жоғары
ресми ақпараттық
порталы
Қарағанды -3°C
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» ҚР Заңы cайттың ең маңызды бөлімдері
Виртуалдық қабылдау бөлмесі

Қарқаралы ауданы әкімінің халық алдында есебі

Назад

Құрметті есепті жиынға қатысушылар!

Өткен жылдың елеулі оқиғаларының бірі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауы болды. Жолдауда елімізде қалыптасқан қазіргі жағдайға талдау жасалып, шұғыл шешімді талап ететін басым бағыттар айқындалды.
Өздеріңізге белгілі бүгінде әлемдік экономика қаржы дағдарысына ұшырап, оның салдарынан көптеген қиындықтар туындауда. Қазақстан мемлекеті де осы әлемдік экономиканың бір бөлігі болғандықтан дағдарыстың салқынын сезінуде. Бірақ, еліміздің даму қарқыны дағдарысқа қарамастан өткен жылы экономикада, саяси жүйеде, әлеуметтік секторда маңызды реформаларды іске асыруға мүмкіндік берді.
Мемлекетіміздің осындай табыстарының ішінде облысымыздың, оның ішінде біздің ауданның да үлесі айтарлықтай. Есепті жыл ішінде көптеген ауқымды істер атқарылды.
Біздің негізгі бағытымыз дағдарысқа қарсы тұру жұмыстарын ойдағыдай ұйымдастыру. Ал бұл мәселелердің шешімі негізінен бюджетке, оның орындалысына тығыз байланысты.
Өткен жылы мемлекеттік бюджетке жалпы 1097,9 млн.теңге түсті, яғни жоспар 110,8%-ға орындалды. 2014 жылмен салыстырғанда 118,3% болды. Аудан бюджетіне 576,2 млн.теңге түсіп, жоспар 117,8%-ға орындалды.


Бюджетке түсетін түсімнің көбеюі ауданға тартылған инвестицияға да байланысты. Нәтижесінде, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 14 млрд. 718, 9 млн. теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 190,1% болды. Жоспар 104,6 %-ға орындалды.Нақты көлем индексі (ИФО) – 185%-ды құрады.

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 4831,5 млн.теңге құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 97,0 %-ға орындалып отыр. Нақты көлем индексі 84,7% болды.
Өнеркәсіп өнімінің негізгі бөлігін Арселор Миттал Теміртау кәсіпорнына қарасты «Өркен-Кентөбе» өкілдігінің өнімі алады. Есепті жылдың қорытындысы бойынша «Өркен-Кентөбе» кәсіпорнының өнімі 3427,0 млн. теңгені құрады. Кен өндіру көлемі 842,2 мың тонна құрап, дайын темір қойыртпаларын шығару 702,2 мың тонна болды. Бұл көрсеткіштер 2014 жылғы деңгейге жетпеді. Өнім шығару көлемінің төмендеуі Арселор Митталдың 1 пеші істен шығып, шілде-тамыз айларында Кентөбе жұмысы толық тоқтатылып, темір қойыртпасы шығарылған жоқ. Орташа есеппен осы айларда 125,0 мың тонна дайын өнім жоғалтылған (670,0 млн. теңгеге). Бүгінгі күнге кәсіпорын жұмысы бір қалыпқа келді.
„Қазақмыс Корпорациясына“ қарасты Қарағайлы байыту фабрикасында 220,9 мың тонна мыс қойыртпалары шығарылды. Кәсіпорында өндірілетін кен «Ақбастау» кен орнынан тасылады. Фабриканың өнім өндіру көлемінің төмендеу себебі – мамыр айынан бастап кеннің жарты көлемі Балқаш мыс комбинатына тікелей жіберілді. Ал «Абыз» кен орнын шахталық әдіспен өңдеу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Корпорацияның жоспары бойынша биылғы жылы іске қосылады.
Ауданда Шарықты селолық округіндегі «Көктасжал» мыс кен орнында тау-кен кешенін салу және пайдалану» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жалғастырылуда. «Алтай полиметаллы» кәсіпорыны биылғы жылдың сәуір айына іске қосылады деп отырмыз. Бүгінгі күні кәсіпорында 300-ден астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 220-ға жуық адам жергілікті тұрғындар.


Аудан бойынша тағы бір жоба «Қарқаралы ауданында «Алайғыр» кен орнында полиметалдық кендерді өндіру» жобасын жүзеге асырылуда. Жобаны жүзеге асырушы «Алайғыр бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестік.
Ендігі кезекте осы кәсіпорындарда жұмыс жасап жүрген азаматтардың еңбек етуіне әлемде болып жатқан қиыншылықтар кедергі болмауы үшін біз, өз тарапымыздан жан-жақты жұмыс жасап, алдын-алу шараларын қарастыра беретін боламыз.
Осы салаға жауапты аудан әкімінің орынбасарына, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне өндіріс орындарымен үнемі байланыста болу, жұмыстың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында негізгі проблемаларды дер кезінде талқылау, сол бойынша тиісті шешімдер қабылдауды тапсырамын.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарымыз іс-шаралар жоспары мен мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылуда. Есепті жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласына шаруа қожалықтарының негізгі қорына 329,5 млн. теңге инвестиция салынды (былтырғы жылы инвестиция салынған жоқ).
Жыл ішінде шаруа қожалықтарына барлығы 446,5 млн.теңге субсидия төленді.
Анықтама үшін: Мал шаруашылығы бойынша 349,3 млн. теңге субсидия төленді. (2014 жылы 253,5 млн. теңге).
Биылғы жылы сатып алған асыл тұқымды ірі қара малдарға субсидияға құжаттар қабылдау басталды.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағар май материалдарының құнын арзандатуға субсидиялар төлеу ережесіне сәйкес, егін сепкен шаруашылық құрылымдарына 30,8 млн. теңге субсидия төленді (2014 жылы 37,6 млн.теңге төленген болатын).
Инвестициялық салымдарды субсидиялау тәртібіне сәйкес, жаңадан техника, арнайы құралдар алған, құдық қаздырған 31 шаруа қожалығына 66,4 млн. теңге субсидия төленді. (2014 жылы 55,7 млн. теңгеге субсидия төленді).
Бұл жұмыстарды әрі қарай жалғастыра береміз. Осының барлығы Үкіметтің ауылға деген нақты көмегі.
Осындай көмектің арқасында былтырғы жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 16 млрд. теңгеден астам болып, өсім 2014 жылмен салыстырғанда 113,2 пайыз болды. Сүт өндіру – 106,6%-ға, ет – 106,4%-ға, сол сияқты жұмыртқа – 102,1%-ға, жүн – 100,1%-ға өсті.
Мал шаруашылығына келсек, аудан бойынша ірі қара – 78,7 мың бас – 2014 жылмен салыстырғанда өсім 101,1% болды, жылқы – 38,3 мың бас, 103,1 %-ға өсті, қой - ешкі – 216,8 мың бас өсім 101,1 %, құс – 54 мың өсім 100,1 % болды.
Көріп отырғандарыңыздай, ауданда жыл санап мал басы өсіп келеді. Сондықтан осы малды сапалы, құнарлы азықпен қамтамасыз ету үшін, көп жылдық шөп (житняк) егу жұмыстарының аясын кеңейтуіміз керек. Былтыр 7 шаруа қожалығы ғана 2179 гектар жерге көпжылдық шөп (житняк) септі. 11,5 тонна көпжылдық шөп (житняк) тұқымы сатып алынды. (2014 жылы 1220 гектарға көп жылдық шөп себілген). Биыл көпжылдық шөп 3000 гектарға егіледі деп жоспарлап отырмыз. Мүмкіндігіне қарай әлі де болса көбейтуіміз керек.

