдық округінде 1 дала өрті (2014 жылы-4 дала өрті);
- Ақтоғай ауылына қарасты жерінде 1 дала өрті(2014 жылы-3 дала өрті);
- Шабанбай би ауылдық округінде 2 дала өрті (2014 жылы- 3 дала өрті);
- Торанғалық ауылдық округінде 2 дала өрті (2014 жылы - 6 дала өрті, ауданның жер қорына жататын Балқаш-Мойынты темір жолының Сарықұм, Бүйрек разъездерінің солтүстік маңайында);
- Сарытерек ауылдық округінде 2 дала өрті (2014 жылы - 2 дала өрті);
- Қарабұлақ ауылдық округінде 2 дала өрті (2014 жылы - 2 дала өрті);
- Қызыларай ауылдық округінде 2 дала өрті (2014 жылы - 3 дала өрті).
Тек Айыртас ауылдық округінде көп жер жанып кетті.

Жылдағы жаман әдет былтыр да қайталанып, фермерлер жауапсыздық танытып, өздерінің ескі техникаларының ақауынан өрт шығарып алып, тағы да олардың өртін сөндіруге мекеме қызметкерлері мен жергілікті әкімдіктер жұмылдырылды. Бұл дұрыс жағдай емес! Ал учаскелік полиция қызметкерлері мен төтенше жағдай департаменті қызметкерлері өрт шығарған жер иелеріне Заңға сәйкес әкімшілік шаралар қолдана алмай дәрменсіздік көрсетті. Биылғы жылы бұндай келеңсіздікке жол бермеуге жаңадан құрылған жергілікті полиция қызметі белсенді кіріседі деп есептеймін.
Сонымен қатар, су тасқынының алдын алу шаралары да кезек күттірмейтін мәселе. Қәзірден бастап көктемге дайындалу керек. Биылғы қыстың ылғалды болуы да алаңдатуда. Ең алдымен ауданның ең ірі Тоқырауын өзені арнасының жалпы ұзындығы 17 км. болатын бөліктерін тазарту және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсаты тұр. Өткен су тасқыны салдарынан Тоқырауын өзенінің әр жағасында орналасқан Ақтоғай ауылының су сору станциясының ғимараты зақымданып, қәзіргі уақытта апатты жағдайда. Дәл осындай су тасқыны қайталанса ауыл тұрғындары ауыз сусыз қалары анық. Қандай алдын алу шараларын іске асыру керек екені жоғарыда айтылды. Сол сияқты былтырғы Қарасу ауылын бүлдірген су тасқынына бірден бір себепкер болған Тоқырауын өзенінің Нарманбет ауылы тұсындағы 5 шақырым бұзылған арнасын қалпына келтіру үшін төтенше жағдай қорынан қаржы қарастырып наурыз айында жұмыстар жасау жолдарын қарастыруды тиісті басшы, бөлімдерге тапсырамын. Сондай-ақ аудан көлемінде орналасқан 6 су қоймаларын үстіміздегі жылдың ішінде «Қарағанды су қоймалары» облыстық мекемесі балансына беру мәселесі шешілуі үшін тиісті мамандардың жанды жұмыстары қажет. Су айдынында автокөлік өткелдері, жаяу жүретін мұзды өткелдері, мұз астындағы балық аулайтын жерлерді түгендеп, жеке меншік түріне қарамастан нақты иелеріне адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік жүктеу туралы ескертіліп отырады.
Алдағы 2015-2016 жылғы қысқы маусымында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша аудан әкімінің тиісті резерв қоры қалыптастырылған. Аудандық «Тоқырауын тынысы» газеті арқылы су айдындарында және қысқы маусымда қауіпсіздік ережесін сақтау туралы үнемі хабарлап отырылады. 2015-2016ж.ж. қысқы маусымда аудан орталығынан елді-мекендерге апаратын жолдарды дер уақытында тазалауын қамтамасыз етуге арнайы техникаларды жұмылдыру жоспары жасалған, осы мақсатқа ауданның жол жөндеу кәсіпорындарының («Берер» ЖШС, «Бегімбетов» ЖК), коммуналдық кәсіпорындардың және жеке кәсіпкерлердің арнайы техникалары барынша жұмылдырылатын болады. Бұл жұмыстарға әр ауылдағы шаруа қожалықтарының да көмектесетін уақыты келді !
Аудан бойынша моральдық хал-ахуалдың жағдайы, барлық деңгейдегі әкімдер мен басшылардың елмен заңды жұмыс жасауының бір көрсеткіші, елдің арыз- шағым, өтініш -тілектеріне байланысты . 2015 жылы аудан әкімі аппаратына 740 өтініш қабылданды, оның ішінде жеке тұлғадан-773, заңды тұлғадан-86, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 20,5%-ға жоғарылағанын көрсетеді. Пайыздық мөлшердің жоғарылау себебі тұрғындардың биылғы жылы ауа райының қолайсыздығына байланысты болған су тасқыны салдарынан келіп түскен өтініштері және екінші жағынан бұл тұрғындардың билікке деген сенімінің пайда болуы деп бағалау керек.
Өтініштердің басым көпшілігі жер мәселесі, тұрғын үй беру, төтенше жағдайлар жөнінде, жұмыс мәселелеріне байланысты түскен. Ауылдық округтер бойынша тускен өтініштер :


Кент, ауыл, ауылдық округ атауы

Өтініш саны

1.

Ақтоғай ауылы

238

2.

Сарышаған кенті

99

3.

Шашубай кенті

87

4.

Қарабұлақ а/о

68

5.

Тораңғалық а/о

49

6.

Кежек а/о

38

7.

Жидебай а/о

34

8.

