жоғары
ресми ақпараттық
порталы
Қарағанды 9°C
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы cайттың ең маңызды бөлімдері
Виртуалдық қабылдау бөлмесі

АЙТУЛЫ ӨНЕР ШАШУЫ

Назад

3 шілдеде кешкілік Қарағанды жұртшылығы Кеншілер мәдениет сарайында облысымыздың аудандарынан келген тума талантты өнер ұжымдарының тамаша концерттік бағдарламаларын қызықтап, рухани мол азық алғандарын айтар едік. Бұл күнгі сахна шымылдығын ашу құрметі Қарқаралының «Салтанат» халықтық ән-би ансамбліне тиді. Осыдан соң «Балқантау сазы» ансамблі және «Ұлытау» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, Шет ауданының «Ақадыр әуендері» фольклорлық ансамблі мен Жаңаарқаның «Назқоңыр» фольклорлық-этнографиялық халықтық ансамблі, Ақтоғайдың «Тоқырауын толқыны» халықтық ән-би ансамблі мен Нұра ауданының халық аспаптар оркестрі және Бұхар жырау ауданының Доскей ауылынан келген халықтық ұлт-аспаптар оркестрі өз өнерлерін ортаға салып, жиналған көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
4 шілде, таңертеңгілік мезгіл, қаламыздың Бұхар-жырау даңғылы бойына қызылды-жасыл киінген, жан-жақтан келген өнер ұжымдары шоғырланып жиналды. Көп ұзамай-ақ осы арадан І халықаралық түркі музыкасы фестиваліне қатысушылардың мерекелік шеруі басталып та кетті.
Шеру алдында 4 сарбазы жанында, қолына еліміздің көк байрағын ұстаған, «Алтын адам» келеді ат үстінде.
Көне дәуіріміздегі материалдық құндылықтардан, мәдениет пен өнер т.б. салалардан мол дерек беретін Алтын адам, сол кездегі сақтарда мемлекеттік өркениет ертеден қалыптасқанын дәлелдейді. Алтын адам бүгінде Қазақ елінің азаттық символына айналды. Оның тұлғасы Алматының бас алаңына орнатылды, төбе бөркіндегі қанатты тұлпарлар бейнесі Елтаңбамызға еніп, көркін келтіруде.
Одан соң сақтың ержүрек те батыр, қайтпас қайсар қыздары бой түзеген.
Бүгінгі шеру төрінің көркі болған тарихи тұлғаларымыз қазақтың Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерінің алар орны ерекше. Бұл үшеуін өз дәуірінде елін, жерін шапқыншы жаудан қорғап қалуда, елдің, халықтың бірлігін, ынтымағын сақтауда, адамгершілік, парасаттылық, ата-баба намысын, дәстүр-салтын сақтауда зор еңбек сіңірген, хандарға, патшаларға ақыл-кеңес берген билердің биі, ұлыстың ұлы биі, бас би, ата би, баба би, көсем би деп қадір тұтамыз.
Қазақ халқының бұл үш биі ел басына күн туғанда, қиыншылық кезде де, билер кеңесі кезінде де, ел жиналған айт, ас, той тұсында да, жер дауы, жесір дауы, құн дауы көтерілген жерде де бірге бас қосып, ел тағдырын бірге шешісіп келген. Кейде екі би бір шешімге келе алмай қалғанда, үшіншісі ортадан билік айтып дауды тындырып отырған.
Бұхар жырау Қалқаманұлы – 1685-1777 жылдар аралығында өмір сүрген. Әкесі Қалқаман кезінде Тәуке ханның 90 мың қолын басқарған айтулы батыры болыпты. Бұхар жырау жастайынан-ақ сол кезеңдегі хан, бек, батыр билермен бірге жүріп ел билігіне араласады, кейбір шиеленіскен дау-жанжалдарды шешуде өзінің ақыл-парасатын, тапқырлық, шешендігін танытады. Әділ билігі, көрегендігі, әдемі де ойлы жыр толғауларымен елін елеңдетіп, халық құрметіне бөленеді.
Шерудің сәнін келтіріп келе жатқан лиро-эпостық жырының кейіпкерлері Айман-Шолпанды кім білмейді. Қазақ елінің әлеуметтік-қоғамдық тіршілігін, тұрмыс-салтын қамтыған шығарманың кейіпкері – Айман тек жеке басының бостандығын ойламайды, ол ел тыныштығын, ынтымағын көксейтін ақылды, өжет те қайсар қыз бейнесі. М.Әуезовтің «Айман – Шолпан» жыры бойынша жазылған музыкалық драма, 1934 жылдан бері Қазақтың Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының репертуарынан түспей келсе, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театрының әр маусымы ашылуында қойылып, көрермендер көзайымы болып жүр.