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының «Агробизнес 2020» бағдарламасын іске асыру бойынша шебер-жоспарларды бекіту туралы бұйрығына сәйкес 13 шебер-жоспар бекітілген. Осы шебер-жоспарлардың орындалысын қамтамасыз етуде мал басына жеткілікті мал азығын дайындау үшін және қой шаруашылығын, ет бағытындағы ірі қара шаруашылықтарын дамытуға «шебер – жоспарлар» 2016 – 2020 жылдарға жасалып, аудан әкімдігінің қаулысымен бекітілді.
Енді бекітілген шебер – жоспарларға сәйкес жұмыс жасау ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық басшыларының басты міндеті. Себебі біздің аудан ауыл шарауашылығы ауданы, оның ішінде мал шаруашылығына басымдық беріліп отырған аудандардың бірі.


Сонымен қатар, ауданда өткен жылы мал басын асылдандыру, ірілендіру, ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жұмыстар іске асты.
Оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданға 800 бас ірі қара алу керек болса, жыл ішінде осы бағдарламасы аясында 18 шаруа қожалығы 1059 бас ірі қара малын алды (1006 аналық сиыр және 53 бас асыл тұқымды бұқа). Жоспар 132 %-ға орындалды.
/2014 жылы 19 шаруа қожалығы 1051 бас ірі қара малын алған болатын (1002 аналық сиыр және 49 бас асыл тұқымды бұқа)./
Былтырғы жылдан бастап жұмысын бастаған «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 1600 бас қойдың орнына 13 шаруа қожалығы 2066 бас қой алды (1976 бас аналық қой, 90 бас асыл тұқымды қошқар). Орындалысы 129% болды.
2015 жылдан жұмысын бастаған «Құлан» бағдарламасы арқылы 9 шаруа қожалығы 358 бас жылқы алды (332 бас бие, 26 бас асыл тұқымды айғыр). Жоспар 280 бас, орындалысы 128%.
Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 490 бас ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 400 бас жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 970 бас қой алу міндеті тұр.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 61-қадамындағы «Ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту, шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» туралы тапсырмасына сәйкес, біз де осы бағыттағы жұмыстарымыздың аясын кеңейтуіміз керек.
Былтырғы жылы ірі қара мал етін экспортқа шығару тапсырмасы бойынша біздің ауданға 62,6 тонна ет тапсыру жоспары берілген болса, ауданның шаруа қожалықтары 84,7 тонна ет тапсырды (421 бас ірі қара), орындалысы 135%. Биылғы жылға облыс тарапынан 70,6 тонна ірі қара етін экспортқа шығару тапсырмасы беріліп отыр.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары, эпизоотияға қарсы алдын – алу, сақтандыру іс - шаралар жоспарға сәйкес толық орындалды (2015 жылы 29,6 мың бас ірі қара малы сырғаланды, орындалысы 100 %, 118,1 мың бас қой – ешкі малы сырғаланды, орындалысы 100 %, ал 11,8 мың бас жылқы малының 12,0 мың басы чиптеу және таңбалау арқылы бірдейленді, орындалысы 102 %. Ал 2014 жылы ірі қара 27,1 мың бас, қой-ешкі 93,6 мың бас, жылқы 7,4 мың бас бірдейленген болатын).
Диагностикалық іс-шаралар кезінде бруцеллез ауруы анықталған 297 аулаға - 44068 ш.м дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Бруцеллез ауруына қарсы 77,2 мың ірі қара малы зерттеліп, 1174 бас бруцеллез ауруы анықталды, ал қой-ешкі малының 220,8 мың басы зерттеліп, 418 бас ауру анықталды. Бруцеллез малдарды арнайы ет өндеу орнына тапсырған аудан тұрғындарына тиісті қаражаттары төленді.
Анықтама үшін: Қ.Аманжолов селолық округіне қарасты Талды, Ақбай-Қызылбай, Сарыобалы елді мекенінен Үштөбе, Өзен, Қарамолла қыстақтарына және Ынталы ауылдық округі, Ынталы ауылына – барлығы 7 (жеті) пункте ірі қара, ұсақ мал және иттердің бруцеллезінен сауықтыру үшін шектеу (карантин) қойылған болатын (аудан әкімдігінің 03.09.2014 ж.№ 238 санды қаулысымен). Бұл бойынша былтырғы жылы тиісті шараларжүзеге асырылып, 2015 жылдың желтоқсан айында шектеу алынды.


Егін шаруашылығына келсек, былтырғы қуаңшылық аудан диқандарына айтарлықтай қиыншылықтар туғызды. Бірақ ырысы мен ынтымағы жарасқан, берекелі өңірдің халқы қиындыққа мойымай, астықтарын дер кезінде жинап алды. Ауданда 37,2 мың гектар егістік алқап орылып, барлығы 25,9 мың тн. астық бастырылып, қажетті 4,5 мың тонна тұқым құйылды. Биыл 52 мың гектар жерге егін себуді жоспарлап отырмыз.
Елбасы өзінің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының36-қадамында «Ауылшаруашылық жерлерін пайдалануға тұрақты түрде мониторинг жүргізу. Барлық пайдаланылмай жатқан жерді алдағы уақытта жекешелендіру үшін мемлекеттік қорға беру» қажеттігін айтты. Сондықтан аудан бойынша игерілмей жатқан жерлерді тиімді пайдалану, мемлекеттік қорға беру жұмыстарын жалғастыра беруіміз керек.
Өткен жылы мемлекеттік қордағы 227 мың гектар жерді конкурстар арқылы 127 шаруа қожалығы алды, орындалысы 118 % құрады. Ал 2014 жылы 151 мың гектар жер учаскесі ауылшаруашылық айналымына енгізіліп, орындалысы 101 % құраған болатын.
2014 жылы конкурстар үш рет өткізілген болса, 2015 жылы бес рет өткізіліп, 76 шаруа қожалығы жаңадан ашылды, осы шаруашылықтар 134 мың гектар жер учаскесін алды. Сондай-ақ, 51 шаруа қожалығына қосымша 93 мың гектар жер учаскесі берілді.

