жоғары
ресми ақпараттық
порталы
Қарағанды 25°C
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы cайттың ең маңызды бөлімдері
Виртуалдық қабылдау бөлмесі

Ұлытау ауданы әкімінің халық алдында есебі

Назад

Ұлытау ауданының әкімі Хамит Нұрланұлы Омаровтың өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау барысындағы 2015 жылы атқарған және 2016 жылы атқарылатын жұмыстары туралы қорытынды есебі

Құрметті жерлестер, ардақты ағайын!

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2015 жылдың қараша айының 30 жұлдызы күні «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын жариялап, құжат атауының мәнін түсіндіріп берді.
Биылғы Жолдаудың маңызы ерекше. Себебі қазіргі әлемді мазалап отырған түрлі экономикалық, саяси қауіп-қатерлерді ескере отырып, Елбасы өзінің жолдауында жаңа міндеттерге ерекше тоқталып өтті. Осы құжатта мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы және құрылымдық кешенді жаңаруларды жүзеге асырудың бес бағытын анықтап берді. Сондай-ақ бүгінгі таңда халықты алаңдатып отырған мәселелердің шешілу жолдарын да нақтылап көрсетті.
«Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін»- деген Елбасының биылғы Жолдауында айтқан сөзінің мәні қазіргі дағдарыстан шығу жолында аса маңызды болып отыр. Қазір «көлік арық, жүк ауыр» кезең, осынау кезеңде жұдырықтай жұмылған жұрттың жүрісін кесе-көлденеңдеп шыққан кедергілер кідірте алмайды. Тек бірлігімізді бекемдеп, еңбегімізді еселеуіміз керек. Елбасы айтқандай – «Біз бұл дағдарыспен енді ғана жолыққан жоқпыз. Тағы бір айналып соғарын білдік, сондықтан ертерек дайындалдық». Индустрияландыру, «Нұрлы Жол», «100 нақты қадам», қор жинау – осының бәрі қамдану шараларына жатады. Дағдарысқа қарсы стратегиямыз «өсім, реформалар және даму» деп аталатын ұғымдармен айқындалып отыр. Мұның мазмұнын Президент өз Жолдауында нақты түсіндірді және жаңаруға жетелейтін жоспардың жай-жапсарын ашып айтты. Осы жолдаудың негізінде еліміздің қаржы секторын тұрақтандыруға, бюджетті оңтайландыруға, экономикалық бәсекелестікті ынталандыруға және жаңа әлеуметтік әрі инвестициялық саясат жүргізуге жоспарлар құрылатын болды.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің алдағы жоспарларын бүге-шүгесіне дейін саралап, сараптамадан өткізіп берді. Онда дамудың даңғыл жолы мен кемел келешектің кілті жатыр. Бастысы, бұл Жолдау – уақыт талабына бейімделген елімізді дағдарыстан мүмкіндігінше қиналмай алып шығатын жоспар.
2015 жыл жалпы еліміз үшін өте жемісті жыл болды. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша мемлекетіміздің тарихи қалыптасуы, Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойы алғашқы рет ұлттық деңгейде атап өтілді. Оны атап өтудің тарихи мәні де маңызы да өте зор болды. Өйткені біз кеше ғана құрыла салған ел емеспіз, терең тарихы, қайталанбас мәдениеті, қалыптасқан тілі, діні, салт-дәтүрі бар ел екенімізді әлемге көрсеттік. Аталған мерейтойдың Ұлытаудан бастау алғанының өзі тарихи заңдылық. Үш жүздің басын қосқан Ұлытау төрінде бұл мерейтой жоғарғы деңгейде аталып өтіліп, Астана, Тараз өңірлерінде жалғасын тапты.
Сонымен қатар ауданымызда Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді.

Қадірлі аудан тұрғындары!

Біз бүгін 2015 жылы Ұлытау ауданы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелеріне сараптама жасап және алдағы уақыттағы жұмыс ауқымын айқындау, жобалау мақсатында халықтың тілегі мен сұранысын, талабын тыңдап, алдымыздағы мерзімді кезеңге арналған міндеттерді белгілегелі отырмыз.
Ауданның қазіргі әлеуметтік экономикалық даму жағдайына тоқталар болсақ, біршама оң жұмыстар атқарылды. Негізгі бағытымыз ауылшаруашылығы болғанымен, осы аймақта орналасқан өндіріс орындары мен жаңа инновациялық жобалар ел экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосуда.
Аудан орталығы мен селолық округтерді жаңа талапқа сай көріктендіру жұмыстары қолға алынып, жүйелі жұмыстар өз нәтежиесін беруде.
Сол сияқты туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қолға алынуда. Бірнеше жаңа құрылыстармен қатар, мектеп, балабақшалар, мәдениет үйлерінде де күрделі жөндеу жұмыстары іске асырылуда. Осындай игілікті істер мен ауқымды шаралар өркендеп келе жатқан Ұлытау ауданының кескін-келбетін түбегейлі өзгерте түсуде.
2015 жылы 41 әкімдік өткізіліп, осы мерзімде 348 қаулы мен 101 өкімдер, 5 шешім қабылданды. Аудан әкімінің аппаратына 680 өтініш түсті (541 жеке тұлға, 139 заңды тұлға). Аудан әкімінің жеке қабылдауында 183 азамат болды.
Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын аудан, кент, ауылдық округтерде, дербес атқарушы органдарда штат бірліктері бойынша 143 мемлекеттік қызметшілер болу керек болса, 2015 жылдың қорытындысы бойынша нақты 109 мемлекеттік қызметкерлер жұмыс атқарады. Мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау, біліктілігін көтеру мақсатында Қарағанды облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру аймақтық орталығынан 23 мемлекеттік қызметкерлер біліктілігін арттыру курсынан дәріс алса, 10 мемлекеттік қызметкер қайта даярлаудан өтті.

Экономиканың нақты секторы
Ұлытау ауданы бойынша шағын кәсіпорындардың өндіріс өнім көлемінің көрсеткіштері 2015 жылдың 12 айында 536 млн 421 мың теңгеге орындалып отыр, былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 140,5 пайызға орындалды, 2014 жылы 381 млн 535 мың теңге құраған. Айғақты көлем индексі (АКИ)- 189,4%-ды құрады.

Негізгі капиталға инвестиция салу
Ұлытау ауданы бойынша салушылардың меншік нысаны бойынша негізгі капиталға 2015 жылдың 12 айында 27 млрд 215 млн 393 мың теңгеге инвестиция салынып отыр. 2014 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 39,1% -ды құрады. 2014 жылдың 12 айында 69 млрд 547 млн 873 мың теңгеге инвестиция салынған. Инвестиция көлемінің төмендеуінің басты себептері теміржол құрлысының басым бөлігінің салынып болуына байланысты болды.

