жоғары
ресми ақпараттық
порталы
Қарағанды 6°C
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы cайттың ең маңызды бөлімдері
Виртуалдық қабылдау бөлмесі

Мәдениет сарайының жаңа мәртебесі

Назад

Әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс салдарынан көптеген заводтар мен кәсіпорындардың жұмысы тоқтап, қайсыбіреуінің қарқыны бәсеңдеп, жұмыс орындарын еріксіз қысқартуға тура келгені белгілі. Қарапайым халықты күйзеліске ұшыратып, күн көріс көзінен айырған бұл келеңсіз құбылыстың алдын алу мақсатында Елбасының тікелей бастамасымен былтырдан бастап «Жол картасы» бағдарламасы қолға алынған болатын. Соның нәтижесінде Теміртау қаласында 2009 жылы көптен бері азып-тозып тұрған 27 әлеуметтік нысан күрделі жөндеуден өтіп, іші-сырты ретке келтірілді. Ал жұмыссыз қалған теміртаулықтар екі қолға бір күрек тауып, алты ай бойы осы бағдарламаның арқасында нәпақа тапты.
Ал үстіміздегі жылы бұл мақсатқа 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, бағдарлама аясында 35 маңызды нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Оған 2000 адам жұмысқа тартылмақшы. Айта кетерлігі, биылғы жөндеу жұмыстары жылдың алғашқы тоқсанында-ақ қарқынды басталып кетті. Соның бірі – қалалық мәдениет сарайы. Алпысыншы жылдардың ортасында басталып, тура жеті жыл салынған мәдениет сарайы мәскеулік сәулет институтының жобасымен тұрғызылған болатын. Ол Кеңес Одағының 50 жылдығы атындағы мәдениет және техника сарайы атанды. Қырық жылдай қаланың ең басты жиындары, салтанатты шаралары сонда өтіп тұрды. Бірақ, қаншама уақыт күрделі жөндеу көрмегендіктен соңғы жылдары оның жағдайы тым мүшкілдеп, әбден ескірген болатын. Жыл сайын қала бюджетінен там-тұмдап қаржы бөлініп, жамау-жасқау жұмыстары жүргізгенімен айтарлықтай нәтиже бермеді.
Биыл Теміртауда Қазақстан Магниткасының елу жылдығы атап өтілмек. Қала¬ның 65 жылдық мерейтойы тағы бар. Осыған байланысты жоғарыдағы 35 ны¬санның тізіміне мәдениет сарайы да ілікті. 404 миллион 150 мың теңге ақша аударылып, бес жүзге жуық адам еңбек етеді деп жоспарланған сарайды жөндеу тендерін жергілікті «Темірзат» фирмасы жеңіп алды. «Жол картасы» бағдарламасының негізгі принципі мұнда да қатаң сақталуда, ақпан айынан бері осында еңбекпен қамту орталығы жолдамасымен 305 адам жіберілсе, қазір соның 240-ы тұрақты еңбек етуде. Келешекте жұмыс көлеміне қарай қосымша қаражат бөлінсе еңбекпен қамтылатындар саны да өседі деседі мердігерлер. Қазір де сарайдың іші-сырты әрленіп, төбесі, шатыры, қабырғалары мен терезелері, фойесі т.б. түгелдей айырбасталу үстінде. Сарайдың ең басты символы сахна десек онда да өзгерістер болмақ. Істен шыққанына ұзақ жылдар өткен қозғалыс тетіктері қайта жөнделіп, сахна айналып тұратындай етіп қайта жарақталады. Ал жарық, дыбыс қондырғылары таяу жылдары алынғандықтан әлі де жарамды болып шықты. Үлкен залдағы орындықтар қазіргі заманғы сәнді дизайнды креслоларға айырбасталады, оны сатып алу «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на жүктелген.
Мәдениет сарайындағы негізгі жөндеу жұмыстары 20 маусымға дейін бітуге тиіс. Жұмыстың кестеге сай жүргізілуі қатаң қадағалануда. Мұнда облыс әкімі С.Ахметов жиі-жиі келіп, іс барысын өз көзімен көріп тұрады. Өйткені, Магнитканың 50 жылдығына арналған салтанатты мәжіліс осында өтеді деп күтілуде.
«Жол картасы» бағдарламасы аясында жөнделіп жатқан нысандардың бірі – Жастар жүзу бассейні. Осыдан 32 жыл бұрын іске қосылған спорт ғимаратының есігі соңғы бес жылдан бері жабық тұрған болатын. Бассейнді жөндеуге 500 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Қазір мұнда 125 адам еңбек етуде, алдағы уақытта олардың саны 250-ге жетпекші. Тендерді ұтып алған «Жаңа өмір - Астана» ЖШС басшылары «жұмыс кестеге сай атқарылуда, ғимаратты 30 тамызда тапсырамыз» деп құлшынып отыр.
Көптен бері қаңырап тұрған бұрынғы «Шығыс» кинотеатры ендігі жерде «Неке сарайы» болмақ. Салтанат сарайының кескін-келбеті адам танымастай өзгеріп, қаламыздағы ең сәнді де сәулетті ғимараттардың біріне айналады деп күтілуде. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен және қадағалауымен жүргізіліп жатқан мұндағы қайта жарақтау жұмыстарына республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп отыр.
Қаламыздың сән-салтанатын асыратын, халыққа берері мол аталмыш бағдарламаның аясында биылғы жылы жолдарды жөндеу, көшелерді көгалдандырып, абаттандыру жұмыстары да үлкен қарқынмен қолға алынуда. Мәселен, арнайы бөлінген 440 миллион теңгенің қаржысына Республика және Металлург даңғылдары, Чайковский, Панфилов көшелері күрделі жөндеуден өткізіліп, Қарағанды тас жолы мен Димитров көшелеріне ағымдағы жөндеулер жүргізілмекші. Көгалдандыру жұмыстары аясында жаппай сенбіліктер арқылы 600-ден астам шырша мен қарағай көшеттері, 400-ге жуық жапырақты ағаштар отырғызылды.

Аманжол АҚЫН.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан
Қазақстан республикасы президентінің ресми сайты
Қазақстан 2050 Мәңгілік ел
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Сайт картасы