жоғары
ресми ақпараттық
порталы
Қарағанды 12°C
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы cайттың ең маңызды бөлімдері
Виртуалдық қабылдау бөлмесі

ЕЛ ТАРИХЫНДА ТҰҢҒЫШ БОЛАТ БАЛҚЫТЫЛДЫ

Назад

Әдетте әр адам тарих беттері парақталар жаңа жылдан барлық жақсылық атаулыны күтеді. Сол, 1944 жылдың желтоқсанында Жаңа жылды жалпы халық жақсылық әкелер берекелі жыл болар деген үлкен үмітпен күтті. Халықтың бар арман, тілегі қанды соғыстың шапшаң аяқталуы еді.

Осы үмітті жылды қарсы алар желтоқсанның соңғы күнінде Самарқан жұмысшы поселкесі елден ерек, үлкен қарбалас үстінде болды. Қаншалық қырғын болып жатса да татар дәмі таусылғанша тірі адам өз тіршілігін жасайды. Самарқандықтар жаңа жылдық шырша құрып оны безендіруді де ұмытпады. Сөйтсе де елді мекен тұрғындарының бар назары жаңа салынып болған мартен пешінің мұржасында болды. Осы бір мұржадан от ұшқындаған түтін өткен күннің кешінен-ақ бұйраланып көтерілген еді. Үлкен де, кіші де мұржадан жан-жаққа шашылған от ұшқындарын қызықтап түннің бір уағына дейін ояу жүрді. Бүгін кеше сол кеш жатқандар әлденеден құр қалатындай таң алакеуімнен тұрып, жылы киімдерін киіп, сыртқа шықты. Мойындарын созып әлгі завод тұсқа қарайды. Жан-жаққа ұшып жатқан ұшқындарды көріп, әдетте Арқа жерінде жиі болатын таңғы тымық сәттегі жоғары көтерілген ақшулан түтінге қарап көңілдері жайланады.
Бұл кезде кеше кешкілік іске кірісетін бір топ металлург мартен пешінің маңында болатын. Барлығына Дремлюга жетекшілік етіп жүр. Оттың қызуын да, пештің жалпы жұмысын да қадағалайды.
Оның айтуынша Иван мен Василий науаға алғашқы металл сынықтарын салып та үлгерген. Мемлекеттік комиссия жұмысқа кіріскенше бәрі дайын болуы қажет. Дремлюга болат балқытушылар Иван Сергеевич Гусев және Василий Петрович Набокомен алдағы жұмыс ретін әлденеше рет пысықтаған. Бұл металлургтер аға мастердің қас-қабағынан-ақ оның не айтқысы келгенін ұғады.
Үлкен істі тәуекелмен қолға алған кезде кімнің де болмасын көңілі
алабұртып, үміт пен күдіктің тайталасары белгілі жай. Әрі жаңа заводтың алғашқы металл балқымасын жалғыз осы поселке тұрғындары ғана емес, бүкіл Қазақстан, ол аз десең барша Совет елі күтіп отыр. Шамалы мерзім ішінде елдің Шығысында жаңадан металл қорыту заводы салынып іске қосылып жатса, бұл еліміздің мерейін көтерумен қоса, оның күш-қуатының арта түскенін дәлелдейді ғой. Сол арқылы жан-жақтан анталаған жаудың мысын баспаймыз ба? Сондықтан да жаңа заводтың елдің стратегиялық қорғанысында алатын орны ерекше, саяси мәні зор.
Иван мен Василийдің ойы осы жайларды шолып өтіп, өздеріне жүктелген істі қайткен күнде де жоғары деңгейде атқарып шығуымыз қажет деген берік сенімге жетеледі. Олардың ісіне колғабыс жасап, көмек беріп жүргендер өңкей жастар. Осы таяуда ғана Уралда, басқа жерлердегі металлургия заводтарында болып болат балқытушы мамандықтарын игеріп келген, өңкей «сен тұр, мен атайын» деген сайдың тасындай өрендер. Олардың қатарында Сәденов, Құснитдинов, Сәрсембаев тәрізді жастар да бар.
Пештің көмейіне көмір тастау, үлкен науаны темір сынықтарымен толтыру түннің бір уағына дейін созылған. Жалпы осы мартен пешінің жұмысына жауапты жандардың бәрі кірпік ілмеді. Пешті жұмысқа әзірлеу, оны көмірге толтыру, шикізатты тиеу жұмысымен үш топқа бөлінген алпыс адам шұғылданды. Дайындық жұмысы сағат тіліндей дәлдікпен жүзеге асты. Оған барлығы тоғыз сағат уақыт кетті.
Мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелері де түнді ұйқысыз өткізсе керек. Таң алакеуімде басшылардың алды мартен пеші аумағына келе бастады. Олар болат балқытушылардың іс-қимылын, кесте бойынша атқарылып жатқан жұмысты сырттай бақылаумен, қызықтаумен болды.
Салтанатқа арналып дайындалған орында ине-шаншар жер қалмады. Ішке сыймағандар күннің шыңылтыр аязына қарамастан сыртта тұрды. 31 желтоқсандағы тал түсте болат балқытушылар Құснитдинов пен Набока жіті қимылмен мартен пешінің болат ағатын тетігін ашып жіберді. От ұшқындатып металл селдей ақты. Үлкен цехтың ішінде осы оқиғаның куәсі болуға жиналғандардың жанарлары пештен саумалдай құйылған от шашуларымен қосылып ұшқын атты. Жалын атқан пештің гуілін жиналғандардың «Ура! Сталин жолдас жасасын! Қош келдің Қазақстандық тұңғыш болат! Жеңіс біздікі!» деген сөздері басып кетті. Бұл – Қазақстанның тұңғыш болаты өмірге келген күн 1944 жылдың 31 желтоқсаны, күндізгі сағат 12 болатын. Ел алдына Мемлекеттік комиссиясының төрағасы ҚазақССР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Д.А.Қонаев шығып, Самарқандықтарды еңбектегі үлкен табыстарымен құттықтады. Олардың Отанымыздың қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесінің зор екендігіне тоқталды.