Шағын кәсіпкерлік саласы.
Шағын бизнес саласында 2015 жылы өндірілген өнім көлемі 9 млрд 589 млн 600 мың теңгені құрап отыр. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 125 пайызды құрады. 2014 жылдың қаңтар-желтоқсан айында 7 млрд 672 млн 300 мың теңгені құраған.
Шағын кәсіпкерліктің белсенді кәсіпорындары санының өсу қарқыны 100% жетті. 2015 жылы 972 жеке және 25 заңды тұлғалар қызмет көрсетсе, 2014 жылы 965 жеке және 23 заңды тұлға тіркелген. Сол сияқты, осы салада 3385 адам жұмыспен қамтылған, былтырғы жылмен салыстырғанда жұмыспен қамтылған адам саны 100,3 пайызға жетті. «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың біріңғай бағдарламасы шеңберінде Ұлытау ауданы бойынша ЖК «Айшагүл» Тұрсынов Ш. (тігін цехы Жанкелді с.) жалпы құны 1 млн 710 мың теңгеге облыс әкімінің грантына ие болды.
2015 жылы Жезқазған – Бейнеу темір жолы бойындағы елді-мекендерде шағын бизнесті дамыту үшін Жанкелді селосынан О.Ағыбаев бұрынғы істеп тұрған жол бойындағы кафесін 1 млн теңгеге кеңейтіп, іске қосты. Қарсақбай кентінде жеке кәсіпкер С.Кенжебекованың ұйымдастыруымен 70 орындық шағын кафе ашылды. Қоскөлде жеке кәсіпкер Б.Рахметовтың ұйымдастыруымен 10 адамдық шағын қонақ үйі ашылған және осы елді мекенде жеке кәсіпкер Е.Алькеновтан шағын наубайхана ашуға ұсыныстар түсіп бүгінгі күні шағын наубайхана, 16 адамдық шәйхана, 1 орталық монша іске қосылып жұмыс істеп тұр. Терісаққан селосында жеке кәсіпкер С.Мұратов өз қаражатына 1 дүкен ашты.

Индустриальды-инновациялық жоба
Ұлытау ауданы бойынша Қарағанды облысы әкімінің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы №68/05 қаулысымен индустрияландыру картасына «ГОФ «Ұлытау» ЖШС-нің Қарсақбай мыс қорыту зауытының минералды техногендік қалдықтарын қайта өңдеу жобасы енген.
Құрылтайшысы «Варда минералс» ЖШС-і «ГОФ «Ұлытау» ЖШС-і бұрыңғы Қарсақбай мыс қорыту зауытының минералды техногендік қалдықтарынан мыс купоросы мен ұнтағын және құрамында көп мөлшерде рений бар иондық смола өндіру жоспарлап отыр. Өндіріс іске қосылған уақытта бір жылда 300 мың тонна өнім шығарып 50 адамды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етпекші. Жобаны іске асыруға қажетті 450 млн теңге серіктестіктің өз қаражаты есебінен жасалады.
Бүгінгі күні Қытайдан келетін жұмысшы күштерінің квотасын шешу мәселесі қарастырылуда. Жақын арада бұл мәселе өз шешімін тауып, толық іске асырылады деп жоспарлануда.

Қаржылық көрсеткіштері
2015 жылдың 12 айындағы аудан бюджетінің меншікті кірістер жоспары 3 млрд 562 млн 431,0 мың теңге. Орындалысы 3 млрд 630 млн 048,0 мың теңге, немесе 102 пайыз.
2015 жылға арналған бюджеттің шығындар бөлігінің жоспары 4 млрд 420 млн 634,0 мың теңге, орындалысы 4 млрд 402 млн 382,6 мың теңге, немесе 99,6 пайыз.

Ауылшаруашылық саласы
Аудан негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Оның басым саласы мал шаруашылығы. Ауданымызда кейінгі жылдары төрт түлік мал бастарының саны артып келеді:
2015 жылдың 12 айы бойынша мал басы саны: ірі қара – 41992 бас (104,0%), ұсақ мал – 159157 бас (100,1 %), жылқы – 23210 бас (107,9%), түйе – 313 бас (100%), құс - 7004 бас (100%).
2015 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы шығарылымы – 11 млрд 511,1 млн теңге оның ішінде, мал шаруашылығы: 7 млрд 480,1 млн теңге, өсімдік шаруашылығы: 3 млрд 994,4 млн тенге. Нақты көлем индексі 102,8%. Өндірілген өнім: ет – 11889,5 тонна (100,7%), Сүт – 26837,9 тонна (109,4%), жұмыртқа – 869,7 мың дана (105,5%).
Жалпы асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға және мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыру мақсаттарында 2015 жылы 78 шаруа қожалығы – 203 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды, төленген бюджеттік субсидия көлемі 50 млн 702,5 мың теңге, 111 шаруа қожалығына селекциялық және асылдандыру жұмысын жүргізгені үшін 152 млн 430,5 мың теңге субсидия төленді. Ауданның шаруа қожалықтарына мал шаруашылығын дамуына барлық төленген бюджеттік субсидия көлемі – 203 млн 133,0 мың теңгені құрады.
«Құрбанбай» ш/қ «АгроКредитная Корпорация» АҚ-ның филиалының «Ұлар» несие серіктестігі арқылы 20 млн тенге несие алып, 2015 жылы шет елден 105 бас асыл тұқымды «Герефорд» ірі қара малын әкеліп, асыл тұқымды ірі қара фермасын ашты.
Ауданда бүгінге 4 шаруашылық асыл тұқымды ірі қара өсірумен айналысады. Олар: «Жауғашты» ш/қ (қазақтың ақ бас сиыры), «Мулахов А» ш/қ (қазақтың ақ бас сиыры), «Рахымбек» ш/қ (әулиекөл), «Құрбанбай» ш/қ (герефорд). 1 асыл тұқымды қой шаруашылығы тіркелген, ол «Сарысу» ш/қ.
Бүгінгі күні «Скобарь» ЖШС-мен жұмыс жалғастырылуда барлық ұрықтандыруға қажетті құрал жабдықтармен және «симентальская», «черно-пестрая» асыл тұқымды ірі қара малының ұрықтарымен толық қамтамасыз етіліп, аудан бойынша Ұлытау, Сарысу, Қаракеңгір, Борсеңгір селоларында, Жезді кентінде 5 қолдан ұрықтандыру пунктері жұмысын істеуде. 2015 жылдың сәуір-желтоқсан айларының аралығында 210 бас ірі қара малы қолдан ұрықтандырылды.
Аудан бойынша 45 шаруа қожалық егін шаруашылығымен айналысады.
2015 жылы ауданға 20000 га егістік көлемі жоспар бекітілген болатын. Оның ішінде 18000 га - бидай, 2000 га арпа болса, егістік алқапқа сіңірілген тұқым көлемі 22 260 га кұрады. Жоспар 111,3 пайызға орындалды.
Аудан бойынша алынған егіс өнімділігі 8,6 ц/га құрады. Жалпы өндірілген егістіктің өнім көлемі 18,3 мың тонна, оның ішінде бидай-16,6 мың тонна, арпа - 1,7 мың тоннаны құрады. Құйылған тұқым көлемі: 2,4 мың тонна, немесе берілген жоспар 120 пайызға орындалды (жоспар – 2,0 мың тонна).
Жалпы шаруа қожалықтарымен және үй шаруашылықтары бойынша, картоп - 54 га, бау-бақша – 17 га жер көлеміне егілді. Сондай – ақ биылғы жылы Ұлытау селосында 200 га алқапқа көп жылдық екпе шөп (2014 жылы 50 га көп жылдық екпе шөп егілді) және Егінді селолық округінде 130 га мақсары егілді. Өсімдік шаруашылығы бойынша берілген жоспарлардың барлығы 100 пайыздан артық орындалды.
Ақтас кентінде биылғы жылы алғаш рет (Бақбергенова А.М. ш/қ) тамшылатып суару технологиясымен 1 га жерге бау бақша отырғызу, шаруа қожалығының өз қаражатына іске асырылды. Алдағы уақытта бұл жұмыстарыды одан әрі қарай дамыту жоспарланып отыр.