Достық шаңырағын көтерген шеруге қатысушылар – Егеменді еліміз Қазақстан – бірлігі мен ынтымағы, өзара бауырмалдығы жарасқан қаншама ұлт өкілдерінің басын біріктірген үлкен де айтулы мемлекет екендігін мақтаныш тұтады. Елімізді мекен еткен сан алуан ұлттар мен ұлыстар бір-бірімен қоян-қолтық араласып, тату-тәтті достықта, бір шаңырақ астында алаңсыз ғұмыр кешуде, олардың арман-тілектері, мақсат-мүдделері өзара ұштасқан. Осы ретте Қазақстан халықтары Ассамблеясының алатын орны ерекше екендігін айтар едік.. Еліміз егемендік алғаннан бері ұлтаралық келісім мен ынтымақтастықтың, өзара татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді десек, осы уақыттар ішінде тамаша салт-дәстүріміз қалыптасты.
Егеменді қазақ елінің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуді бастағаны баршамызға аян. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің халқына арнаған Жолдауында: – біздің еліміздің атқарып отырған миссиясы символикалық және тарихи мәнге ие. Символикалық болатын себебі – Қазақстанның төрағалық етуі Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі Хельсинки актісінің қабылданғанына 35 жылдығына дәл келіп отыр. Тарихи деп айтуымыз – бұрын болмаған прецеденттің орын алуы, ең алғаш шығыстық мұсылман елі, бұрынғы кеңестік одақтың құрамындағы мемлекет ЕҚЫҰ-ын басқаруда. Бұл Қазақстанның саяси өміріндегі ғана емес, аталған ұйымның қызметіндегі жаңа бетті ашып отыр, - деген болатын. Ендеше сүйікті Отанымызға деген аса зор мақтаныш пен құрметті одан сайын еселеп асқақтатқан іске абырой мен мол табыстар тілейік!
Ендігі кезекте «Ұлы дала сазы» І халықаралық фестиваліне қатысушылар сап түзеген. Алда еліміздің сонау батыс өңірінен келген қонақтарымыз – Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі (Ақтөбе қ)
Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі 2003 жылы құрылды. Көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, композитор Қайырғали Қожанбаев. Оркестр 55 адамнан тұрады. Дирижерлары: Құрманғазы атындағы республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты Мәдина Қабижанова және республикалық «Шабыт» фестивалінің, Н.Тілендиев атындағы халықаралық дирижерлар конкурсының лауреаты Елубай Кенжалиев.
Оркестр орындаушылары – Қазанғап атындағы республикалық күйшілер сайысының лауреаты Жайлау Асылханов, Ш.Қалдаяқов атындағы ІІІ халықаралық конкурстың бас жүлдегері Марат Әйтімов, Қазақстанға еңбек сіңірген өнер қайраткері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Светлана Айтбаева.
Оркестр 2007 жылы Ресейдің Магнитогорск қаласында өткен Халықаралық «Европа-Азия» фестивалінің Бас жүлдесін иеленді. 2008 жылы «Жұбанов көктемі – 2008» халықаралық фестивальдің лауреаты атанды.
Оркестр репертуарында халық күйлері, қазақ және шетел коипозиторларының шығармалары қамтылған.
– «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблі –(Талдықорған қ.)
Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде жарық көрген ежелгі сақ дәуірінен халқымызға мирас болып қалған «Адырна» аспабы табылған соң, сол антикалық аспаптың үнін қайта жаңғырту мақсатымен халқымыздың біртуар перзенті, тарихшы, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей басқаруында қазақ халқының асыл мұрасы, дәстүрлі күйлері мен әндерін насихаттау жолында фольклорлық-этнографиялық ансамбль құрылып, «Адырна» деп аталды.
Ансамбль құрамында музыкалық аспаптар жетіген, сыбызғы, саз-сырнай, шертер, домбыра, қыл қобыз, аса таяқ, дауылпаз, шаңқобыз аспаптары қолданылуымен қатар, «Адырна» аспабы тек осы ансамбльде қолданылатындығын атап айтқан жөн. Солармен бірге сырнай, ксилофон, қоңырау, прима-қобыз сияқты қазіргі заманның аспаптары да аса шеберлікпен пайдаланылып жүр.
