Нұра ауданының жаңа әкімі тағайындалды

Нұра ауданының әкімі қызметіне бұған дейін Ақтоғай ауданының әкімі болған 60 жастағы Ниқанбай Омарханов тағайындалды
Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жұмыс сапарымен Нұра ауданында болды. Өңір басшысы аудандық мәслихаттың ІІ кезектен тыс сессиясына қатысты. Оның барысында депутаттарға аудан әкімінің лауазымына Н. Омархановтың кандидатурасы ұсынылды. Депутаттар оны бірауыздан мақұлдады. Облыс әкімі ауданның жаңа басшысын активке таныстырды.
Нұра ауданының бұрынғы әкімі Құдайберген Бексұлтанов Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты болып сайлануына байланысты лауазымынан босатылды.
Актив отырысында ауданды дамыту бойынша міндеттер қойылды.
«Нұра ауданы облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін ірі өндірушілердің бірі болып табылады және өңірде дәнді-дақылдарды себу көлемі (253,5 мың га) бойынша екінші орында. Биыл дәнді-дақылдар егу, картоп отырғызу ауданын ұлғайту жоспарлануда, - деп атап өтті Н. Әбдібеков. - Аудан дамуының серпінді қарқынын сақтау қажет».
Н. Омархановтың екі жоғары білімі бар, Целиноград ауыл шаруашылығы институты мен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін бітірген. Мамандығы бойынша инженер-электрик, экономист.
20 жылдан астам Қарқаралы ауданында ауыл шаруашылығы саласында түрлі лауазымдар атқарды. Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары, әкімі болды. Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, «Агроконсалтинг» АҚ басқармасының бастығы болып қызмет атқарды. 2013 жылғы маусымнан бастап осы тағайындауға дейін Ақтоғай ауданының әкімі болды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.