Мемлекеттің өсімдік шаруашылығына қолдау көрсету мақсатында 16 шаруа қожалыққа субсидия берілді. Арпа дақылын егушілерге 3,5 млн теңге, майлы дақылдар сафлор үшін – 390 мың теңге, картоп өнімдері үшін – 90 мың теңге, көп жылдық шөп житняк үшін -1,6 млн теңге төленді. Төленген субсидия көлемі барлығы – 5 млн 530,0 мың теңгені құрады.
2015 жылы нақты ылғалды үнемдеу технологиясымен «Бекетай Баба» ш/қ – 5500 га, «Хамыстқанов» ш/қ – 3000 га, «Асар» ш/қ – 1000га, «Асхат» ш/қ – 830 га., «Кәкімжанов» ш/қ – 200 га. Барлығы 10530 га жерге ылғалды үнемдеу технологиясымен егістік егіліп, былтырғы жылмен салыстырғанда 2530 га жерге ұлғайтылды (2014 ж. – 8000 га).
Қауіпті зиянкес шегірткеге қарсы күрес бойынша 124,8 мың га жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Үйірсіз шегірткеге қарсы 2100 га жер көлеміне толық (Бекетай-Баба ш/қ – 1100 га, Хамыстханов ш/қ -1000га) жүргізілді. Химиялық гербицидті арамшөпке қарсы «Бекетай-баба» ш/қ, «Бақдаулет» ш/қ және «Умирбеков» ш/қ жүргізді. Химиялық гербицидті пайдаланғаны үшін мемлекеттің қолдауымен шаруа қожалықтарына 412,8 мың теңге субсидия төленді.
Ұлытау ауданы бойынша мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын 95 мың тонна шөп дайындалатын. Биыл ол көбейтіліп 137 мың тонна шөп дайындау жоспарланған болса, 2015 жылы аудан бойынша 146,2 мың тонна мал азығы жиналды, немесе жоспар 106,7 пайызға орындалды.
2012-2020 жылдарға арналған Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспарына сәйкес төмендегідей жұмыстар атқарылып, алдағы уақытта жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр:


«Сыбаға» бағдарламасы арқылы жыл сайын 300 бас ІҚМ, 200 бас жылқы сатып алу.
2015 жылдың басынан бастап, шаруа қожалықтарымен «Ұлар» несие серіктестігі арқылы мал шаруашылығын дамыту бойынша жалпы сомасы 137,6 млн теңгеге несие берілді, оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 109,5 млн теңгеге 653 бас ІҚМ алынды. «Құлан» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 28,1 млн. теңгеге 103 бас жылқы малы алынды. Қазіргі уақытта шаруа қожалықтар өз қаражаттарына 210 бас ІҚМ (50,2 млн. тенге), 52 бас жылқы малын (10,6 млн.тг.) сатып алды. Барлық сатып алынған мал басы саны – 863 бас ІҚМ (2014 ж. 412 бас), 155 бас жылқы малы (2014 ж. 135 бас).
Ауыл шаруашылық техникаларын лизингке алу.
Жыл сайын 15 бірлік трактор, 5 комбайн, 60 ауыл шаруашылық техникаларын сатып алу жоспарланған. 2015 жылы аудан бойынша 6 – трактор МТЗ-82, комбайн «Вектор» 410 – 1 дана, басқа ауыл шаруашылық техникалары – 6 дана сатып алынды. Барлығы 53 млн 805 мың теңге.
«Жараспаев» ШҚ 500 басқа арналған мал бордақылау алаңын ашу үшін жұмыс жасап жатыр. Жобаның құны – 52,0 млн теңге. Өз қаражатына бордақылау алаңының құрылысын бастады. Қазіргі уақытта 250 басқа арналған баздың ішкі құрылыс жұмыстары аяқталды.
Асыл тұқымды ІҚМ репродукторын іске асыруда Мибұлақ селолық округінде «Мулахов А» ШҚ өз қаражатына 81 басқа ІҚМ алып, асыл тұқымды репродуктор құрылды. Ақмола облысынан Сандықтау ауданынан, «Балкашино» асылтұқымды заутынан 21 млн теңге – 38 бас және Батыс Қазақстан облысынан 44 бас асылтұқымды қашар малын әкелді. Жобаның құны 39,0 млн теңге. Бүгінгі күнде «Казагроқаржы» АҚ арқылы 500 басқа дейін шаруашылықты ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде, жыл сайын 91 млн теңге сомасына жалпы өнімді өндіру жоспарлануда.
Ұлытау селосында сүт қабылдау пунктін ашу үшін «Сексембаева Т» ш/қ. кіші «сүт қабылдау және оны өңдеу» цехын ашуға жұмыс ұйымдастыруда. Қазіргі таңда, «Ауыл шаруашылығын қаржылай колдау қоры» АҚ – нан 5300 мың тенге колемінде несие алып, цехке қажжетті құрал жабдықтарды алуға жұмыс ұйымдастыруда.
2014 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында аудан бойынша бірдейленген мал басы саны: ірі қара: жоспар- 20988 бас (117%), жылқы – 9011 бас (125%), ұсақ мал – 88869 бас (100%), түйе: жоспар – 61 бас (100%). Атрибуттардың аударылатын жалпы қаржысы – 2 млн 873,3 мы тенге, аударылғаны – 370,7 мың теңге (12,9%).
Малды егіп – емдеу жұмыстарының жылдық жоспары толық 100 % - ға орындалды. 2015 жылы Қаракеңгір селолық округінде листериоз, пастереллез аурулары тіркеліп, 221 бас мал лажсыздан өткізілді. Село тұрғындарына бюджеттен барлығы 30 млн теңге өтемақы төленді, мал тасымалдауға бюджеттен 700 мың теңге берілді. Аурудың алдын алу мақсатында 1 млн теңге демеушілік көмек арқылы вакциналар сатып алынып, мал бастарына егіп емдеу жұмыстары жүргізілді.