Аудан бойынша жерін тиімді пайдаланбай жатқан шаруашылықтардан 2014 жылы 6 мың гектар жер қайтарылса, 2015 жылы 20 мың гектар жер қайтарылып, айналымға енгізіліп отыр.

Осы жерде айта кетуіміз керек, аудан бойынша әлі де 65 мың гектар егістік жер игерілмей жатыр. Бүгінде 68 шаруақожалығының 32-не тексерістер аяқталып, 23 шаруашылыққа әкімшілік ескертулер берілді. 9 шаруақожалығына 713 520 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қалған шаруашылықтар бойынша тиісті жұмыстар жасалуда.
Сондай-ақ, ауданда картоп егу жұмыстары да әлі де болса жүйелі түрде іске асырылмай тұр. Былтырғы жылы 17 гектар жерге ғана картоп отырғызылды (картоптың әр гектарынан орташа 115 цн. өнім алынып, барлығы 195 тн. картоп жиналды). Биылғы жоспар 19 гектар.

Бүгінде аудан бойынша 6 мыңнан астам аула болса, осы аулалардың ішінде картоп, көкөніс салынбайтын аулалар да кездеседі. Аудан тұрғындарының жыл бойы тұтынатын картоп мөлшері 2 мың тоннадан асады екен. Міне осы картопты сатып алғанша үйдің жанына өсіріп, өз-өзімізді қамтамасыз етейік. Әр аулада үй жанындағы жер участогын (огород) тиімді пайдаланып, картоппен бірге көкөніс өсіруді де қолға алайық. Бұл жұмыстар көп күш те шығын да қажет етпейтіні белгілі.


Жекелеген шаруа қожалықтарының, тұрғындардың картоп, көкөніс егу жұмыстарын, сондай-ақ, әр елді мекенде жылыжай салу мәселесін қала, кент, ауыл әкімдері өздеріне басым бағыттардың бірі етіп алуды тапсырамын (аудан бойынша 7 жылыжай ғана бар).
Өткен жылы аудан бойынша 33 шаруа қожалығы техникаларын жаңартты. Осы шаруашылықтар «Казагроқаржы» акционерлік қоғамы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры арқылы лизингіге және өз қаржыларына 34 бірлік МТЗ маркалы тракторларын, 2 бірлік жүк тиегіш және 17 арнайы механизмдер, барлығы 53 дана техника алды (2014 жылы 21 бірлік МТЗ маркалы тракторлар, 3 астық комбайны және 9 арнайы механизмдер, барлығы 33 дана ауыл шаруашылық техникалары алынды).
Осы жоспарлы жұмыстармен қатар Инвестициялық жобалар аясында өткен жылы ауданда бірнеше жобалар іске асырылды және биыл жалғасын табады.
2012 жылы қолға алынған «Ынта» шаруа қожалығының базасында «Ангус» асыл тұқымды ірі қара малын өсіретін репродуктор – шаруашылық ашу жөніндегі жоба жүзеге асып, жұмыс жасауда. Қазіргі кезде ауданның шаруашылықтарына ірі қара малдарын асылдандыру мақсатында «Ангус» асыл тұқымды малының төлдерін сатуда.
Егіндібұлақ ауылында жеке кәсіпкер Ө.Қапсаттаров түрлі ет өнімдерін шығаратын цех ашып, өнімдерін аудан тұрғындарына ұсынуда. Бүгінде Қарқаралы қаласында, Егіндібұлақ селосында екі дүкен жұмыс істеп тұрса, 50-ден астам дүкенде осы цехтан шыққан өнімдер сатылуда.
Қырғыз селолық округіндегі «Берік» шаруа қожалығы өз қаржысына 400 бас ірі қара, 1000 бас қой, 130 бас жылқы малдарын бордақылайтын мал бордақылау алаңын салып, іске қосты.
Бесоба ауылдық округіне «Абай» сервистік дайындау орталығы «Симментал» сүтті сиырларын әкеліп сүт фермасын ашты. Сауылған сүтті Теміртау қаласындағы сүт зауытына өткізуде. Келешекте «Симментал» сүтті сиырларын көбейтіп, 600 басқа арналған сүт фермасын ашу көзделуде.
Қаракөл селолық округіне қарасты «Қамбар ата» шаруашылығы жаңадан қыстақ салып, 300 бас «Қазақтың ақбас» асыл тұқымды ірі қара малын өсіруде.
Бұл бірқатар селолық округтерде ғана жүзеге асырылып жатқан жұмыстар. Сондықтан ауыл әкімдерінің осындай жаңалықтарды шаруашылық басшыларына дер кезінде жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуі мезгіл талабы.
Ауыл шаруашылық кешенін тұрақты түрде дамыту мақсатында алда көптеген міндеттер мен басым бағыттар тұр. Атап айтқанда, әрбір ауылдық округте агроөнеркәсіптік кешеннің «зәкірлік» (якорлық) инвестициялық жобаларын іздестіру бойынша жұмысты ұйымдастыру, жер учаскелерінің иелерімен және жер пайдаланушылармен ауылшаруашылық жерлерін үнемді және тиімді пайдалануға бақылауды жалғастыру, Үкімет тарапынан түрлі бағдарламалар негізінде беріліп жатқан жеңілдіктерді пайдалану, мал тұқымын асылдандыру бойынша жұмыстарды одан әрі жалғастыру, ауылға инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу, сапалы өнім шығару. Бидай тұқымымен қоса арпа, көпжылдық шөп тұқымдарын да көбейтіп, сататын дәрежеге жетуге жұмыс жасауымыз керек. Себілетін егістік көлемін ұлғайту, ауыспалы егістік жүйесін толық енгізу, егістік жерлердегі пардың көлемін ұлғайту, ылғал ресурстарын сақтау технологиясын енгізуіміз қажет.
Осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізуді орынбасарыма, ауылшаруашылық бөліміне, селолық округ әкімдеріне тапсырамын.
Аудан экономикасында осы ауылшаруашылық саласымен бірге шағын және орта бизнес саласы да маңызды орын алады. Бұл саладағы көрсеткіштеріміз төмендеген жоқ. Мысалы, аудандағы шағын бизнес субъектілерінің саны 1608-ге жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда 101,3% болды. Шағын бизнес саласында барлығы 3305 адам жұмыс жасайды. 2014 жылмен салыстырғанда 100,9 пайызға өсіп отыр. Жыл ішінде кәсіпкерлік субъектілерінің шығарған өнім көлемі 4464,7 млн. теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 103,6 % жетті.

Былтырғы жылы аудан кәсіпкерлерін несиелендіру мақсатында қаржыландыру институттары арқылы барлығы 189 кәсіпкерге 997,9 млн.теңге несие берілді.