– Ел басына күн туған қиын кездерде Сіздердің осы атқарған істеріңізді
келер ұрпақ мәңгілік есте сақтайтын болады,- деді Дінмұхамед Ахметұлы. Салтанатты митингіде завод жетекшілері де, қарапайым еңбек адамдары да сөйледі. Олардың бәрінің ойы бір арнаға тоғысып, біз неміс фашистері мен жапон милитаристерін көп кешікпей құртамыз, біздің осы еңбегіміз, бүгінгі табысымыз Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлесіміз, деген сөздермен түйінделіп жатты.
Самарқандағы осыдан 66 жыл бұрынғы алынған болат селі Қазақстан
металлургиясының бастау алар көзі болды. Сол арқылы аймақ өзінің болашағына жарқын жол ашты. Өндіріс ошағының іске қосылуы қаланың берік негізін қалады. Қарағанды өңіріндегі тұңғыш алынған болат туралы тек жергілікті басылымдар ғана емес еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, оның соғыс кезеңіндегі өте тамаша жеңіс екендігіне тоқталды. Олар сонымен бірге Қарағанды аймағындағы жаңа темір қорыту заводының болашағы зор деген тұжырым жасады. Самарқандықтар атына Мескеуден, Үкімет жеделхаты жетті. Оған Бас қолбасшы Иосиф Сталин қол қойған еді. Осы құттықтаудың мәтіні 1945 жылдың 18 қаңтарында «Правда» газетінде басылды. Ол республикалық және жергілікті басылымдар бетінен де орын алды.
И.В.Сталиннің құттықтауында мынадай жолдар бар еді:
«Казметаллургстройдың» құрылысшылары мен монтажшыларын және Қазақ металлургия заводының қызметшілерін құрылыстың аяқталуымен және №1 мартен пешінің іске қосылуымен құттықтаймын. Соғыс уақытындағы қиын жағдайда құрылысшылар мен металлургтердің жанқиярлық еңбегі нәтижесінде ҚазақССР-індегі бірінші металл заводының құрылысы ойдағыдай аяқталуда. Қазақ республикасының одан әрі индустриялық дамуының базасы – Қазақ металл заводының құрылысын шапшаң аяқтау ісінде Сіздерге табыс тілеймін».
Иә, №1 мартен пешінің іске қосылып, тұңғыш болаттың алынуы келешектегі зор істердің бастамасы ғана еді. Еңбектегі осы табыс барша Самарқандықтарды, Қарағанды аймағының еңбекшілерін жігерлендірді. Онсыз да күн санап өсіп, өркендеп келе көмірлі Қарағанды өз іргесінен жаңа алыптың бой көтеріп келе жатқандығын білді. Ендігі жерде шахтерлер мен металлургтер ортақ мақсат жолында бірлесе күш жігер жұмсап, ел игілігін молайту жолында қоян-қолтық араласа еңбек етті.
...Соғыс жылдарындағы облыс еңбекшілерінің жаңа құрылысты мерзімінен бұрын іске қосуын тамаша табыс деп бағалау керек. Ол кейінде тарихшылар еңбегінен осындай жоғары бағасын алды. Шағын металл балқыту заводы болашақ үлкен жоспар, жобаларға жол ашып берді. Ол жергілікті мүмкіндіктің қандай екендігін сынақтан өткізуге, жалпы ендігі күнде Қарағандыға тек отын көзі ретінде ғана емес, сан-салалы индустриялы өңір ретінде қарау қажеттігіне елдің көзін жеткізді.
Әрине, қай еңбек болсын өзінің лайықты бағасын алумен тұлғаланып сомдала түседі. Ұлы Отан соғысының қиын кезіндегі Арқа төрінде металл қорытатын жаңа завод тұрғызып, іске қосқан қарапайым адамдардың қажырлы еңбегі өз деңгейінде бағаланды. Солардың ішінде барлық құрылыс жұмысының ұйтқысы, әрі жүзеге асырушысы болған «Казметаллургстрой» тресінің басқарушысы Виталий Григорьевич Белов, Қазақ металлургия заводының тұңғыш директоры Василий Дмитриевич Бакст, тас қалаушылар бригадирі Үкен Тұрмағамбетов, бетоншылар бригадирі Дәку Әбдиев ең жоғары награда Ленин орденімен, тас қалаушы Гауһар Алдыкенова, заводтың механикалық цехының бастығы Тихон Иванович Тихонов, болат балқытушы Алтынбек Дәрібаев Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Басқа да еңбек адамдарының жанқиярлық ісі атап өтілді.
... Самарқандықтар 1945 жылды осылайша ерен еңбек табысын баянды етумен қарсы алды. Елдің алдағы жылға артқан үміті де ақталды. Арқа қысы кетіп, табиғат түрленіп, төңірек масаты кілемге оранған шақта қазақ жеріне шалғайдан көптен күткен қуаныш, сүйіншілеген «Жеңіс» хабары да жетіп еді.

Журналист Ермағамбет Лұқпанмен бірлесіп жазылды

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан
Қазақстан республикасы президентінің ресми сайты
Қазақстан 2050 Мәңгілік ел
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Сайт картасы