Жер ресурстары
Ұлытау ауданының жер қоры 12 293 105 гектар, оның ішінде ауыл шаруашылық алқаптары 11 684 560 гектар.
Ауылшаруашылығы мақсатындағы 2 021 223 гектар жерлер 932 жер иелері мен пайдаланушыларға бекітілген, оның ішінде 919 азаматтарға шаруа қожалығын жүргізуге 2 000 203 гектар, 2 мемлекеттік емес ауыл шаруашылығы заңды тұлғаға 5 757 гектар, 2 мемлекеттік ауыл шаруашылығы заңды тұлғаларға 15 263 гектар жерлер бекітілген.
Ауыл шаруашылығы айналымына тартылған ауыл шаруашылығы алқаптарын түгендеу материалдары бойынша 2013 жылы ауыл шаруашылығы алқаптарын өз мақсатында пайдаланбай отырған 298 жер пайдаланушылардың, 498 жер учаскесі, жер көлемі 494,369 мың га (егістігі 39,8 мың га) болса, бүгінгі таңда 403 жер учаскесінің иелері 429,96 мың гектар жерді қайта игеруге кірісті (жайылымы 397,65 мың гектар, егістігі 32,3 мың га), 95 жер учаскесінің иелері өз еріктерімен немесе сот шешімі арқылы 64,44 мың гектар жерді мемлекетке қайтарды (егістігі 7,5 мың гектар, жайылымы 56,95 мың гектар). Жерді тиімсіз пайдаланып отырған шаруа қожалықтарының жер салығын 10 есеге көтеру жөніндегі үкімет тапсырмасын орындауға байланысты құжаттар дайындалуда.
2015 жылы жер пайдаланушыларды жерге орналастыруға байланысты 2 конкурс өткізіліп, 38 жер пайдаланушыдан өтініш түсті, 72,7 мың га жердің иегері анықталды.

Туризмді дамыту
Ұлытау ауданында туристік кластерді дамыту мақсатында, аудан әкімдігі тарапынан жыл сайын әр-түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді. Атап айтсақ, жарнама-ақпарат басылымдарын шығару, туристік бағыттар құру, кәдесыйлар дайындау, туристік көрмелерге және туристік іс-шараларға қатысу, демалушыларды қабылдауды ұйымдастыру, сонымен қатар, этнофестивальдер өткізу.
2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы байланысты «Ұлытау – ұлт ұясы» атты халықаралық ғылыми - практикалық конференция және Республикалық деңгейде «Ұлытау – ұлт бесігі» атты ғылыми практикалық конференциялары өткізілді. Конференцияға шет елдің және еліміздің ғылымдары, зиялы қауым өкілдері қатысып жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сонымен қатар Ұлытау төрінде бастау алған «Қазақ хандығының 550 жылдық» мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтілді.
Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы қарсанында біршама тарихи ескерткіштерді жөндеу қолға алынып қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Солардың ішінде Байқоңыр селолық округінде тарихи маңызы бар «Бұланты шайқасы» болған жерге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС – нің демеушілік етуімен «Бұланты шайқасына» арналған стелла орнатылып, абаттандыру жұмыстары жасалды және Стелланың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастарылды. Сонымен қоса "Хан ордасы" ескерткішіне демеушілердің көмегімен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осы шаралар туристердің бұрыңғыдан көп келуіне мүмкіндік туғызып отыр.
Жыл сайын «Терісаққан көктемі» этнофестивалі ерекше көзге түсіп, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таралып келеді. Жыл сайын шетелдік туристердің саны артып, қызығушылықтар пайда болуда. Бұл фестиваль – Еуразия даласы кеңістігінде ерекше құбылыс болып табылады және сақталып қалыптасқан ежелгі қазақ халқының салт дәстүрлерін насихаттауға бағытталған.
Тарихи және табиғи байлықтарды сақтау мақсатында қазіргі таңда "Ұлытау" ұлттық табиғи саябағы мен "Ұлытау-Арқалық" табиғи кешенін құру жұмыстары қолға алынған. Өткен жылы өңірдің насихатталуын арттыру мақсатында Қазақстан географиялық қоғамының қатысуымен Ұлытау жерінде кешенді экспедиция ұйымдастырылды. Оған тарихшы-археологтар, зерттеуші-географтар, биологтар, ботаниктер, туризм саласының мамандары және СТВ телеарнасының журналистері қатысқан. Бас-аяғы он күнге созылған экспедиция барысында аудандағы елді-мекендер мен өңір табиғаты, экономикалық жағдайы мен географиялық ерекшеліктері туралы бірқатар ақпараттар жиналды. Ұлы дала төскейін он күн бойы аралап шыққан экспедицияның жинаған мәліметтері бойынша СТВ арнасы екі сериядан тұратын "Қазақстанның белгісіз қырлары" деректі фильмі жарыққа шығарылды. Сонымен қатар, осы мәліметтердің негізінде өңірдің сапаралық жол көрсеткішін жасау жоспарда бар. Бұдан бөлек, барлық деректер (фото, видео материалдар) бір жерге топтастырылған. Егер қызығушылық танытып жатқан туристік компаниялар болса жарнама мақсатында қолдану үшін оларға берілетін болады. Осындай өркенді істер дағдарысқа қарамастан 2016 жылы да жалғасын табатын болады.