Бүгінде ансамбль 14 адамнан тұрады, олардың кәсіби деңгейлері жоғары, Алматы Мемлекеттік консерваториясын бітіргендер. Музыка аспаптарында шебер ойнаумен қатар көбі ізденіс үстінде, көптеген күйлер мен әндерді ансамбльге өңдеп түсіруде.
20 жылдық тарихы бар ансамбль бүгінге дейін көптеген жерлерде болып, өз өнерлерімен қошеметке бөленген. Гастрольдік сапарлармен Мексика, Германия, Түркия, Польша, Ресей, ҚХР, Оңтүстік Корея тәрізді шет елдерге барып, халқымыздың этнографиялық асыл мұрасын насихаттап келеді.
Шерушілер қатарында туысқан Башқұртстаннан келген Қурайшылар ансамблі. Іргетасы 2008 жылы қаланған ансамбль құрамына жаста болса шеберлігі шыңдалған қурайшылар кірді. Аз уақыттың ішінде олар жоғары музыкалық қабілеттерімен танылып, бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты атанды. Мәселен, «Еуропа-Азия» - (Магнитогорск, 2008ж.), Дильмухаметов атындағы қурайшылар конкурсы (Уфа қ. 2009ж.).
Ансамбльдің орындауында башқұрт халық әуендерімен қоса, шетелдік композиторлардың қазіргі заманауи шығармаларынан жиналған попурри бар.
2007 жылы режиссер Болат Атабаевтың және «ӘлемАрт» қоғамдық қорының атсалысуымен, қазақтың ұлттық музыкасын сақтау және әлемге таныту негізінде, елімізде тұңғыш «Керулен» атты этно-фольклорлық ансамблі (Алматы қ.) құрылған болатын. Бүгінде жұртшылыққа кеңінен танымал ансамбльдің этнографиялық экспедицияларда жүріп жинақтаған көне дауыс ырғақтары, түркі әлемінің әлі толық ашылмаған, сан-қырлы құпияға, адам мен табиғат арасындағы, Тәңір мен адам арасындағы байланысқа негізделген. Шығармашылық зерттеу мақсаты тек қана көне әуендерді тірілтіп, қалпына келтіру емес, олардың сырын ашу болып табылады. Басқа фольклорлық ансамбльдерден ерекшелігі – аймақтық ерекшелікті сақтай отырып, диалектісі мен әуен ырғағын халық арасындағы шебер орындаушылардан алған қалпында жеткізуінде.
Шеру қатарындағы «Татарика» оркестрі – (Қазан қ.) 1993 жылы Қазан Мемлекеттік консерваториясының татар музыка өнері факультетінде құрылды. Басты мақсаты – Волга мен Орал маңайын мекендеген түркі халықтарының музыка өнерін кеңінен насихаттау, ұлттық аспапта ойнау дәстүрін үйрету болды. Тынымсыз еңбек, репертуарларын жаңғыртып отыру, танымал жеке әншілермен жұмыс жасау, телерадиолармен тығыз байланыс нәтижесінде оркестр тек Татарстанға ғана емес, Ресейге, көршілес мемлекеттерге таныла бастады. Оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, профессор Ринат Халитовтың қажырлы еңбегінің арқасында студенттерден құрылған ұжым жоғары кәсіби деңгейге көтерілді. Оркестр фольклорлық музыканың өзіндік өңделуімен ұлттық аспаптарда жетік ойнауымен қатар, түркі музыкасының қайталанбас әсерін жеткізе орындайды.
Бауырлас Түркия елінен келген Түркі әлемі музыкасының оркестрі – (Анкара қ.) 2000 жылы Түркия республикасы Мәдениет министрлігінің қаулысымен құрылды. Осындай оркестрді құрудағы мақсат – Алтай тауларынан Балқанға дейінгі Еуразияның алып территориясын мекен еткен түркі халықтарының музыкалық мұрасын насихаттау және сахналау болатын. Осы ниетпен алғаш рет түркі халықтарының ұлттық музыкалық аспаптары бір орталыққа біріктіріліп, белгілі әндер мен музыкалық шығармалар жаңаша өңделіп орындалды. Оркестрдің репертуарында 20-ға жуық халықтардың ұлттық ән-күйлері бар. Оркестрдің белді әншісі – халықаралық конкурстардың лауреаты Фериял Башел.
Шеру көркін келтіріп Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі келеді. Осыдан жиырма үш жыл бұрын, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Қажығалиев тұсауын кескен Тәттімбет оркестрінің алғашқы бас дирижері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай.