Шағын және орта бизнес саласында 2015 жылы 132 жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, 170-ке жуық жаңа жұмыс орындары ашылды.
Ауданға 2015 жылы 1944 адам көшіп келген болса, оның 78-і басқа облыстардан көшіп келген. 73 адам көшіп кеткен. Көшіп кеткендердің ішінен 2 адам шет елге кеткен.

Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша ауданда 2 жоба жүзеге асырылды.
Ал осы бағдарламаның мемлекеттік грантын ауданнан ұсынылған 7 жобаның 2-і ұтып алды.

  1. Оның біреуі Қарқаралы қаласында «Жылыжайда құлпынай өсіру» жобасы. Жоба құны 2,8 млн.теңге.
  2. Екіншісі Қарқаралы қаласында «Қоян өсіру» жобасы. Жоба құны 1,5 млн.теңге.

Елбасының Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауындағы: «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы макроөңірлердің инвестициялық бағдарламаларының бір бөлігі болуы тиіс», - деген тапсырмасына сәйкес, осы бағдарлама шеңберінде ауданға инвестиция көздерін тарту мүмкіндіктерін қарастырумыз керек.
Осы орайда кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі қала, кент және селолық округ әкімдерімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасына басқа да жобаларды тарту және оларды іздестіру бойынша екінші деңгейлі банктермен тікелей жұмыс жасауды тапсырамын.
Кәсіпкерлікпен айналысуда туризм саласы бойынша мол мүмкіндіктер бар екені белгілі. Бұл бағыттағы үздік жобаларды жүзеге асыру, инвестиция тартуда бірқатар жұмыстар қолға алынып отыр.
Жалпы ауданға келетін туристерге арналған рекреациялық зоналар мен қала басында орналасқан 24 туристтік нысан бар. Өткен жылы ресми мәлімет бойынша ауданға барлығы 23 876 адам келген,негізінен жыл сайын Қарқаралыға 65 мыңға дейін туристер келеді.
Ұлттық табиғи паркінің аумағында жалға алуға болатын, туризм нысандарын салуға қолайлы жер учаскелерін белгіленген.Оның 15 жер учаскесі қысқа мерзімге жалға тапсырылып, 20 кәсіпкермен келісім шарт жасалды. Бүгінде шағын кемпингтер, демалу, тамақтану орындары ашылып жұмыс істеуде. Сондай-ақ, ұзақ мерзімге берілетін 5 жер учаскесі жалға тапсырылды.
Өздеріңіз де білесіздер, өткен жылдың шілде айынан бастап «Тас бұлақ» демалыс үйінің базасында «Қарқаралы» профилакторийі ашылып, бүгінде жұмыс істер тұр.
Сондай-ақ, жазда мерекелік шаралар мен той өткізу үшін «Нұрсая» рестораны 300 адамға арналған 1 киіз үй мен 6 шағын киіз үйлер құрып, халыққа қызмет көрсетті.
Былтырғы жылы басталған тағы бір жоба «Жолжақсы» демалыс үйі бойынша 60 адамға дейін демалушыларды қабылдай алатын коттедждер құрылысының жұмыстары жүргізілуде.
Ал «Жосалы» демалыс үйінде минералды су шығару жұмыстарықолға алынуда. Судың алғашқы партиясы шығарылды.
Осы туризм саласына байланысты тың жаңалық, жақында ғана «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында туристерді тарту үшін туроператорлармен («Аstана Сity Tur», «Almaty Сity Tur», «Саят TRAVEL») Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи парк арасында бірлескен қызмет туралы келісім шарт жасалды. Бұл дегеніміз Қарқарлыға шет елден де туристердің келу мүмкіндігі арта түседі деген сөз.
Елбасы өзінің 30 қарашадағы Жолдауында: «Салықтық режимді оңтайландыру қажет – тек үш деңгей қалу керек. Олар: жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ аграрлық сектор үшін арнайы салық режимі»,-деген болатын.
Сондықтан, біздің кәсіпкерлер, шаруа қожалық иелері бизнестерінің аясын кеңейтуде, тың жобалармен жұмыс жасауда тек алға ұмтылулары тиіс. Көріп отырсыздар, кәсіпкерлікпен
айналысамын деушілерге, оның ішінде шикізат өндірушілерге барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Бұл мүмкіндіктерді жіберіп алмау керек.
Есепті жыл ішінде инфляциялық процесстерді тежеу жұмыстары жалғастырылды. Бұл жөнінде жұмыс комиссиясы құрылған, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге және халықтың сұранысына бірінші кезекте қажетті тауарлардың бағаларына үнемі бақылау жұмыстарын жасауда. Өткен жылы аудандағы ірі азық-түлік дүкендерімен көтерме бағаға 10 %-дан артық қоспау жөнінде 195 Меморандум жасалды. Бұл міндеттер биылғы жылы да өзекті болып қала бермек, бақылауда болады.
Анықтама үшін: Былтырғы жылы әлеуметтік маңызы бар азық түліктердің қымбаттау фактілері орын алды. Оның ішінде қант, сұйық май, ұн, нан. 1 сұрыпты нан бағасының қымбаттау себебі тамыз айынан бастап әлеуметтік ұнды босату тоқтатылды. 2015 жылы тұрақтандыру қорынан 447,5,5 тонна ұн сұраныс жасалып, алынды. Бүгінгі күнге арзандатылған ұнды босату басталған жоқ. Басқа өнімдер бағасының өсуі өндірушілердің баға көтермелеп қоюларына байланысты болып отыр.


Жыл ішінде атқарылған жұмыстарымыздың нәтижесі аудан халқының әл-ауқатының жақсара түсуіне оң ықпалын тигізіп, ең алдымен қаржы дағдарысына төтеп беруге мүмкіндік жасап, тиімді қаржыландыруға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына ерекше назар аударып, атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде көрсетілетінін атап өтті.