Білім саласы
Жалпы аудандағы 0 жастан 6 жасқа дейінгі бала саны 1553, оның ішінде мектепке дейінгі "Балапан" бағдарламасы аясында тәрбиемен қамтылуға тиіс бала саны 765, қамтылған бала саны 698 немесе 91,2 пайызды көрсетіп отыр, бұл көрсеткіш 2014 жылы 87,6 пайыз болған. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші жыл сайын ұлғайып келеді, алдағы уақытта балаларды толық 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға жұмыстар жасалатын болады.
2015 жылы Жезді кентіндегі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту мақсатында «2020 Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 73 млн теңге бөлініп Жезді кентіндегі қонақ үй ғимаратын қайта күрделі жөндеуден өткізу арқылы «Айгөлек» бала-бақшасының сыйымдылығын 60 орынға көбейтілді, жақын арада қолданысқа берілетін болады.
Ұлытау ауданының білім бөліміне қарасты мектептерді 2014-2015 оқу жылында жалпы 118 түлек бітіріп (113-қазақ, 5–орыс сыныптары), оның 94 ҰБТ-ға қатысып, 24-і мектепішілік қорытынды аттестаттаудан өтті.
ҰБТ нәтижесі бойынша төмендегідей көрсеткіштер анықталды:
Жалпы аудан бойынша 2015 жылы ҰБТ орташа балл көрсеткіші 65,7 (қазақ сыныбы 65,5 орыс сыныбы 70,2%), жалпы балл саны 6184. 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда орташа балл 3,5 балға көтеріліп отыр.
2015 жылы аз қамтылған отбасы санатынан шыққан оқушыларды әлеуметтік қолдау мақсатында жалпы орта білім қорынан 25 млн 95 мың теңге бөлінді. Бұл аудан мектептерінің шығындарына қаралған жалпы қаржының 2,2 пайызын құрайды.
Жалпы ыстық тамақпен аз қамтылған, көп балалы отбасы санатынан шыққан оқушылар саны 373 (қамтылу 100%), (жалпы оқушы санынан 20 пайыз).
Аудан бойынша 1 компьютерге шаққанда 2,7 оқушыдан (2012 жыл - 3,9 оқушыдан) келеді. Облыстық көрсеткіш 1 компьютерге 5,4 оқушыдан келеді. Республикалық көрсеткіш 1 компьютерге 3 оқушыдан келеді.
Аудан мектептерінде 14 интерактивтік тақта, 11 лингофонды-мультимедиялық, 9 биология, 10 химия, 9 физика кабинеттері және 7 жоғары технологиялық интерактивті тақта бар. Алдағы уақытта мектептерде оқу техникалық құралдарымен қамтамасыз ету одан әрі жалғастырылады.
2015 жылы апатты жағдайда тұрған №14 Алғабас орта мектебінің орнына аудандық бюджет есебінен 236 млн 424 мың теңге қаржыға жаңадан 80 орындық жаңа мектептің құрылысы жүргізіліп, сыртқы абаттандыру жұмыстары қалды. Мектеп пайдалануға беру ағымдағы жылға жоспарланып отыр.
Мектеп оқушыларын оқулықтармен толық қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен оқулықты сатып алуға 16 млн 200 мың теңге қаржы, тасымалдауға 1 млн 800 мың теңге бөлінді. Бүгінгі таңда оқулықтар толықтай мектептерге таратылды.
№15 Қарсақбай орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу үшін аудандық бюджеттен 48 млн тенге бөлініп жұмыстары толық аяқталды.
2015 жылы №1 Ұлытау, №3 Амангелді, №2 Қорғасын орта мектептерінің жылу қазандықтарын айырбастауға аудандық бюджеттен 21 млн теңге бөлініп жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биылғы жылы №4 Қаракеңгір және №6 Жезді жалпы орта білім беретін мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттары дайындалып 160 млн теңгеге облысқа сұраныс берілді.
№2 Қорғасын, №3 Аманкелді, №17 Байқоңыр және №10 Борсеңгір мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттары жасалды. Алдағы уақытта жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен қаржы бөлінетін болады.

Спорт
2015 жылы аудандық спорт бөлімі ашылды. Ауданда бұқаралық спортпен шұғылданатын адамдар саны ұлғайып келеді. Мәселен 2014 жылы спортпен шұғылданатын жалпы адам саны 2887 немесе 21,2% болса, 2015 жылы 3152 адамды құрап 23,2% ұлғайды. Спорт саласын дамытуға аудан тарапынан біршама жұмыстар жасалуда. 2014 жылы әр түрлі спорттық іс – шаралар ұйымдастыруға және қажетті құралдар алуға 20 млн бөлінсе, 2015 жылы бұл қаражат екі есеге ұлғайтылды.
Көп жылдан бері шешімін таппай жүрген әмбебап спорт кешенінің құрылысы 2015 жылы басталды, биылғы жылдың қазан айында ел игілігіне берілетін болады. (Сметалық құны 306 млн теңге)

Жастар саясаты
Ауданымызда 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны 3840 адамға жетіп 103,2 % - ға өсіп отыр (2014 жылы 3720 жас азамат болған), олар жалпы аудан халқының 28,1 пайызын құрайды.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2015 жылы ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу үшін 23 жас маман яғни, 12 маман білім саласына, 8 маман денсаулық саласына, 1 маман мәдениет саласына, 2 маман ветеринария саласы бойынша келген.
2015 жылы мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру аясында жергілікті бюджеттен 11 млн 85 мың теңге қаржы бөлініп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында әр түрлі іс – шаралар ұйымдастырылды.
2015 жылы "Жасыл ел" бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен жастарымызға үш ай мерзімді маусымдық жұмысқа 60 жасты жұмыспен қамтыды, оған 1 млн 300 мың теңге қаражат бөлінді. Көптеген игі шаралар жасыл ел жасағының ұйымдастыруымен өткізіліп отырды.

Денсаулық сақтау саласы
Аудан көлемінде барлық елді мекендер дәрігер, фельдшерлермен қамтамасыз етілген яғни аудан халқы медицина қызметімен толық қамтылған.
2015 жылғы көрсеткіш бойынша туберкулез ауруымен 7 адам тіркелген, 2014 жылмен салыстырғанда 70,0 пайызға төмендеп отыр (2014 жылы 10 адам тіркелген).
2015 жылдың 12 айында туу деңгейі 13,61, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,9 пайызға жоғарлаған (2014 жылы 13,28).
«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы бойынша 2015 жылы Ұлытау селосында және Қарсақпай кентінде отбасылық амбулатория құрылысының жұмыстары басталды. Осы аталған құрылысқа Республикалық бюджеттен 91,2 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары биылғы жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Мәдениет саласы
Ауданның мәдениет саласына 2015 жылға аудандық бюджеттен барлығы – 283 млн 108,0 мың теңге бөлінді. Бұл бөлінген қаржаттарға аудандық мәдениет үйі және оған қарасты клубтардың материалдық базасын нығайтуға және іс шара өткізуге жұмсалды.
Жыл көлемінде аудан бойынша бекітілген іс – шараларға сәйкес тұрақты түрде мәдени іс – шаралар өткізіліп тұрды. Барлық өткізілген мәдени іс – шаралардың саны кітапханалар бойынша 480, оған 5760 адам қамтылды, мәдениет және селолық клуб үйлері бойынша 799, өткізілген іс – шараларға 82740 көрермен қатысты.
Биылғы жылы Ақтас кентіндегі клуб үйі толық жөнделіп, пайдалануға берілді.

Әлеуметтік сала
2015 жылы жұмыссыздыққа өтініш беріп, тіркелген – 274 адам (2014 ж. – 272 адам). Соның ішінде жұмысқа орналасқан адам саны 251 немесе 91,6% құрады, (2014 жылы – 87,5%).
Есептік кезенде жалпы аудан бойынша жұмыссыздық деңгей 3,5 % құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 0,1%-ға төмендеген (2013 жылдың сәйкес мерзіміне жұмыссыздық деңгейі 3,6% құраған).
Кәсіби оқытуға, қайта оқытуға және біліктілігін арттыруға 40 адам жолданды (2014 ж – 38 адам). Қайта даярлауға 1304,0 мың теңге бөлінді.
Қоғамдық жұмыстарға барлығы 202 адам жолданып (2014 ж - 177 адам) қоғамдық жұмыскерлердің еңбекақыларына 14506,0 мың теңге игерілді.
Жастар тәжірибесіне барлығы 19 адам жолданып (2014 ж. - 14 адам) барлығы 2893,0 мың теңге игерілді.
Әлеуметтік жұмыс орындарына барлығы 16 адам жолданып (2014 ж – 16 адам) барлығы 1923,0 мың теңге игерілді
Кәсіпкерлік дағдыларды дамыту мақсатында 14 жұмыссызға жеке ісін ашуға және өзіндік жұмыспен қамтылуға материалдық көмек көрсетіліп (2014 ж. – 7 адам) барлығы 1110,0 мың теңге игерілді.
Басқада әлеуметтік төлемдер заңға сәйкес мұқтаж азаматтарға уақытылы төленуде.
2015 жылға тіркелген кедейшілік деңгейі 2014 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 0,3% азайған. (2014 ж – 1,4%).

