жоғары
ресми ақпараттық
порталы
Қарағанды -3°C
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы cайттың ең маңызды бөлімдері
Виртуалдық қабылдау бөлмесі

Әкімнің іс сапарлары

Назад
13 Сәуір 2013

Биік мақсатқа – берекелі іспен

13 сәуірде облыс әкімі Бауыржан Әбдішев жұмыс бабындағы сапармен Ақтоғай ауданында болып қайтты. Сапар мақсаты – ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысу. Аймақ басшысы сапар бағдарламасы шеңберінде бірнеше әлеуметтік нысандарда болып, шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездесті. Бірінші кездесу Ортадересін селолық округіне қарасты Ақжайдақ станциясының тұрғындарымен болды. Бұл жерде облыс әкімі жергілікті тұрғындарды халықтың тұрмыстық ахуалын арттыру және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың талапшыл тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында атқарушы билік органдарының атқарып отырған тыңғылықты жұмыстарымен таныстырды. Мәселен, шалғайдағы Ортадересін аулын дамытуға «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 167 мың теңге, «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша 700 мың теңге, «Балапан» бағдарламасы негізінде шағын орталық жұмысына 1 млн. 355 мың теңге қаржы бөлінген. Аймақ басшысы кездесуге қатысушы тұрғындардың теміржол станциясын Ортадересін селосымен және Балқаш қаласымен байланыстыратын автожолының, сумен жабдықтау станциясы мен электр тасымалдау желісінің жөндеу жұмыстарына қатысты сұрақтарына жауап берді. Станция 1967 жылы салынған. Осыған қарамастан әлі күнге дейін телефон байланысымен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар станцияда мектепке дейінгі тәрбие ошағы мен бастауыш мектеп жоқ. Кездесу барысында көтерілген барлық мәселе бойынша Бауыржан Әбдішев аудан әкімі мен тиісті облыстық құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Оның ішінде, телефон байланысын тарту мәселесі «Қазақтелеком» АҚ облыстық дирекциясы арқылы үш айдың ішінде шешілетіндігін жеткізді. Дәл осындай ашық әңгіме өрбіген жылы жүзді кездесу Қарабұлақ селолық округінің Нарманбет ауылында да болды. Мұнда да әлгіндей өзекті мәселелер көтерілді. Оның ішінде ауыл тұрғындарын айрықша алаңдатып отырған мәселе - кезінде бұл ауылдың даму әлеуеті мен мүмкіндігі төмен елді мекендер қатарына еніп кеткендігі. Осыған байланысты аймақ басшысы аудан әкіміне аталған ауылдардың даму мүмкіндіктерін қайта саралап, жаңартылған мәліметтерді облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жолдауды тапсырды. Бұл мәліметтер одан әрі ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жөнелтілетін болады. Облыс әкімі ауылдың дәрігерлік амбулаториясы мен орта мектепте болып, олардың жұмысымен танысты. Ал, аудан орталығында болған сәтінде аймақ басшысы «Аққыз» балабақшасына ат басын тіреп, мұнда жалпыоблыстық сенбілік аясында ағаш көшетін отырғызуға қатысты. Сондай-ақ археографиялық-этнографиялық мұражайда, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болып, «Үш арыс» алаңының абаттандыру жұмыстарымен танысты. Облыс әкімі ат басын бұрған тағы бір нысан – «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үй құрылысы болды. Аудан басшыларының айтуынша бұл нысанның ауласы толық абаттандырылып, инженерлік құрылғылары – су, кәріз, электр желілері тартылған. Сондай-ақ, бұл нысан – сыртқы қабырғалары көпқаптамалы болғандықтан, энергиялық тұрғыдан өте тиімді. Мәселен, қабырғалары жылуды сыртқа өткізбейтін, яғни, барынша жылу ұстауға қауқарлы пенопласт қаптамалармен қапталған. Облыс әкімі осы үйден мемлекет қамқорлығы арқасында баспаналы болған шаттықты шаңыраққа тарту ретінде теледидар сыйлады. Осыдан кейін актив жиынын өткізген Бауыржан Әбдішев аудан әкімінің есебін тыңдап, келер күннің келелі міндеттерін пысықтады. Оның ішінде, мал шаруашылығының жайылымдық сипатын арттыру, жемшөп базасын нығайту мәселесіне баса назар аударды. – Бұл бағыттарды дамытуға мемлекет зор көңіл бөліп, жақында ғана агроөнеркәсіп кешенін дамыту Бағдарламасы қабылданды. Барлық жағдай жасалып отыр. Тек қана ынталы шаруашылықтарға барынша қолдау көрсетуіміз керек, – деді облыс әкімі. Бай тарихи мұраларымен, ұлы тұлғаларымен танымал Ақтоғай топырағының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы осы өңірді туристік орталыққа айналдыру мәселесін де өткір көтерді аймақ басшысы. Жиын соңында Бауыржан Әбдішев аудан басшылығына мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру, Ақтоғай ауданында туризм кластерін дамыту жоспарын әзірлеу, «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде шаруалардың асыл тұқымды мал мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуына қолдау көрсету, шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету шараларын жан-жақты түсіндіру, білім беру мекемелеріндегі компьютер базасын жаңарту және басқа да әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қатысты кезек күттірмес мәселелерге орай нақты тапсырмалар жүктеді. – Мемлекет басшысы өз Жолдауында біз атқаруға тиісті негізгі тапсырмаларды нақты белгілеп берді. Осы залда отырғандардың әрқайсысы және ауданның әрбір тұрғыны қолда барға тоқмейілсіп, қол қусырып, біткен іске тек бақылаушы болып қана отыруға тиісті емес. Біз аймақты дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан жарқын істерге білек сыбана кірісіп, ортақ іске өз үлесімізді белсенді түрде қосуымыз керек. Жүйелі жұмыс жүргізу арқылы ғана биік мақсат, оң нәтижелерге қол жеткіземіз, – деді облыс әкім сөз соңында. Облыс әкімінің баспасөз қызметі



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы 2 қыркүйек 2019
Қазақстан республикасы президентінің ресми сайты
Қазақстан 2050 Мәңгілік ел
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Пайдалы сілтемелер
Сайт картасы