Жалпы әлеуметтік қорғау саласында біз біршама жетістіктерге қол жеткізгенімізді айта аламыз. Аудан бойынша аз қамтылған отбасы саны жыл соңында 26 пайызға азайды (жыл басында 88 отбасы болған жыл соңында 65отбасы болды).
Аудан бойынша 7 селолық округте Абай, Бесоба, Қоянды, М.Мамыраев, Темірші, Угар, Шарықты округтерінде аз қамтылған отбасылар мүлдем жоқ.
Жыл ішінде жұмысқа 881 адам орналастырылды. Ал 2014 жылы 650 адам орналасқан болатын (135%). Былтыр қайта даярлауға 30 адам жіберілсе, 2014 жылы 21 адам жіберілді (142 %). Ақылы қоғамдық жұмысқа 2015 жылы 402 адам тартылса, 2014 жылы 420 адам жолданды (96%).
Өз істерін ашуға және өзін-өзі жұмыспен қамту үшін 15 жұмыссыз азаматтың (2014 жылы да 15 адам) әрқайсысына 79280 теңгеден біржолғы қаржылай көмек берілді. Оның 9-ы мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Аз қамтылған отбасыларды қолдау үшін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 71 отбасына, оның ішінде 248 адамға 13,6 млн. теңге көлемінде тағайындалып төленді, 2014 жылмен салыстырғанда алушылар саны 25,3 пайызға азайды (2014 жылы – 91 отбасы 332 адам болды). 1033 балаға 20,3 млн. теңге мемлекеттік балалар жәрдемақысы төленді. 2014 жылымен салыстырғанда мемлекеттік балалар жәрдемақы алушылар саны 3,1% азайды (2014 жылы -1066 балаға 18,2 млн тенге төленді).
Былтырғы жылы Елбасының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 6 нысан жөндеуден өтіп, 106 адам жұмыспен қамтылды. 41 адам 101,5 млн.тг. несие алды. Кәсіби қайта даярлау оқуына 6 адам жолданды, «Әлеуметтік жұмыс орындарымен» 23 адам қамтылды, «Жастар практикасына» 14 адам жолданды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Жарлы ауылындағы №9 орта мектептің ағымдағы жөндеу жұмыстарын жасауға 10,0 млн. теңге және оқытуға, «Әлеуметтік жұмыс орындарына», «Жастар практикасына» 14 млн.теңгедей қаржы қарастырылып отыр.
Алдымызда тұрған – міндет осы қалыптан төмендемей, әлемдік қаржы дағдарысының салдарынан халықты қорғап қалу болып табылады. Биылғы жылда осы бағыттағы жұмыстарымызды тоқтатпаймыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі қамтамасыз етіледі. Бұл да мұқтаж азаматтарға үлкен көмек болмақ. Осы көмекті аудан бойынша 1836 мүгедек жан, асыраушысынан айырылған 456 адам алады.


Елбасы Жолдауында айтқандай нақты көмек нағыз мұқтаж отбасыларға, мұқтаж жандарға көрсетілуі керек. Сондықтан қала, кент, ауыл әкімдеріне бұл мәселені жан-жақты, жақсылап қарауды тапсырамын.

Сондай-ақ, өз бетінше жұмыспен қамтылған, жұмыссыз және тұрғындардың нысаналы топтарына кіретін азаматтарды жұмыспен қамту шараларына (мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру) белсенді қатыстыруға шаралар қабылдауды тапсырамын.
Мемлекет басшысының қойып отырған талаптарының бірі – мұқтаж отбасыларға, мүгедек азаматтарға мейлінше қолдау көрсетумен қатар, аз қамтылған отбасындағы балаларды, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды және денсаулықтары төмен балаларымызды қамқоршылыққа алып, үнемі қолдап, көмек беріп отыру. Бұл мақсатқа аудандық білім бөлімі арқылы «Жалпыға бірдей білім беру» қорынан 25 млн. теңге қаржы қарастырылып, түрлі көмектер жасалды (ыстық тамақ-14,2 млн.тн., материалдық көмек-310 мың, «Қарқаралы сауықтыру лагері-4,4 млн. тн., мектеп жанындағы лагерьлерде сауықтыру-1,9 млн.тн., мектеп жанындағы интернаттарға кеңсе тауарлар-284 мың 900, Президент шыршасы-3,9 млн.тн.).
Аз қамтылған, көп балалы, қамқоршылық пен қорғаншылықта тұрған 219 балаға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылып отыр.

Сондай-ақ, мектептердің материалдық базасын нығайтуға, жөндеу жұмыстарына өткен жылы да қаржы бөлінді. 2015 жылы мектептердің материалдық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 33 млн. 740 мың теңге қаржы бөлінді. 24 млн. 800 мың теңгеге химия, биология кабинеттері, компьютерлер алынды. Мамандандырылған пән кабинеттерімен (мультимедиялық, физика, химия, биология) қамтамасыз ету көрсеткіші - 48% (2014 жылы-40%).
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Қарағайлы кентіндегі №17 орта мектепке жөндеу жұмыстары жасалды. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға Ақжол, Талды, Қарағайлы елді мекендеріндегі мектептердің шатыры жөнделді. Жалпы 2015 жылы ағымдағы жөндеуге 77 млн. 588 мың теңге бөлінді.
Аудан бойынша 2-4 жас аралығындағы – 1531 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отыр (99,6 пайыз). Соңғы 3 жылда шағын орталықтарда толық күндік (8 сағат) режимде жұмыс жасайтын 19 топ ашылды. Биылғы жылы Сарыобалы, Абыз ауылдарындағы мектептерде толық күндік 2 топ ашу жоспарлануда.


Осы атқарылған жұмыстар өзінің оң нәтижесін де беруде.

Аудан мектептері 2015 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуден 2014 жылмен салыстырғанда жақсы нәтиже көрсетті. 44 мектеп түлегі грант иегерлері атанды.


Алдымызда көптеген мақсаттар мен жоспарлар бар. Ең маңыздысы бұл – биыл да Ұлттық біріңғай тестіден ойдағыдай өтіп, былтырғы межеден артық болып, абырой биігінен көріне білу.

Ауданның білім саласындағы күрделі мәселелердің бірі – мектептегі бала санының азаюы. Кейінгі үш жылда оқушы контингенті азайғандықтан 1 мектеп жабылып, 6 мектеп статусын өзгертті. Әрине бекітілген талапқа сай келмесе, ол мектепті оңтайландыруға мәжбүр боламыз.
Анықтама үшін: Кейінгі үш жылда жалпы аудан бойынша мектептердегі бала саны 417 оқушыға азайған.
Елбасы өзінің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 79-қадамында атап кеткен, білім беру жүйесінде – жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшу мәселесіне, біз ерекше мән беруіміз керек. Аудандық білім бөліміне барлық мектепте ағылшын тілін оқытуды бастауыш сыныптан бастап жүйелі, сапалы түрде өткізілуін қадағалауды тапсырамын.
Бұл жерде білікті қадр мәселесі де үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Сондықтан осы 79 қадамдағы Елбасының тапсырмасына сәйкес, даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыруға жұмыс жасауды тапсырамын.
Анықтама үшін:Жалпы ауданда 2014-2015 оқу жылында 289 педагог біліктіліктерін арттырды. Білім ұйымдары басшыларының біліктіліктерін және кәсіби құзырлықтарын арттыру мақсатында 2014-2015 жылы біліктілікті арттыру курстарынан - 11 басшы (30,5%) өтті. 2015-2016 оқу жылында 234 педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Ал 3-деңгейлі біліктілікті арттыру курстарына 2012-2015 жылдары аудан бойынша 143 мұғалім сертификатталды (1 деңгей – 17, 2 деңгей – 24, 3 деңгей- 102).