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша
Бағдарламаның 1-бағыты «Инфрақұрылымды және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» бойынша 2015 жылы 165 млн теңге бөлініп, жоспар бойынша уақытша жұмыс орнымен 142 адам, оның ішінде жұмыспен қамту орталығы арқылы 64 уақытша жұмыс орны (жоспар 49 қатысушы, орындалысы 131%) ашылды. Атап айтқанда:
1) Білім беру саласы бойынша, Жезді кентіндегі балабақшаны күрделі жөндеуге 73,6 млн теңге бөлініп, жұмыстары аяқталды. Жұмыспен қамту арқылы 15 жұмыс орыны жоспарланған, ал орындалысы 30 қатысушы немесе 200 %.
2) Денсаулық сақтау саласы бойынша Ұлытау селосында және Қарсақпай кентінде отбасылық амбулатория құрылысы жұмыстары басталды. Осы аталған құрылысқа Республикалық бюджеттен 91,2 млн теңге бөлініп, 112 жұмыс орны ашылған. Ұлытау ауданының жұмыспен қамту орталығы арқылы 34 адам (Қарсақбай кентінен 17 адам, Ұлытау селосынан 17 адам) жұмысқа тартылды, орындалысы 34 қатысушы 100%.
Бағдарламаның 2-бағыты «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» бойынша 2015 жылы несиелеуге 30,0 млн теңге және кәсіпкерлік негіздерін оқытуға 439 мың теңге бөлінді. Кәсіпкерлік негіздерімен 10 адам оқытылып, сертификат алды. Бағдарламаға қатыстыру жоспар бойынша 10 адам болатын. Қазіргі уақытта 12 қатысушы 30 млн теңге несие алды. 6 қатысушы кәсіпкер 6 бірлік жұмыс орынын ашты. Аталған бағдарлама бойынша 1 қатысушы жолаушылар тасымалдау қызметі, 3 қатысушы асхана ашу және 8 қатысушы ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында ірі-қара мал сатып алуға несие алды.
Бағдарламаның 3 бағыты «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» бойынша 2015 жылы әлеуметтік жұмыс орындарына 2400,0 мың теңге бөлініп, жоспар бойынша 15 адам уақытша жұмыспен қамтылды (100 %).
2015 жылы жастар практикасы бойынша 856,2 мың теңге бөлініп, жоспар бойынша 4 адам қабылданып (100%) шілде айынан бастап жұмыспен қамту арқылы жұмысқа тартылды.
Қайта даярлау курстарына 1231,0 мың теңге бөлініп, 2015 жылы қыркүйек айынан бастап 5 қатысушы дәнекерлеуші мамандығы бойынша 3 айлық дәріс алуға жолдама алды (100%).

Құрылыс және сәулет
Аудан бойынша 2015 жылы құрылыс жұмыстарының көлемінің орындалысы 8 млрд 313,1 млн теңге, өткен жылғы кезенмен салыстырғанда 36.4 пайыз (2014 жылы 20 млрд 568 млн тг). Құрылыс жұмыстары көлемінің төмендеу себебі аудан көлемінде салынып жатқан темір жол құрылысының көлемінің азаюынан болып отыр.
Қаржыландырудың барлық көздерінен тұрғын үйлерді қолданысқа беру 4137 шаршы метр өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 105,8 пайыз орындалды (2014 жылы 3910 м²).
«Қол жетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлытау селосында «ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығы» және «Тайжан» көшелерінде салынған бір пәтерлі үш бөлмелі 20 коммуналдық тұрғын үйлердің инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым, ауласына абаттандыру жобасы бойынша 20 үйдің ауласына асфальт төсеу және Тайжан көшесінде 10 үйдің қоршауын орнату жұмыстарынан басқасын толық аяқталды. Қолданысқа жаз айларында қабылданады деп күтілуде.
«Ақ бұлақ -2020» бағдарламасы аясында Алғабас су құбырын қайта жаңғырту жұмыс жобасы бойынша барлығы 120 млн 74 мың теңге бөлініп жұмыстары толық аяқталды. Нысан 2015 жылдың 18 - ші маусымда қолданысқа қабылданып алынды.
«Ұлытау Саламат – Иманжанов» көшесі су құбырын қайта жаңғырту жобасының барлығы 225 млн 219 мың теңге бөлініп, жұмыстары 99,9 пайызға орындалды, игерілмей тұрғаны 10 млн 393 мың теңге. Игерілмеу себебі осы жобаның сметалық құжаттамасын жасағанда ұңғымаларды тазартып насостарды орнату жұмыстарын жасауға қаржы қаралмаған. Осыған сәйкес қосымша ЖСҚ жасалып, жергілікті бюджеттен қаржы бөлу керектігі туындады. Қазіргі күні бітеліп қалған скважиналарды тазартуға қосымша смета жасалып және сараптамаға өткізу жұмыстары жасалып жатыр.
«Егінді су құбырын қайта жаңғырту жұмыс жобасы бойынша құны 136 млн теңге. 2015 жылға бөлінгені 124 млн теңге. Қазіргі күні су құбыры, құдықтары өрт сөндіру гидранттары толық аяқталды, су мұнарасы және екі скважинаның біреуі орнатылды. Биылғы жылы құрылыс жұмыстары толық аяқталатын болады.
2015 жылы Ұлытау селосында әмбебап спорт кешенінің құрылысын салу жұмыстары басталды. Жобаның жалпы құны 306 млн теңге. Биылға 124,0 млн. теңге бөлініп кестеге сай жұмыс жүргізілуде. Жобаны толық аяқтап қолданысқа беру ағымдағы жылдың қараша айына жоспарланып отыр.
Ұлытау селосының Иманжан көшесінде жекеменшік 10 үйдің құрылысына бөлінген жер учаскісіне инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына жалпы 37 млн теңге бөлінді. Жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр, 2016 жылы 1 қыркүйекте аяқталады.
Ұлытау селосында кәріз жүйесі мен тазарту қондырғысының құрылысына ЖСҚ – сы мемлекеттік сараптамадан өтті. Сметалық құны – 1 млрд 600 млн теңге. Алдағы уақытта жобаны іске асыруға Республикалық бюджеттен қаржы бөлгізуге ұсыныс жасалады.
2015 жылы Ұлытау селосында өлкетану мұражайының құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттамасы дайындалды, қазіргі күні мемлекеттік сараптаманың қарауында жатыр. Жобаның жалпы құны 289 млн теңге.
Биылғы жылы Ұлытау селосының ҚР Тәуелсіздігінің 20 жыл атындағы көшеге екі пәтерлі 10 үйдің құрылысын салу жоспарланып отыр, жұмыс басталды. Жобаның жалпы құны 219 млн 485 мың теңге. Жоба 2016 жылы іске асырылады.