Оркестрмен әр кезеңдерде Қазақстанның халық артисі А.Мырзабеков, Ресей халық артисі Н.Калинин, Өзбекстанның халық артисі Ф.Садықов, Ресей, Татарстан және Қазақстанның халық артисі, академик Ф.Мансуров тағы басқа да көптеген әлемге танымал дирижерлар концерттер өткізді. Оркестр алыс-жақын шетелдердің бәрінде дерлік гастрольдік сапарда болып, талғампаз көрерменнің қошеметіне бөленді. Оркестр мүшелері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғ.Болтаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Тәшімов, Мәдениет қайраткерлері Б.Смағұлов, М.Ыбыраева, Қ.Ғабделов, Республикалық конкурстардың лауреаттары Е.Оспанханов, Қ.Бақыраев, С.Ізтілеуов әншілер: Күләш Байсейіттова атындағы Республикалық конкурстың лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Талғат Ыдырысов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Адамбеков, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері Жақсыкелді Кемалов тәрізді өнерпаздардың орындаушылық шеберліктеріне жұртшылық қашанда тәнті болып жүр. Оркестрмен халқымыздың бұлбұл көмей әншісі, Қарағандыдағы Жұлдыздар аллеясында есімі бірінші болып жазылған Бибігүл Төлегенова тағы басқа да көптеген сахна жұлдыздары өнер көрсетті.
Бүгінде оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі Ерлан Бақтыгерей және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Әбдуғалисын Шоқанбаев.
Шеруді аудан өнерпаздары жалғастыруда. Қарқаралы ауданының «Салтанат» халықтық ән-би ансамблі 1969 жылы құрылды. Ансамбльдің арнайы сценарийін жазып, оны жүзеге асыруда жерлесіміз Атығай Шаниннің сіңірген еңбегі зор. Қашаннан бері әуелеген ән мен күмбірлеген күйдің, өрісті өнердің қанат жайған ордасы болған Қарқаралының өнерпаздары сол бір игілікті дәстүрді лайықты жалғастырып келеді.
Аталмыш ауданның Егіндібұлақ селосының «Балқантау сазы» ұлт-аспаптар ансамблі шеру легінде. 2000 жылы Тәттімбет атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің жанынан құрылған «Балқантау сазы» ансамблі халық әндерінің небір тамаша інжу-маржандарын ел арасында өз бояу нақышымен кеңінен насихаттап, айтулы еңбек сіңіріп жүр.
Ақтоғай ауданының «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі – Ақтоғай дүйім қазақ таныған жер,
Өнердің уызына жарыған жер.
Манарбек, Әсет, Күләш, Аққыз туған,
Қыдыры ән мен жырдың дарыған жер.
Елі бар байлық емес, бақыт қуған,
Жаралған жан жүрегі жаһұт-нұрдан.
Ақтоғай – үш арыстың құт мекені,
Әлихан, Әлімхан мен Жақып туған. – деп, жырлаған халқымыздың інжу-маржан асыл мұраларын өнер өзегіне айналдырған ансамбль ұжымы уақыт өткен сайын қанаты қатайып, шығармашылық ізденістерімен шыңдалу үстінде.
Шеруді Ұлытау ауданының «Ұлытау» фольклорлық халықтық ансамблі жалғастырып келеді. Аталған ансамбль өнерпаздары аудан жұртшылығына, шалғайдағы елді мекендерге, еңбек ұжымдарына мәдени қызмет көрсетіп келеді. 1994 жылы Қазақстан – Италия елшілігі және Жезқазған мәдениет басқармасының жолдамасымен Жерорта теңізінің жағалауындағы Италия елінде болып, Рим, Кольяри қалаларында, Сардиния аралында шетелдіктерге қазақтың өнерін көрсетіп қайтты. Қазақстан Халықтар Достығы фестивалінің лауреаты атанды.
Бұхар жырау ауданы Доскей ауылының Халықтық ұлт-аспаптар оркестрі келеді шерулетіп. Осынау 20-25 адамнан тұратын оркестр 1999 жылы құрылған болатын. Бүгінде 40-тан астам мүшесі бар оркестрдің көркемдік жетекшісі Қанат Оспанов ҚР білім беру ісінің үздігі, облыс әкімі сыйлығының иегері, қазіргі таңда оркестрдің репертуарын жаңғыртып, шығармашылық деңгейін шыңдау үстінде.