Ел Президентінің 30 қарашадағы Жолдауында айтылғандай 2017 жылдан бастап «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды.
Аудан жастарына білікті жұмысшы мамандықты алыстан іздемей ақ, М.Әдекенов атындағы ауылшаруашылық колледжінен, Егіндібұлақ селосындағы агротехникалық колледжінен алып шығуларына толық мүмкіндік бар.
Аудандық білім бөлімі мектеп түлектеріне кәсіптік бағдар беру бойынша, оның ішінде жастарды жұмысшы мамандықтарға биімдеуді осы бастап қолға алу керек.
Дені сау бала – бұл ұлтымыздың басты байлығы. Осы орайда денсаулық сақтау саласы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала бермек.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан жүйелі іс-шаралардың нәтижесінде ауданда тұрғындар денсаулығының оң динамикасы байқалуда. Ана мен бала өмірін сақтау, туберкулез ауруына қарсы күрес шараларынүнемі назарда ұстаудың, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетудің нәтижесінде ана өлімі бойынша өлім көрсеткіші тіркелген жоқ. Балалар өлімі (4 бала) 2014 жылмен салыстырғанда 0,6 пайызға азайды (2014 жылы – 5 нәресте қайтыс болды).
Былтырғы жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» Бағдарламасы аясында Қайнарбұлақ, Қаршығалы, Қырғыз селолық округтерінде отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмыстары басталды. Биыл аяқталады.
Мемлекет басшысының былтырғы жылғы Жолдауындағы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру туралы тапсырмасы бұл мамандықты бұрынғыдан да тартымды етіп, осы салаға жас мамандардың келуін ынталандыруы тиіс. Кейінгі жылдары ауданымызға медицина кадрлары, оның ішінде жас мамандар келіп еңбек етуде. Бірақ, әлі де болса ауданда жоғары білікті дәрігерлер жетіспейді. Бұл да үнемі назарда ұстайтын үлкен мәселе.
Өз денсаулығының жақсы болуына салауатты өмір салтын ұстанудың, спортпен шұғылданудың да тигізер әсері мол екенін әркім біледі деп ойлаймын. Осы орайда, ауданда спорттың бұқаралығын арттыруда, спорт пен дене шынықтыруға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтуіміз керек. 2014 жылы аудан халқының 27,7 пайызы (10962 адам) спортпен шұғылданса, 2015 жылы аудан халқының 30% пайызы яғни 11450 адам спортпен шұғылданады. Оның ішінде оқушылар мен жастардың спортпен шұғылдануларына мүмкіндігінше қолайлы жағдайлар жасалуда. Қарқаралы Мәдени-сауық орталығындағы мәдени шараларды өткізіп келген зал – спорт зал болып, қайтадан жөндеуден өткізілді. Жақында пайдалануға беріледі.
Өткен жылы ауданда жазғы Спартакиада, қазақ күресінен «Қазақстан Барысы», ардагерлер арасында тоғызқұмалақтан Республикалық жарыс, кикбокстан, жеңіл атлетикадан, шаңғы жарысынан, президенттік көпсайыстан, грек – рим күресінен, спорттық бағдарлаудан, шағын футболдан жарыстар өткізілді.
Ауданның мәдениет саласында да біршама жұмыстар атқарылғанын айтуымыз керек. Жыл сайын „Өңірлерді дамыту“ бағдарламасы бойынша клубтардың жөндеу жұмыстарына қажетті қаржы бөлінуде. Аудандық бюджеттен де қаржы қарастырылуда. Өткен жылы жергілікті бюджеттен 6,0 млн.теңге бөлініп, Тегісшілдік ауылындағы клуб үйі ағымдағы жөндеуден өтті.
Мәдени ошақтардың ғимараттарына жөндеу жұмыстарын жүргізумен қатар, кітапханаларға жаңадан кітаптар алуға, газет, журналдарға жазуға қомақты қаржы бөлінуде. Былтыр 2120,0 теңге материалдық базаны нығайтуға, кітапқа 1,0 млн.теңге, 3531,0 теңге мерзімді басылымға жазылуға жұмсалды.
Жыл ішінде ауданымыздың мәдени-рухани өмірінде көптеген ауқымды шаралар, түрлі деңгейдегі байқаулар мен мәдени-спорттық іс-шаралар өтті.
Алдағы тұрған міндет биылғы жылы өткізілетін барлық шараларды (Әлихан Бөкейхановтың – 150 жылдығы, Тоқтар Әубәкіровтың – 70 жылдығы, т.б.) Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізу. Сондықтан қала, кент, ауыл әкімдеріне мәдениет бөлімімен бірлесе отырып, өтетін шараларды өз мәнінде барлық тұрғындардың қатысуымен өткізуді тапсырамын.
Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да біздің үнемі назарымызда болып келеді. Жалпы ауданда 32 елді мекен орталықтандырылған су жүйелерімен қамтылған, су жүйесінің ұзындығы 205 шақырымды құрайды.
Аудан бойынша ірі елді мекендер Бүркітті, Тоқтар ауылдарына ғана су тартылмаған, Бүркітті ауылының су тарту жұмыстарының сметалық құжаттарына түзетулер жасалуда. Сонымен қатар, 20 елді мекенде жер асты су мөлшерін анықтау жұмыстары жүргізіліп, 13 елді мекен бойынша қорытындысы шықты. Қалған 7 ауыл бойынша қорытындысы биыл шығады.
Ауданда құрылыс саласы бойынша да жоспарлы жұмыстар қолға алынуда. 2015 жылы барлығы 8635 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, жоспар 130,7%-ға орындалды. Оның ішінде жеке меншік тұрғын үйлер құрылысы – 6606 шаршы метр, төтенше жағдай кезінде апатты деп танылған үйлердің құрылысы – 2020 шаршы метрді құрайды.
Былтырғы жылы аудандық телекоммуникация торабы арқылы Балқантау елді мекенінде 1000 нөмірге, Айрық елді мекенінде 500 нөмірге СДМА-450 спутниктік станциялары орнатылып, Айнабұлақ, Қаракөл, Қарабұлақ және Айрық ауылының тұрғындары интернет жүйесіне қосылды.
Аудандағы 14 елді мекенде спутниктік станциялары Өсібай, Абай, Қоянды, Жанатоған, Аппаз, Ақжол, Бақты елді мекендерінің әкімшілік ғимараттарына, Жанатоған, Қарағаш, Қоянды елді мекендерінің мектеп ғимараттарына, Өсібай, Абай, Томар, Татан елді мекендеріндегі ветеринарлық станцияларының ғимараттарына орнатылды, 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы спутниктік станцияларын орнату жұмыстары 94 % өсті. Аталған жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табады.
Бүгінгі таңда 62 елді мекеннің 36 елді мекенінде мобильдік байланыс жүйесі жұмыс жасайды. Мүмкіндігіне қарай биыл да шалғай ауылдарды осы байланыспен қамтуға жұмыс жасалатын болады.
Байланыстың тағы бір түрі ол әрине жол қатынасы. Аудан көлеміндегі елді мекендердің үнемі байланыста болып, тынымсыз, толыққанды өмір сүруінде жол қатынастары ерекше роль атқарды.