Қараменде а/о

18

9.

Қызыларай а/о

18

10.

Нүркен а/о

16

11.

Ортадересін а/о

13

12.

Тасарал а/о

13

13.

Сарытерек а/о

16

14.

Шабанбай би а/о

9

15.

Айыртас а/о

8

16.

Қусақ а/о

10

17.

Абай а/о

6

Барлығы:

740

Өтініштердің салалық сипаты бойынша талдау жасасақ:


Өтініштің сипаты

Өтініш саны

1

Жер мәселесі

315

2

Тұрғын үй мәселесі

104

3

Коммуналдық сала бойынша

10

4

Жұмыс мәселесі

152

5

Білім саласы бойынша

6

6

Материалдық көмек мәселесі

13

7

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы

16

8

Өз ісін ашуға несие сұраған

8

9

Ауылшаруашылығы мәселесі бойынша

2

10

Кәсіпкерлік саласы бойынша

6

11

Төтенше жағдайлар бойынша

51

12

Басқа да мәселелер бойынша

57

Барлығы:

740

2015 жылы жоғары тұрған органдардан келіп түскен өтініштер бойынша төмендегідей:
ҚР Парламент Сенатынан – 2 өтініш келіп түскен;
Облыстық «НұрОтан» партиясынан-1 өтініш;
ҚР Бас прокуратурасынан – 1 өтініш
Қарағанды облысы прокуратурасынан – 3 өтініш
Қарағанды облыстық сотынан – 1 өтініш
Аудандық прокуратурасынан - 3 өтініш
Тиісті жауаптары берілген.
Өткен жылы аудан әкімінде-61 адам, орынбасарларда- 110 адам, аппарат басшысында-4 адам қабылдауда болып, 7-нің мәселелері шешіліп, 168-не түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Облыс әкімдігінен 70 хаттамалық тапсырма келіп, оның 46-і орындалып, 24-і бақылауда.
Өткен жылы аудан әкімі 431 тапсырма беріп, оның 289 –ы орындалды, 12-нің мерзімі ұзартылды, 130-ыіорындалу мерзіміне сәйкес бақылауда.
Жоғарыда айтылған жұмыстардың бәрін атқаратын, жүзеге асыратын, реттейтін - кадрлар. Біздің басты мақсатымыз жастарды қызметке кеңінен тарту.
Ақтоғай ауданы әкіміне қарасты 159 мемлекеттік қызмет штат бірлігінің 21-і аудан әкімі аппаратына, 91-сі кент, ауылдық округтер әкімдеріне, 47-сі дербес бөлімдерге бөлінген.
Жыл басына 31 жұмыс орны бос болуда. Олардың 2-і аудан әкімі аппаратында, 14-і аудандық дербес бөлімдерде оның ішінде 3-і бөлім басшысы лауазымы, 15-і кент, ауыл, ауылдық округтерде.
Ауданда, мемлекеттік қызметтің бос орындарын толықтыруда жыл ішінде 91 орынға 6 конкурс жарияланып, 29 орын толықтырылды. Ауылдық округтер әкімдерінің сайлауы өткізіліп, 3 бос орынға әкімдер сайланды.
Кейінгі екі жылда 79 жас маман жұмысқа алынса, 23 жас маман басшылық лауазымға тағайындалды.
2015 жылы өз өтініштері негізінде 21 мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылды, оның 7-і басшылық лауазымнан. Теріс қылықтары үшін жұмыстан босатылғандар болған жоқ. 27 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылды, сыбайлас жемқорыққа байланысты тәртіптік жаза қолдану фактісі болған жоқ.

Құрметті жерлестер!
Міне, қысқаша аудан бойынша 2015 жылы атқарылған жұмыстар нәтижесімен және 2016 жылғы алдымызға қойған міндет-жоспарлармен таныстырдым.
Естеріңізде болса өткен жылғы есептік кездеуде алдағы 2015 жылы да атқаратын жұмыстарымыз, жетістігі мол 2014 жылдан кем түспеуіне жұмыс жасайтынымызды айтқан болатынмын. 2015 жыл межелері де негізінен орындалды. Елбасмыздың сөзімен айтсақ, нағыз дағдарыс енді келді, мұнай бағасы құлап, теңгеміз де әлсіреп тұр. Осыған қарамастан бюджеттің кіріс бөлігінің 2015 жылы да артық орындалуының арқасында 2016 жылға ауданның алға жылжу динамикасын тоқтатпауға біраз қаржы салып отырмыз. Егер дағдарыс тым қысып жібермесе, жалпы бюджет тапшылығы орын алмаса биылғы жылы да атқарылатын жұмыс өткен жылдан кем болмайды деп есептеймін.
Елбасымыз «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында: «Біз өзіміздіӊ жаӊа арманымызға қарай жақындауды Бес халықтық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам - Ұлт жоспарын жасаудан бастадық. Біз өзіміздіӊ қазақстандық арманымыздыӊ орындалуына және Қазақстанныӊ өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз» деп айтқан болатын.
«Өсер елдің баласы арманшыл болар, өшер елдің баласы жанжалшыл болар» дейді дана халқымыз. Ендеше арманшыл болайық құрметті ағайын, сонда біз атқармайтын жұмыс, алмайтын қамал болмайды.

Назарларыңызға рахмет!

Дата cоздания: 20 Июня 2016 09:42
Дата редактирования: 20 Июня 2016 09:44
Послание Президента Республики Казахстан Н.Назарбаева народу Казахстана. 5 октября 2018 г.
Официальный сайт президента Республики Казахстан
Стратегия Казахстан 2050 Наша сила
Официальный сайт премьер министра Республики Казахстан
Показать всю карту сайта