Шет ауданының «Ағадыр әуендері» фольклорлық ұлт-аспаптар халықтық ансамблі 1984 жылы құрылған. Ансамбль бүгінгі күні халықтың рухани байлығының өсуіне, өнеріміздің өркендеуіне мол үлесін қосып келеді. Бағдарламасында негізінен халық әндері мен күйлері қамтылып, жаңа шығармалармен толықтырылып отырады.
Жаңаарқа ауданының «Назқоңыр» халықтық этнографиялық ансамблі – 1989 жылы Жаңаарқа ауданының 60 жылдық мерейтойына сол кездегі студент Бекболат Тілеуханов пен Рүстем Күлшебаевтың ұйымдастыруымен іргесін көтерді. Құрамында баян, шертер, шаңқобыз, асатаяқ, қыл қобыз, прима қобыз, тайтұяқ, дабыл, домбыра, сылдырмақ тәрізді көне музыкалық аспаптары бар.
Нұра ауданының қазақ ұлт аспаптар оркестрі.
Ұлы Жібек жолы – Еуразия құрылығындағы сауда, керуен жолдарының жалпы атауы. Ол сонау 2-ғасырдан 16-ғасырға дейін Орта Азия арқылы Қытайды Алдыңғы Азиямен байланыстырып келді. Ұлы Жібек жолы негізінен халықаралық маңызға ие болған аса ірі, сауда жолы ретінде тарихта белгілі. Осы кезеңдерде мемлекеттер арасында қарым-қатынастар орнап, біртұтас сауда жүйесінің әсерінен қалалар салынды, қолөнер өндірісі дамыды. Айырбас сауданың орнына тауар-ақша қатынасы пайда болды. Әсіресе, осындағы алуан түрлі сауда-саттық қатынастардың ішіндегі ең маңызды тауар түрлері – жібек, алтын тәрізді бұйымдар халықаралық валюта рөлін атқарды. Ұлы Жібек жолы Орта Азия жерінде 14-ғасырдың аяғына дейін өмір сүрді.
«Қоянды жәрмеңкесі» – Қарқаралы ауданынан 50 км жерде, орналасқан 1848 – 1930 жылдар аралығында жыл сайын өткізіліп, Орталық Қазақстандағы ең ірі сауда орны саналған Қоянды жәрмеңкес,і 25 мамырдан 25 маусымға дейін өткізіліп Сібірді, Оралды, Орта Азияны қамтыды. Тауар-ақша қатынасы арқылы аймақта Ресеймен сауда-экономикалық байланысты қолайлы дамытуға жағдай тудырды, мал өсірумен айналысушыларды нарық сұранымына жақындатты. Сондай-ақ бұл жер ақындар мен балуандардың, халық циркі артистерінің өнерлерін ортаға салып, тамашалайтын орынға да айналды. Мұнда Ұлы Абай бірнеше рет болды. Әміре Қашаубаев, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев, Иса Байзақов, Майра Уәлиқызы, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасов, тамаша артист Қалибек Қуанышбаев өнер көрсетті. Қоянды жәрмеңкесі 1930 жылы жабылып қалды.
Міне, өзіміз куә болғандай, ғасырлар бойы Ұлы даланың тарихын жыр-терме, дастандарында шежіредей өріп, әнмен әспеттеп, аспаптарда төгілдіріп күй шерткен, көне қобыздың сиқырлы да ғажап тылсым сырына халықты елітіп, дамып отырған көшпелі түркі тілдес халықтардың мәдениеті мен өнері, салт-дәстүрлері, аспаптары көп өзгерістерге ұшырамай бүгінгі ұрпаққа аманаттай жетіп отыр.
Сонымен, ұлан-ғайыр еліміздің арғы-бергі тарихы, мәдениеті мен өнерінен сыр шерткен мерекелік шеру бар сән-салтанатымен кернейлетіп, сырнайлатып, қошеметтеліп Кеншілер мәдениет сарайына енді. Сағат 3-те осында жиналған қауым «Ұлы дала сазы» атты түркі халықтарының Халықаралық музыка фестивалінің ашылуына куә болды. Облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова бүгінгі өнер мерекесін салтанатты түрде аша келіп, - Еліміз де даламыз да ұлы, ендеше, бәріміздің мақтанышымыз Астана күнімен және Қазақстан Магниткасының 50 жылдығы аясында, Облыс әкімінің қолдауымен өтіп отырған бүгінгі «Ұлы дала сазы» І Халықаралық фестиваліне қош келіпсіздер, осынау үлкен мән-маңызға ие, түркі халықтары өнер шеберлерінің басын қосқан айтулы мерекені үш күн бойы тамашалап әуезді ән мен күйге бөленулеріңізге тілектеспін, - деді.