Электр энергиясымен қамтамасыз ету
Ұлытау селосында ТМ-1000 ква 35/10 трансформаторы ТМ-1600 ква 35/10 трансформаторы және Байқоныр подстанциясындағы ТМ-1000 кВа трансформаторы айырбасталды.
Аудан бойынша 122 баған орнатылып, жарық көздері жаңадан айырбасталды.
Жанкелді елді мекеніне аудандық бюджеттен 317,0 мың теңгеге ішкі тоқ желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды.
Ұлытау селосының Тайжан және Аманкелді көшелерінің ТМ 160, ТМ 250 транформаторлары ауыстырылды.
2015 жылы аудан бойынша электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмыстарына 21 129,9 мың теңгеге жұмыстар атқарылды.
Ұлытау, Жезді, Ақтас елді мекендерінің тоқ желілерімен, подстанцияларын толық күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттары сараптамасымен қосылып жасалып, құжаттар тиісті облыстық басқармаларға Республикалық бюджеттен 315,0 млн теңге қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге сұраныс берілді.

Ауыз-сумен қамтамасыз ету
Жезді кентіндегі ауыз су жүйесіне және ағынды су жүйелеріне ағымдағы жөңдеу жұмыстарына 4 038,0 мың теңгеге жұмыстар атқарылды.
Мибұлақ су құбыры скважина насосының істен шығуына байланысты, ЭЦВ-16/110 насосы, кабельдері айырбасталып ағымдағы жөңдеу жұмыстары атқарылды.
«Жезбұлақ» кәсіпорыны Қоскөл, Мибұлақ, Сарысу, Пионер елді-мекендерінде 4 скважина насосы айырбастады. «Нарсай-3» скважинасына жаңадан куатты насос орнатылды.
«Жезбұлақ» кәсіпорыны ағымдағы жылда 18 су тартқыш колонкалар айырбастады, 61 құдықтың айналасы бетондалып, 20 құдықтың бетіне жаңа қақпақ орнатылды.
Жалпы аудан бойынша 2015 жылға ауыз-сумен қамтамасыз ету жұмыстарына барлығы 45 млн 24 мың теңге қаралып, жұмыстар атқарылды.

Автокөлік жолдарын жөндеу
Облыстық дәрежедегі Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сатпаев бағытындағы 22-27 шақырым аралығындағы 5 шақырым автокөлік жолына 39 млн 446,0 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ұлытау-Бозтұмсық-Малшыбай-Сатпаев бағытындағы 42-52 шақырым аралығындағы 10 шақырым автокөлік жолына 85 млн 411,0 мың теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ұлытау селосының Тайжан көшесіне автокөлік жүретін жолының 7200 шаршы метр асфальттанды, жұмсалған қаржы 72 863,6 мың теңге.
Ұлытау селосының №1 Ұлытау орта мектебі, «Өркен» балабақшасының алдына жасанды жол төмпешіктері (искуственная дорожная неровность) орнатылды. Ұлытау селосының ішкі жолдарына жол бедерлері (разметка) жасалды.
Қарсақпай кентінің Болман ақын көшесінің 2,2 км. (3844 м2) автокөлік жолын орташа жөндеуден өткізуге аудандық бюджеттен 43 млн 343,0 мың теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары атқарылды.
Ұлытау ауданының Жезді кентінде 2015 жылдың қыс айларында ішкі автокөлік жолдарын қардан тазалауға 249,0 мың теңге қаржы жұмсалды. Жезді кентінің Көкбұлақ және Қожабай ақын көшелеріндегі тас көпірлерді жөңдеу жұмыстарына 897,0 мың теңге қаржы жұмсалды.
Аудандық маңызы бар Мибұлақ-Жезқазған бағытындағы 40 шақырым көтерме жолдың, көктемгі және қысқы мезгілдерінде күтіп ұстау жұмыстарына 1 млн 200 мың теңгенін жұмысы атқарылып, игерілді.
Түйемойнақ-Сарысу арасындағы бағытындағы аудандық деңгейдегі жолды жөндеп, күтіп ұстап тұруға 1 288,0 мың теңге бөлініп, оның 890 мың теңгесі көктемгі төтенше жағдай орын алған кездегі су шайып кеткен жолға тас төсеп, тұрба салынды, Түйемойнақ разъезі тұсындағы 600 м жолға тас төсеп, суағар тұрба салынды және 20 шақырым жолдың шетіндегі шөп қырылды.
Егінді селосының кіре берістегі көтерме жол бағытындағы 32 шақырым жолды қысқы маусым уақытында күтіп ұстау үшін 1 млн 240 мың теңге жұмсалды.
2014 жылы асфальтталған Борсеңгір селосының Наурыз көшесінің ішкі көше автокөлік жолдарын көктемде су басып, асфальттың кейбір бұзылған жерлеріне мердігер жолды қайтадан асфальттап, 3 жерге суағарлар салды.
2015 жылы аудандық дәрежедегі және ішкі көше жолдарды ұстап тұруға 23 млн 603,0 мың теңге қаржы қаралып жұмыстары жасалды.
2015 жылы автомобиль жолдарының жұмыс істеуін қамтамасыз етуіне жалпы 139 млн 809,3 мың теңге қаржы бөлініп толығымен игерілді.

Елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалығын қамтамасыз ету
Көктемгі 2 айлық және күзгі 1 айлық кезінде Ұлытау ауданының кенттік, селолық округтерді сәулеттендіру, санитарлық тазалық және көгалдандыру бойынша ағымдағы жылдың барысында аудан бойынша 3 рет облыстық, 5 рет аудандық сенбілік өткізілді. Әр жетінің бейсенбісі «таза бейсенбі» күндері 12 рет өткізілді. Осы тазалық бейсенбісімен, сенбіліктерге 91 ұжымнан өспелі қорытындысымен 10475 адам қатысты, соның ішінде пайдалы қоғамдық еңбекке 72 адам қатысты, 45 техника шығарылды, оның ішінде 12 жүк тиегіш. Барлығы 3902 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар, күл-қоқыс сыртқа шығарылды. Әктелген үйлер 1021. Тазартылған аумақтар 124 гектар, жөнделген жарық көздері 120, жөнделген ғимараттардың қасбеті 43, жөнделген және сырланған қоршаулар 1610 метр, кесілген ағаштар 669 дана, отырғызылған ағаштар 1102 дана, көшеттер 220 дана.
Абаттандыру бойынша Ұлытау селосына Ұлы Отан соғысының 70 жылдық мерекесіне байланысты ардагерлерге даңқ ескерткіш мемориалы және жерлесіміз С.Асатовқа бюст орнатылды, жұмсалған қаржы 23 млн теңге.
Жолда жүру қауіпсіздігін артыру үшін Ұлытау селосының Абай, Бұлқышев көшелерінің бойына 1536 шаршы метр жаяу жүргіншіге арналған тротуарлар салынды бөлінген қаржы 22 млн 756,2 мың теңге.
Ұлытау селосындағы «Бес арыс», «Кетбұғы», «Б.Бұлқышев және М.Иманжанов», «Хан алаңы», ескерткіштеріне гүлдер егілді. Бөлінген қаржы 2390 мың теңге.
Ұлытау селосында иесінің қарауынсыз жүрген малдарды оқшаулайтын қоршау салынды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен қаралған қаржыға Жезді кенті, Ұлытау және Қаракеңгір селоларына шағын балалар ойын алаңдары орнатылды.
Бұлқышев көшесіндегі оқу бөлімінің алдына заманауи көп профильді балалар ойын алаңы орнатылды. Бөлінген қаржы – 12 млн 96 мың теңге.
Аудан бойынша елді-мекендерді абаттандыру мен көгалдандыруға 95 млн 628,9 мың теңге қаржы қарастырылды және елді мекендердің санитарлық тазалығына 4 641,6 мың теңге бөлінді.