Аудандық бюджет есебінен аудандық маңызы бар жолдарға, қала, кент, ауыл ішілік автомобиль жолдарында күтім жұмыстарын жүргізуге және су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 59,9 млн.теңге қарастырылып, жоспарланған қаражат толық игерілді (Оның 38,0 млн.теңгесі аудандық маңызы бар автокөлік жолдарына қысқы және жазғы күтім жұмыстарына қаралды. 10,3 млн.теңгеге – қала, кент және селолық округ орталықтарының ішкі көшелерінде қысқы және жазғы күтім жұмыстарын жүргізуге қарастырылды. 10,3 млн.теңгеге – аудандық маңызы бар автокөлік жолдардың су тасқынынан кейінгі бұзылған жерлерге қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 1,3 млн.теңгеге – Егіндібұлақ селосының ішкі көшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді).
Биыл жергілікті бюджет есебінен ауыл ішілік автомобиль жолдарындажәне аудандық маңызы бар жолдардың қысқы және жазғы күтім жұмыстарына 18,9 млн.теңге қарастырылды (Оның ішінде: 16 млн.теңге – 632,4 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдарға; 1,3млн.теңге – Қарқаралы қаласының ішкі жолдарына; 850,0 мың теңге – Қарағайлы кентінің ішкі жолдарына; 850,0 мың теңге – Егіндібұлақ кентінің ішкі жолдарына).
Биыл қар көп түсті, сондықтан қала, кент, ауыл әкімдері, мекеме, кәсіпорын, оқу орындарының басшылары елді мекендердегі су ағарларды, көшелерді, мекеменің айналасын қазірден бастан тазартып қойыңыздар.
Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджет есебінен қаржыландыру үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына аудандық маңызы бар автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім жолданды.
Электр жарығымен елді мекендерді үзіліссіз қамтамасыз ету менің басты назарымдағы мәселенің бірі. Былтыр барлығы 366,04 шақырым құрайтын электр желілерінде және 44 подстанция мен КТП-ларда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 2014 жылғы жұмыс көлемімен салыстырғанда 2015 жылы электр желілерінде жөндеу жұмыстары 117 %, подстанциялар мен КТП-да 102 % өсті. Биылғы жылы да осындай жұмыстар жалғасын табады.
Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласындағы «Елдің тұтынушыларын электр энергиясымен сенімді жабдықтау – электр энергетикасының негізгі міндеті»,-деген тапсырмасына сәйкес, бұл жұмыстар күнделікті бақылауда болады.
Былтырғы көктемгі және күзгі санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Барлығы 3544 гектар аумақ тазартылды, 2000-ға жуық ағаш көшеттері отырғызылды, 28554 тонна күл қоқыс шығарылды. Абаттандыру жұмыстарына аудан бюджеті есебінен 13,0 млн.теңге қарастырылып, игерілді.
Кейінгі жылдары Елбасының бастамасымен қолға алынып, іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың ауылдық жерлерге, жекелеген азаматтарға үлкен қолдау, көмек болып жатқанын баршамыз іс жүзінде көрудеміз.
Оның ішінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында былтыр да ауданда көптеген жұмыстар жасалды. 17 елді мекенде 131 дана көше жарықшамдары, 5 елді мекенде балалар алаңдарын орнату, 3 ауылдық елді мекенде клуб ғимаратын жөндеуден өткізу, 2 елді мекенде су құбыры жүйесін ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары жүргізілді.
Аталған бағдарлама бойынша биыл да осындай жұмыстар жалғасын табады. Биылғы жылға 24 ауылдық елді мекенге 28,8 млн. теңге қарастырып отырмыз.
Анықтама үшін:Бұған 6 елді мекенде кентішілік жолдарды жөндеуден өткізу, 1 ауылдық елді мекенде балаларға арналған ойын алаңын орнату, 11 ауылдық елді мекенде күн сәулесі батареясымен көшелерді жарықтандыру, 1 елді мекенде көшелерді жарықтандыру, 2 елді мекенде су құбыры жүйесін ағымдағы жөндеуден өткізу, 2 ауылдық елді мекенде клуб ғимаратын жөндеуден өткізу, 1 ауылдық елді мекенде мектеп ғимаратын жөндеуден өткізу жоспарлануда.
Бұл жобалардың жүзеге асырылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, азаматтарды, оның ішінде жастарды жұмысқа тұрғызуға, ауданда жұмыссыздықтың деңгейін өсірмеуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Ал «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауданымызға келген 34 жас маман тұрғын үймен, қаржылай көмекпен қамтамасыз етілді. Келген мамандар 3 607 240 теңге көлемінде көтерме ақы алды. Сонымен бірге тұрғын үй сатып алу үшін 8 маманға 20,8 млн. теңге көлемінде бюджеттік кредиттер берілді.
Ауданда жастар саясатын жүзеге асыру аясында жыл ішінде барлық селолық округ жастарын қамтыған көптеген шара өтіп, оған 3 мыңнан аса жас азамат қатысты. Сондай-ақ, өткен жылы «Жасыл Ел» жастардың еңбек жасағына 142 сарбаз қамтылды. Осы еңбек жасағы 2015 жылдың маусым-тамыз айларында Қарқаралы ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Көрікті ауыл – көңілді тұрғын», «Таза өзен», «70 жылдыққа - 70 түп», «Менің атаулы ағашым» атты акцияларына белсене қатысты. Тазалау жұмыстары өзен жағасы мен көше бойларында жүргізіліп, жасыл көшеттер қала басында отырғызылды. Жалпы өткен жылы аудандық «Жасыл Ел» жастардың еңбек жасағы 300-ден аса көшеттер отырғызды.
Біз жастар саясатына үнемі баса көңіл аударуымыз қажет. Түрлі шаралардың ұйытқысы болып жүрген жастарымызды әрдайым қолдауға тиіспіз. Біздің жастарымыздың тәрбиелі, тәртіпті болуына үнемі назар аударып отыруымыз керек, өйткені қоғамдық тәртіпке жастардың әсері мол.
Ал қоғамдық тәртіпті сақтауда, халықтың қауіпсіздігі мен мүліктің сақталуын қамтамасыз етуде ауданда кейінгі жылдары қылмыспен күресу, қылмыстық оқиғалардың алдын алу жұмыстары бір жүйеге келді. Бірақ, тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 219-дан 247-ге өсіп отыр. Осы уақыт ішінде 14 (2014 ж.-12) ауыр және 2 (2014 ж-3) аса ауыр қылмыс тіркелген.