Бұл күні қарағандылық көрермендерге «Адырна» (Талдықорған қ.) мен «Қурайшылар» (Уфа қ.) ансамбльдері және Алтай өңірінен келген көмекей әнші Мерген Тельденов, сондай-ақ Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі өз өнерлерін ұсынып, зор қошеметке бөленді.
Фестивальдің келесі күні мәдениет сарайына жиналған өнерсүйер қауым «Керулен» фольклорлық ансамблінің (Алматы қ), Түркияның Анкара қаласынан келген «Түрік әуендері» Президенттік фольклорлық ансамблінің және Ақтөбе қаласының Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптары оркестрінің өнерлерін қызықтап, әсерлене қол соқты.
Кеш соңында жиналған жұрт фестивальге қатысушылардың құрама оркестрлерінің керемет өнерін, сахнадағы дирижерлардың шеберліктерін таңданыспен қызықтап, ұзақ қол шапалағымен ықыластарын білдірді.
6 шілде күні Қарағандының Орталық саябағында фестивальге қатысушылар өздерінің концерттік бағдарламаларын тағы да тамашалатты.
Сонымен, «тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, Астана мен Қазақстан Магниткасының мерейтойларына шашу ретінде ұйымдастырылған Сарыарқа өңірінде дүйім түркі өнері мен мәдениетінің өзіндік құпия сыры мен жырын, әуезді де нақышты ән-күйін, оны орындаушылардың асқан шеберліктерін ортаға салған айтулы өнер мерекесі өз мәресіне жетті. Төрт күн бойы оны қызықтаған қалың жұрттың жүрегінде күмбір күй мен сазды ән ұзақ уақыт сақталатыны даусыз.


УКРАИНА САХНА ШЕБЕРЛЕРІНІҢ
ТАРТУЫ

Астана күнімен және Қазақстан Магниткасының 50 жылдығына орайластырып ұйымдастырылған шараның бірінде, 3 шілдеде «НұрОтан» ХДП ғимаратында, Украинадан келген өнер ұжымдары – Днепропетровск облыстық филармониясының танымал орындаушылары және бандуристер ансамблі өз шеберліктерін қарағандылықтар назарына ұсынып, зор қошеметке бөленді. Осынау өнер ұжымдарын бастап келген Украина өнеріне еңбек сіңірген қайраткер, филармонияның көркемдік жетекшісі Николай Григорьевич Волошин: – Днепродзержинск және Днепропетровск қалаларымен Қазақстанның, оның ішінде кеншілер қаласы Қарағандының өзара іскерлік, мәдени, өнер байланысы мен достық қарым-қатынасы баяғыдан-ақ қалыптасқандығын атап айтар едім. Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Назарбаев бізде оқып білім алып, қанаты қатайып, өндіріс маманы атанғандығын әрдайым мақтаныш тұтамыз. Екі елдің арасындағы ежелгі бауырмалдық, ынтымақтастық тәрізді тығыз байланыс қашанда нығая берсін,-деген жүрекжарды сөзін ортаға салды.
Сонымен, бүгінгі өнер мерекесіне шашу ретінде Украинаның танымал әншілері, халықаралық конкурстардың лауреаттары Галина Линник пен Зинаида Чепаның және З.Заморскийдің, сондай-ақ баянистердің Парижде өткен халықаралық конкурсының жүлдегерлері Андрей Тарасенко мен Сергей Жоровтың, сонымен қоса бандуристер ансамблінің орындауындағы украинаның халық ән-әуендері мен шетел композиторларының бірнеше шығармалары, атап айтқанда, А.Калинкиннің «Украинская фантазия», «Думи мои», Р.Квинтаның «Одна калина», «Край, мій рідний край», баянистер дуэті ұсынған Шаховтың «Каруселі» тыңдаған жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды.
2007 жылы Қазақстанның Украинада өткен Күндеріне Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің бір топ өнерпаз ұжымдары қатысып, оның ішінде Днепродзержинск және Днепропетровск қалаларында болып өз өнерлерін украин жұршылығына кеңінен тамашалатып абыроймен оралған болатын.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан
Қазақстан республикасы президентінің ресми сайты
Қазақстан 2050 Мәңгілік ел
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Сайт картасы