2015-2016 жылдардағы жылу маусымына дайындық.
Аудан бойынша әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысандарды, жылумен қамтамасыз ету мақсатында атқарылатын жұмыстардың іс-шарасы бекітіліп, дайындық жұмыстары жүргізілді.
Жылу беру маусымында аудан бойынша 25 автономдық жылу жүйесі жұмыс атқаруда. Аталған автономдық жылу жүйелеріне ағымдағы жөндеу, яғни опрессовка, жуу-тазалау жұмыстары толық жүргізілді.
Мибұлақ мәдениет үйінің шатырын «Жезбұлақ» ЖШС 700,0 мың теңгеге жөндеу жұмыстарын атқарды.
№1 Ұлытау орта мектебі қысқы жылу беру маусымына 2 қазандықты ауыстырып, 1 қазандықты жөндеуден өткізді. Аманкелді және Қорғасын мектептерінің қазандықтары жөндеу жұмыстарынан өтті.
«Тасбұлақ» ЖШС жылу беру маусымына дайындық барысында қазандықтың 3 пеші жаңартылды, Ұлытау ауданының жылу берілетін мекеме ғимараттарына жаңадан 180 метр труба тартып, винтель, насос және задвижкалары жаңадан орнатылды.
Қарсақбай металлургиялық зауытына қарасты өндірістік жылу қазандығының 2015-2016 жж жылу беру маусымына дайындығы жоспарға сай жүргізілді, 16 бөлімнен тұратын іс-шара толығымен аяқталды.
2015-2016 жылдардағы қысқы жылу беру маусымына байланысты аудандық білім бөлімі 5190 тонна, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 920 тонна көмір, аудандық аурухана жылу беру маусымына қажетті 530 тонна көмірді толығымен түсірді. Жылу беру маусымы қалыпты жағдайда өтуде.

Қоғамдық тәртіп
Ұлытау ауданының ішкі істер бөліміне 861 қылмыс және оқиғалар туралы азаматтардың арыз-шағым, хабарламасы тіркелді. Осы тіркелген арыз-шағымдардың – 304 сотқа дейінгі тергеп-тексеру базасына енгізіліп, 128 қылмыстық іс қозғалды.
Ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 50,0 пайыз, 2014 жылы 40,0 пайыз болған.
Жол және техникалық тобы бойынша аудан көлемінде - 9 жол көлік оқиғасы тіркеліп, 3 адам қайтыс болып, 20 адам дене жарақатын алды. ЖКО жол бермеуде жергілікті жерлерде профилактикалық іс шаралар ұйымдастырылып отыр.
Биылғы жылы жергілікті атқарушы органға бағынышты жергілікті полиция бөлімі құрылды. Жергілікті полиция қызметі өзінің қызметін ҚР-ның Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге сондай ақ ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметі туралы ережесіне сәйкес жүзеге асыратын болады. Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторлары бөлімшелерінен, кәмелетке толмағандар істері, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелерден, жол-патрульдік полициясынан, табиғатты қорғау полициясынан, қабылдау-бөлу орындарынан және арнаулы қабылдау орындарынан тұрады және ішкі істер органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді. Бастығы болып Алмат Дүйсенбекұлы Дүйсенбаев тағайындалып, жұмысын бастады.

Құрметті жерлестер!

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алға қойған міндет­терін іске асыру мақсатында, ауданның әлеу­меттік-экономикалық дамыту жө­нін­дегі атқарушы билік органдары жүргізген ауқымды жұмыс­тарды саралап алдағы істелер жұмыстарды талдадық.


Әр жыл бізді жаңа жетістікке, жаңа биікке жетелейді. Еліміз биылғы жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерей тойын атап өтеді. Тәуелсіздігіміздің құрметіне орай ауданымызда 25 игі іс шара жоспары бекітіліп және бірқатар әлеуметтік нысандар қабылданып халықтың игілігіне берілетін болады.
Елбасының сындарлы саясатымен бағытымызды белгілеген Ұлт жоспары негізінде сіздердің қолдауларыңызбен аудан халқының береке-бірлігімен ортақ мақсатқа жұмыла кірісіп, халықтың сенімін ақтап, бұдан да үлкен табыстарға қол жеткізетіндігімізге сенімдімін.
Ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуы жолында бірқатар шешуін күтіп тұрған мәселелер әлі де бар, алдағы уақытта бұл мәселелердің өзіндік шешімін табуға бірігіп жұмыс істейтін боламыз.
Сондықтан келешекте ұйымдасқан еңбек үлгісін көрсетіп, қол жеткізген табыстарымызды сақтай отырып, туған жеріміздің байлығын еселей түсеміз және биік белестерді бағындыруға қол жеткіземіз деген сенім білдіремін.
Бірлігі берік, өзара ынтымағы бар және елі үшін аянбай еңбек ететін халқы бар мемлекет қана жаһандық қиындықтарды еңсеріп, жеңіс тұғырына көтерілмек. Әлемде болып жатқан жағдайларға зер сала отырып, елдің бірлігін, халықтың ауызбіршілігін сақтау баршамыздың парызымыз деп білемін. Бүгінгі таңда біртұтас халық болып, Елбасы төңірегіне топтасудың маңыздылығы зор. Мәңгілік Ел идеясын іске асыру жолында Мемлекет басшысы алдымызға жаңа міндеттер қойды, сол міндеттерді жүзеге асыруда бірлігіміз бекем, татулығымыз тұрақты болуы шарт. Бұл жүрегі елім деп соққан әр азаматтың міндеті. Жасампаз істерге аудан халқының да бей-жай қарамасы анық. Осы мақсаттағы тынымсыз еңбектеріміз әрдайым жемісті болсын!
Осы мақсатқа жету жолында баршаңызға еңбекте үлкен табыс, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін.

Назарларыңызға рахмет!

Дата cоздания: 20 Маусым 2016 10:48
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 20 Маусым 2016 10:48
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы 2 қыркүйек 2019
Қазақстан республикасы президентінің ресми сайты
Қазақстан 2050 Мәңгілік ел
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Пайдалы сілтемелер
Сайт картасы