Ұлт жоспарының 30-қадамындағы Елбасының тапсырмасына сәйкес,жергілікті биік органдары мен жергілікті қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылды. Жергілікті полиция қызметінің қарауына қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен ұсақ құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік мәселелері беріліп отыр. Сондықтан біздің ауданның ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне қызмет сапасын одан әрі ширатып, кәсіби біліктілікпен жұмыс жасау керек. Құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жергілікті әкімдіктермен, тұрғындармен бірлесе ұйымдастырса оның тиімділігі арта түспек.
Қоғамдағы тұрақтылық өз кезегінде діни тұрақтылыққа да байланысты.
Ауданда ұлтаралық татулық, діни қарым-қатынас мәселелерін бір сәтте назардан тыс қалдырмай, күнделікті бақылауымызда ұстап келеміз. Жыл ішінде дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-насихат топтары үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға және нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Елімізге танымал теологтар мен дінтанушылар қатысқан осындай кездесулер биыл да ұйымдастырылатын болады.
Әлемдік дағдарыс жағдайында Президентіміздің сенімді тірегі, ұлт көшбастаушысы «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы әр кезде аудан халқымен кездесіп, бірігіп жұмыс жасауда. Партия қатарына қабылданушылар саны да артып келеді.
Аудандық мәслихаттың депутаттық корпусы да Елбасының Жолдауынан туындайтын міндеттерді халыққа жеткізіп, оны насихаттауды дұрыс ұйымдастыра білуде.
Елбасының Ұлт жоспарының 9-қадамындағы мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру тапсырмасына сәйкес,былтырғы жылы аудан бойынша 75 мемлекеттік қызметкер біліктілік арттыру және қайта даярлау курстарынан өтті. Биыл да осы жұмыстарды жоспарлы түрде жалғастыруымыз керек.
Аудан көлеміндегі әлеуметтік ахуалдың көрсеткіші – ол елдің сұраныс, өтініштері мен талап-тілектері. Тұрғындардың өтініштері де ерекше бақылауға алынып, мүмкіндігіне қарай заң аясында шешілуіне жұмыс жасалынады. Өткен жылы аудан, қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің аппараттарына және бөлімдерге жеке тұлғалардан 1297 өтініш түсті, түскен өтініштер саны 2014 жылмен салыстырғанда 145 өтінішке азайған (2014 жылы – 1442 өтініш түскен болатын). Ал заңды тұлғалардан 47 өтініш тіркеліп, қаралды. Жеке тұлғалардан түскен 1297 өтініштің 634-і қанағаттандырылса, 659 өтініш бойынша түсіндірілді, 1 өтініш заңнамаларға сәйкес қаралуы тоқтатылды. Ал заңды тұлғалардан түскен 47 өтініштің 11-і қанағаттандырылса, 36 өтініш бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес түсіндірілді. Жалпы алғанда біздің басты мақсатымыз әрбір өтінішке, хатқа, арызға мұқият қарап, шешілу жолдарын қарастырып, халыққа ауыртпалық түсірмеу.
Былтыр аудан бойынша 77967 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілді. Оның мемлекеттік органдарда көрсетілгендері 74108 қызмет, ал халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 3505. Жалпы өткен жыл ішінде аудан бойынша мемлекеттік қызмет көрсету талаптарын бұзу фактілері орын алған жоқ.
Өткен жылы өткізілген есепті кездесулерде 17 тапсырма бақылауға қойылып, оның бүгінгі күні 14 тапсырмасы орындалды. 3 тапсырма бойынша (қала басында дене шынықтыру сауықтыру кешенін салуға, Жарлы-Қарқаралы топтық су ауыз су жүйесіне және тұрғын үйлер салуға қаражат бөлдіру) жұмыстар жүргізілуде.
Ауданның проблемалық мәселелері, кешенді бағдарламалары мен жоспарлы шаралары аудан әкімдігінде талқыланып, тиісті қаулылар қабылданып, орындалысы бақылауға қойылып отыратынын білесіздер.
Қаралған мәселелер бойынша қабылданған шешімдер мен қаулылардың орындалысына бақылау жасау жұмысы біршама деңгейде атқарылып келеді. Ал бұл жұмыстарымыздың бәрі аудан экономикасын дамытуға оң ықпал етті. Ауданның 2011-2015 жылдарға арналған даму бағдарламасының негізгі индикаторлары орындалды. Ендігі жоспарымыз 2016-2020 жылдарға арналған ауданның даму бағдарламасының көрсеткіштерін Елбасының тапсырмалары негізінде жүзеге асыру.
Міне, ауданның өткен жылдағы тыныс-тіршілігі жайындағы аудан басшысы ретінде менің есебім осындай.
Алдымызда тұрған осы міндеттер жылдағыдан ауқымды болғанымен қоймай, жаңа сапалық деңгейде болғалы отыр. Әлемді жайлаған қаржы дағдарысынан елімізді жүдетпей алып шығып, жаңа сапалы деңгейге көтерілу үшін серпіліс жасауымыз керек.
Ел экономикасының өркендеуі мен халықтың әлеуеттенуі түрткі болып отырған маңызды алғышарттардың бірі бұл Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары, қабылдаған ауқымды бағдарламалары. Ал Елбасының «Ұлт жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты тағы бір арнауы – біздің бүгінгі қоғамдағы сан-саланы қамтыған, түбегейлі бір жүйеге бағытталған, әр сала нақты бөлімдермен екшеленген, 100 нақты қадамда қамтылған, 5 институттық реформаны жүзеге асыратын - Ұлт жоспарының іс жүзінде орындалуына кепіл болатын үлкен қадам.
Осы үндеуді негізге ала отырып, біз алға жылжи береміз. Біздің атқарар жұмыстарымызға жауапкершілікпен қарауымызға, әр ісіміздің салмақты болуына қазақстандық әрбір тұрғын өз үлестерін қосатындығына кәміл сенеміз.
Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 30 қарашадағы Жолдауында: «Бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» деген қағиданы берік ұстануымыз керек екенін қадап айтқанын білесіздер. Сондықтан жауапты сәтте, мынадай жаһандық дағдарыс кезінде бірлігіміз бұрынғыдан бетер жарасып, еліміздің игілігі үшін ерінбей тер төгуіміз керек.
Береке-бірлігі жарасқан ел екенімізді алдымызда болатын Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында да көрсетеміз деп сенемін.

Құрметті жерлестер!
Елбасының қойған міндеттерін орындау мақсатында Сіздермен бірге, одан әрі аянбай жұмыс жасаймын және соған ат салысуға барлығыңызды шақырамын!
Рахмет!

Дата cоздания: 20 Маусым 2016 10:47
Ақпараттың соңғы өзгерісі: 20 Маусым 2016 10:48
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2018 жылғы 5 қазан
Қазақстан республикасы президентінің ресми сайты
Қазақстан 2050 Мәңгілік ел
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Сайт картасы